Бүгін Қордай ауданында 6 ауылдың ақсақалдары бас қосып, мәмілеге келді.
Енді жергілікті қариялар мен ауданның беделді азаматтары тәлім-тәрбие, түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуге атсалысады. Осы үшін «Қоғамдық келісім» кеңесі құрылды.
"Жағдай тұрақты. Төтенше жағдай зардаптарын жою бағытындағы жұмыстар жүріп жатыр. Жолдар мен бүлінген нысандардың айналасы тазартылуда. Ал жаңа ғана ауыл ақсақалдары дөңгелек үстел басына жиналып, кеңес өткізді", - деп хабарлады тілші Руслан Бақытбекұлы.
Олар дастархан басында пікір, ұсыныстарын білдіріп, тұрғындарды ауызбіршілікке шақырды. Бұдан кейін ауданның қариялары кез келген мәселені дер кезінде көтеріп, ортақ бір шешімге келудің маңыздылығын айтып, идеологиялық жұмыстарды бірлесіп істеуге уағдаласты.«Қоғамдық келісім» кеңестің құрамына ақсақалдардан бөлек, ауданның беделді, белсенді азаматтары да кіреді.
"Дұңған, қазақ, орыс, татар деп бөлуге болмайды. Бәріміз бір шаңырақтың астында отырмыз. Осы жердің дәмін, суын татып, ішіп отырғаннан кейін осы жердің сөзін сөйлеуіміз керек бәріміз де! Ешкім басқа ештеңе айтып жатқан жоқ бөтен. Бірлік болса, тірлік болады", - деді Қаракемер ауылының ақсақалы Ноғай Жайықбаев.
Жалпы бір ғана Масанчи ауылдық округінде 18 мыңнан астам халық тұрады. Бүгін осы елді мекендегі жанжал кезінде зақымданған нысандардың айналасы тазартылып, 100 тоннадан астам күл-қоқыс сыртқа шығарылды.
Жұрт үйлеріне оралып, күнделікті тіршілігін істеп жүр. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін жылжымалы халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп тұр. Бүгінгі күнге дейін ондаған адам мен бала-шағаның құжаттары рәсімделіп, қайта қалыпқа келтірілген. Мобильді халыққа қызмет көрсету орталығында мамандар таңғы сағат 9-дан кешкі 19:00-ге дейін қызмет көрсетіп жатыр.