Сарапшылар Каспийдің қатты таяздануына байланысты дабыл қағып жатыр. Теңізде қаптаған қайраңдар пайда болып, кемелердің жүзуі қиындаған. Ал Каспий – Қазақстанға санкциялар салдарынан әлемнен оқшауланған Ресейді айналып өтуге мүмкіндік беретін жалғыз әрі бірегей тасымал жолы. Жағалаудағы елдер оның экологиясын жақсартуға баса мән бергені абзал. Жалпы, кәрі Каспий Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін бе?Жағалаудағы ел неге шөлдеді?
Ақпарат құралдары Ақтаудың судан тарығуы Каспийдің құрғай бастауымен байланысты деген қауесеттің елді дүрліктіріп отырғанын хабарлады. Бұл қауесет жергілікті басылымның бірінде жарияланып, халық арасына лезде тарапты. Облыс орталығының кейбір аудандарын су тасығыш машиналар аралап жүр, бірақ тұрғындар ол судың бәріне жетпейтініне назалы. Адамдар кезекке тұрып, судың әр литрін 20 теңгеден сатып алуға мәжбүр.
Қала билігі су тапшылығына Каспийдің саяздана бастауының қатысы жоқтығына сендіреді. Ақтаудың өзінде тұщы су көздері жоқ. Облыс орталығы, бірқатар іргелес елді мекен Каспийдің тұзды суын тұщытып ішеді. Атап айтқанда, өзге шағын тұщыландыру зауыттарын қоспағанда, негізінен «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС теңіз суын тұщыландырып, халық пен бизнеске жеткізеді. Бір жыл ішінде «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» Каспийден 1 миллиард 286 миллион текше метр теңіз суын алған. Одан 218,196 миллион текше метр ауызсу жасалыпты.
«Судың жетіспеушілігі Каспийдің таяздануымен тікелей байланысты емес. Теңізден су алуда қиындық жоқ. Бірақ ЦУВС-4 нысанында орналасқан су сақтау резервуарларына қатысты мәселелер болды: олардағы су қоры таусылып, ауызсуды беруде үзілістер туындады. Қазір проблема жойылуда. Алда жағдай тұрақтанып, су үздіксіз жіберіле бастайды», – деп түсіндірді Маңғыстау облысы Энергетика және ТКШ басқармасы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаев.
Жергілікті билік Ақтауда тағы бір су тұщыту қондырғысын салуға бағытталған жоспарды әзірледі. Ол тәулігіне 24 мың текше метр ауыз су жасай алады. Осы ауқым жұртшылықтың таза суға деген зәрулігін өтеуі тиіс. Жобаны жүзеге асыруға 2 жыл бөлінген.
Каспийге барлық бес ел ішінде Қазақстан көбірек мұқтаж. Каспий – Қазақстандағы ең алып су қоймасы саналады, одан ірісі бізде жоқ. Бүгінде теңіз айдынының жалпы алаңы шамамен 390 мың шаршы шақырымға жуық. Ең үлкен тереңдігі – 1 025 метр. Бірақ бұл сандар таяу арада түбегейлі өзгеріп кетуі ықтимал.
Каспий ресурсын ұтымды пайдаланған жөн
Каспий жағалауындағы 5 ел теңіздің қара алтыны мен көгілдір отынын өндіруді арттыру үстінде. Бұл ретте сарапшылар Каспий түбінен шығарылған мол ресурс босқа рәсуа болмағаны дұрыс екенін қаперге салады. Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қазақстан теңіз астынан алынған газды алауларда босқа өртеуді еселеп азайтты: он жыл бұрын, 2012 жылы 4 миллиард текше метрін жақса, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,45 млрд текше метрді құрады. Салыстырсақ, көрші Ресейдің алауларда өртейтін газы алапат: бір жылда 88 миллиард текше метр. Бірақ ол да азайтуға тырысуда: 2018 жылы – 148 млрд текше метр көгілдір отынды солай босқа ысырап еткен екен. Болашақта текке өртелетін газ мейлінше азайтылады деген үміт бар.
Экологтар шетелдік инвесторлар теңіз түбін тереңдету туралы бастама көтергенін еске салып, сын-ескертпелерін айтты. North Caspian Operating Company N.V (NCOC) компаниясы аймақта теңдесі жоқ су қоймасының түбінде әрқайсысы 56 шақырым болатын 2 арнаны қазуға ниетті. Себебі осы ішкі теңіздің саяз бола түсуі жүк тасымалын арттыру әлеуетін шектейді, су көлігі қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді. Жоба 2 кеме жүзетін канал жасауды қарастырады. NCOC тұжырымдауынша, Қашаған кен орны жанынан, су түбінде ені 80-нен 115 метрге дейін баратын, ұзындығы 56 шақырымдық таспа-тілік қазылуы керек. Осы мақсатта теңіз түбінен 18 миллион текше метр топырақ сыртқа шығарылмақ. Сарапшылар жобаны жүзеге асыру кезінде мемлекет қоршаған ортаға зиян келтірмеу мәселесіне мән бергені жөн дейді.
Теңіз неге тарылды?
Каспий суының деңгейі шынымен құлдырап барады. АҚШ ғалымдарының – Америка геофизика қоғамының дерегінше, 1996 жылдан бастап, жыл сайын Каспий деңгейі шамамен 7 сантиметрге төмендеп барады. Олар бұл теңіздің таяздануы жалғасады деген тоқтамға келді. Оның соңы апатқа ұласуы кәдік. Nature Communications Earth&Environment журналында 2020 жылы Каспийдің болашағына арналған сараптама жарияланды: теңіз бассейнінің жалпы ауданы 23-34%-ға қысқарады делінген. Салыстырсақ, Арал суы үштен екісінен астамға құрғады.
Каспий ғылыми орталығының басшысы Чингиз Исмаиловтың айтуынша, теңіз суы деңгейінің төмендеуіне биологиялық, климаттық факторлар да ықпал етуде. Бірінші кезекте, әлемде температураның көтерілуі салдарынан жауын-шашын азайып кетті. Жауған жаңбыр, түскен қардың үлкен бөлігі буға айналады. Каспийдің таяздануына Еділ өзеніндегі теріс процестер ықпал етеді: одан теңізге құйылатын су көлемі күрт азайды. Оған себеп – Солтүстік жартышардың жаппай жылынуы, қуаңшылық. Сондай-ақ Ресей аумағында өзен бойына көп бөгендер тұрғызылған.
Ғаламтор Каспийдің қазақстандық секторының қандай алапат қарқынмен тарылып бара жатқанын паш ететін түрлі видеоға толы: айдын ортасындағы қайраңдар мен шағын аралдар, түбі жалаңаштанған теңіз, бұрынғы жағалауынан көп кері шегінген су... Бұл кадрлерден оның Каспий екенін тану қиын. Бұрын кемелер жүзген кей жерден енді резеңке етікпен кешіп өтуге болатын көрінеді. Бұрын балықшылар нәпақасын тапқан жерлерде мүлдем балық кездеспейді.
Экология министрлігінің түсіндіруінше, бейнежазбаларда негізінен Каспийдің солтүстік-шығысы сипатталған: оларда бұрындары да су саяз болатын. Қазір тіпті суы қашты. Алып мұхит-теңіздермен араластығы жоқ Каспий теңізі жауын-шашын және өзіне құятын өзендер есебінен ғана толығады. Өз санатында әлемдегі ең ірі су қоймасы саналатын Каспийдің айнадай жарқыраған айдыны кең, тиісінше, суы да көп көлемде буланып, ұшады. Бұл ретте бүгінде оның акваториясына жауын аз жауады. Ең қуатты, нөсер жауындар оңтүстік-шығыс бөлігінде жүреді. Алайда ол жағында да жылына 100-200 миллиметрден аспайды. Сондықтан теңіз суының 80 пайызын өзендер қамтамасыз етеді: әр жылдары Каспийге 200-ден 400-ге дейінгі көлемде өзен суы қосылады. Оның ішіндегі басты асыраушысы – Еділ (Волга). Ол болса, су тапшы кезеңге кірді. Бірақ Еділ суының бұлайша азаюы тарихта бұрындары да болған. Сонда Каспий осылайша құлдырамапты. Ендеше қазіргі ауыр жағдайға не себеп? Ресей ғылым академиясының П.Ширшов атындағы Мұхитология институтының бас ғылыми қызметкері, физика-математика ғылымдарының докторы Андрей Костянойдың түсіндіруінше, бар мәселе соңғы онжылдықтарда теңіздегі судың булану көлемінің тосыннан еселеп артуында көрінеді.
«Жел бағыты өзгеріпті. Бұрын жел батыстан шығысқа қарай соғатын, әрі ол жеткілікті түрде ылғалды болып келетін. Осының арқасында теңіз суы аса көп буланбайтын. Ал 90-шы жылдардың ортасынан жел негізінен шығыстан соға бастады, бұл – шөл дала аймағы. Осы өте құрғақ, қапырық жел теңіз суын өз бойына көбірек сіңіреді», – дейді ғалым.
Ғалымдар Каспий теңізінің күрт таяздануы тарихта бұрындары болғанын алға тартады. Одан кейін кәрі Каспий қайта қуат жиып, тез толу кезеңіне аяқ басып отырған. Оның не сыр-сиқыры барын мамандар әлі күнге анықтай алмады. Эколог-ғалым Елена Картамышева басқа апаттың төнгеніне назар аудартты: «Теңіз экологиялық апат алдында тұр. Ол мұнаймен, ауыр металдармен қатты ластанған. Әсіресе Әзербайжан жағалауында су жануарлары қалмай барады. Теңізде биологиялық әралуандылық күрт кеміді. Мұнай және газ өндірісі теңіздің суына, түбіне және жағалауына кері әсерін тигізіп жатыр: ауаны, айналасын ластайды, кейбір ұңғылардан сыртқа мұнай аға бастады. Әрқашан Каспийдегі экожүйенің саламаттылығының көрсеткіші саналған итбалықтар саны 100 жыл ішінде 90%-ға кеміп, құру қарсаңында тұр», – дейді эколог.
Каспий тағдыры мемлекетті де алаңдатады. Президент Қ.Тоқаев 29 маусымда өткен VI Каспий саммитінде бұл теңіздің экожүйесін сақтау – 5 ел ықпалдастығының басты бағыттарының бірі деп белгіледі. Каспий жағалауының экономикалық дамуы да, миллиондаған тұрғындардың әл-ауқаты да оның табиғи ортасын сақтау міндетімен тығыз байланысты.
Қасым-Жомарт Кемелұлының тұжырымдауынша, жер қойнауын белсенді пайдалану және ресурстарды тасымалдау аймақ экологиясына қатер төндіруде. Бұдан бөлек, жаһандық жылыну және климаттың өзгеруі су ресурстарына қауіп төндірді. Каспийді қоректендіретін Жайық өзенінің жағдайы сын көтермейтіні осыған дәлел. Өзен суы деңгейінің күрт төмендеуі, биоресурстардың азаюы және жағалаудағы өсімдіктердің деградацияға ұшырауы, сондай-ақ антропогендік ортаның ластануы байқалып отыр. Нәтижесінде, соңғы жылдары өзеннің орташа жылдық ағысы 3 есе азайды. Бұл уылдырық шашатын жайылма орындардың жағдайына және Каспий теңізінің бірегей балық ресурстарына кері әсер етуде. Сондықтан Қазақстан Президенті ортақ су артериясында экологиялық апатты болдырмау үшін бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Қалай болғанда да, миллиондаған жылдың куәсі – қарт Каспий мен оның перзенттерін сақтап, келер ұрпақтарға табыстау – парыз.