Тозығы жеткен үй тұрғындарды толғандырады
Тозығы жеткен үй тұрғындарды толғандырады
782
оқылды
Қызылордада көпқабатты тұрғын үйге қатысты мәселе қордаланып тұр. Жазы-қысы өздері тұрып жатқан пәтерге қатысты түйткілдерді тізбектеп айтатын халықтың қарасы азаяр емес. Әсіресе ауызсуға қатысты мәселелерге қоса жылу, жарық, жол, ойын алаңдарына қатысты жағдайлар қылтиып көрінеді. Тұрып жатқан үйлерінің жағдайы сын көтермей тұрғанын айтқан қаладағы «Ақмешіт» шағынауданы тұрғындарының жанайқайы да осыған саяды. «Ақмешіт» шағынауданындағы 21-үй тұрғындарының сөзінше, тұрып жатқан үйлеріне көп жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмей, жүдеу тартып тұр. Бүгінде қабырғалары сыз тартқан үйдің өжіресі суға, қоқысқа толған.
«Өжіре ғана емес, одан шыққан күлімсі иіс үйдің ішін алып кетті. Әсіресе, жаз мезгілінде сасық иістен тұншығамыз. Терезені ашып қойсақ, даладан иіс кіреді.  Ал жауып қойсақ,  тынысымыз тарылып, демалу мүмкін емес. Тіпті не істерімізді білмейміз. Балаларымыздың да денсау­лығына зиян. Таза ауаға мұқтажбыз», – деп мұңын шақты аталмыш үй тұрғыны, зейнеткер Ғайни Досымова.
Өжіресі суға толған үйдің тұрғындары маса қаптап мазалары қашып отырғанын да жеткізді.
«Өжіреден шыққан күлімсі иіс еден арқылы бөлмені алып кетеді. Оған қоса, масаның шектен тыс көбеюі мамыражай тұрмыс кешуімізге тіпті мүмкіндік қалдырмай тұр. Осы үйге алғаш көшіп келген жылдары есік алдында орындықтар болатын. Бәрі тозып кетті. Өз күшімізбен есік алдына орындық жасап қойдық. Алаңқайда екі спорт алаңымыз да болған. Олар да бізге белгісіз себептермен бұзылды. Енді жалғыз ойын алаңы бар. Оның өзі біздің аулаға тиесілі емес. Құзырлы орындарға осы мәселе жайында қанша айтқанымызбен еш қайран болған емес. Бұған дейін КСК-ға ай сайын ақша төлеп келдік. Бірақ ол мекеме ешқандай мәселемізді шешпеді. Тіпті, үйдің жағдайын көруге ешбірі ат ізін де салмайды», – деп ашынды сол үйдің тағы бір тұрғыны Аманкүл Абсадирова.
тозған құбыр Жалпы, бұл үйдің іргесі 1986 жылы қаланған. Содан 2011 жылы құзырлы мекеме тарапынан тұрғын үй модер­низациядан өткізіліпті. Алайда жөндеу жұмыстарының салғырт жасалғандығынан көп ұзамай қайта ақау шыққан.
«Биыл бұл үйдің модернизациядан өткеніне де 11 жыл болды. Сол кезде тұр­ғын­­дар бірігіп, бірауыздан модернизация жасаттық. Оның ақшасын әлі күнге төлеп жатқан отбасылар бар. Алайда жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін көп ұзамай олқылықтар байқалды. Жөндеу жұмыстарының сапасыз жүргізілгенінің куәсі болдық. Есік алдына орнатылған қоңырау құрылғысы бір жылдан кейін істен шықты. Енді оны қайта қалпына келтіру үшін қыруар қаржы сұрап отыр. Ал бұзылып кеткен спорт алаңдарының орны бүгінде көлік тұрағына айналып кетті. Балаларымыз ойнау үшін көрші ауладағы ойын алаңына баруға мәжбүр. Өз ауламызда спорт алаңының бүгін-ертең салынатын түрі көрінбейді. Көр­кейту мәселесі де көңілді күпті етіп тұр. Ауызсу мәселесі шешімін таппағандықтан тал егіп, айналаны жасыл желекке айнал­дыру мүмкін болмай отыр. Айта берсек, мәселе шаш-етектен. Осыған құзырлы орындар назар аударса екен», – деп атал­мыш үй тұрғыны Гүлжаухар Кенже­гаринова да назын білдірді.
Жалпы, сапасы сыр берген тұрғын үйде тұрып жатқан халықтың жағдайы мүшкіл тартып тұр. Түні бойына масаға талан­са, күні бойына сасық иіспен ты­ныс­тауға мәжбүр. Өжіренің суға толуынан қабырғалары көгеріп, сұрықсыз күйге түскен. Әсіресе осындай келеңсіздіктер салдарынан балаларының денсаулығына алаңдайды. Сондықтан да тұрғылықты халық жауапты мамандар үйдің қазіргі жайын өз көзімен көріп, қайта жөндеуден өткізсе деген талап-тілегін жеткізіп отыр. Бұл мәселеге құзырлы орындар бейжай қарамай, үн қосады деп үміттенеміз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы