Көктемдегі көк бүгінде жоқ
Көктемдегі көк бүгінде жоқ
494
оқылды
Қарағанды қаласында гүлдендіру үшін түрлі жұмыс атқарылуда. Дегенмен көктемдегі абаттандыру кешігіп жататыны да рас. Бұл тендерге байланысты болса керек. Сонымен қатар еккен тал да қуарып жатыр... Гүл уақытында егілмеді Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қазыбек би атындағы ауданды абаттандырумен айналысатын мердігер компанияға көңілі толмайтынын жеткізді. Өйт­кені бұл жұмысты жүргізіп жатқан Қарағанды  «Жан дос» мүгедектер қоғамы  абаттандыру жұмыстары­ның сапасын мұқият қадағалай­тынын бұған дейін мәлімдесе де, нақты нәтиже жоқ. Содан болар, қаланың қазіргі абаттандыруына қала әкімдігі де, жергілікті тұрғын­дардың да көңілі толмай отыр. Бөлекпаев  ауданның қазіргі абаттандыру жұмыстары бойынша Қазыбек би атындағы аудан әкімі мен оның абаттандыру мәселелері жөніндегі орынбасарына сөгіс жа­рия­лап, тұрғындардың осы мәселе­ге қатысты арыз-шағымының бар­лығы әділетті екенін айтады.
«Қазыбек би ауданын абат­тан­дыруға байланысты тұрғындардың айтқан арыз-шағымы әділетті. Бір­неше рет Қазыбек би ауданының әкімі Эльдар Дүйсетаев пен осы салаға жетекшілік ететін орын­басары Мақсұт Қожановқа гүл егуді жедел­детіп, тиісті күтім жасауды тапсыр­дым. Алайда олардың тікелей мін­дет­темесіне қарамастан, тапсырма орын­далмады. Біржыл­дық және көпжылдық гүлдер толығымен отырғызылмаған, күтім жасалмаған. Ауданды күтіп ұстау, оның ішінде абат­тандыру жұмыс­тары аудан әкімі­нің тікелей құзы­рында. Сон­дықтан өз міндеттерін орындамағаны  үшін аудан әкімі мен оның орын­басарына сөгіс жарияладым. Соны­мен қатар гүлді кеш жеткізгені үшін мердігер – директор Дархан Телемі­сов өкілдік ететін «Жан дос» мүге­дек­тер қо­ғамдық бірлестігін де жаза­лаймыз. Мұндай «қызметтерге» ақы төлен­бейді», – деді Ермағанбет Бөлек­паев.
Қала әкімі сонымен қатар қол­даныстағы мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың мүгедектер ұйым­­дарына белгілі бір артық­шылық­­тар беретінін, бұл абаттан­дыруға да қатысты екенін айтты. Қарағандылық «Жан дос» мүге­дектер қоғамы өз қорғауында ны­сан­дарға кіре отырып, ең алдымен суаруды ұйымдастыру сияқты тех­ника­лық мәселелерді шешуге кіріс­кенін, топырақты зерттеп, содан кейін ғана жұмыс істей бастағанын айтты. Тал да жатыр қуарып Қарағандыда қыруар қаржы бө­лініп, қаланың әр жеріне егілген көшеттер қурап қалды. Бүршік жармай, бүрісіп қалған ағашты көр­ген тұрғындар наразы болып жа­тыр. Тал-терекке не болды, оны сақ­тап қалуға бола ма? Қарағанды орта­­лығындағы мына жас талшық­тар қазір қаланың көркін кетіріп тұр. Себебі көшеттер жапырақ жайып, жай­қалмақ түгілі екпей жатып, қу­рап қалды. Айта кету керек, Қарағанды қала­сы бойынша егілуі тиіс 1 500-ге жуық жасыл желек вокзал маңын­дағы аллеяға отырғызылған екен. Ал талдар  қураған, морт сынып жатыр. Бұл қаланың оңтүстік–шығыс ауданында көгалдандыру   жұмысы ауқымды  жүргізілген болатын. Атап айтқанда, 1 200-ден астам терек, 120-ға жуық шырша мен тағы сонша қарағай сап түзеп тұруы тиіс еді. Алайда олай болмады. Билік те, халық та таң. Мадияр Жағалбайлы, Қазыбек би ауданы әкімдігі абаттандыру бөлімінің басшысы:
«Тексеру барысында 100-ден астам бүршік атпаған ағашты анықтадық. Оны біз әлі де бақы­лауда ұстаймыз. Айдың соңына қарай бүршік атпаса, оларды басқасына ауыстырамыз.  Көшетті алмастыру көгалдандыру жұмыс­тарын жүргізу бойынша тендерді  ұтқан мердігер есебінен жүр­гізіледі», – дейді.
Айтпақшы, дәл осы мердігер­лердің қаржыны қалтаға басып, көгалдандыру жұмыстарын қалай болса солай, салғырт жүргізетініне экологтер да наразы.
Дмитрий Калмыков, «Эко­музей» ҚБ директоры: «Өкінішке қарай, бізге егілген ағаштың нәтижесі емес, әйтеуір егіліпті деген сөз болса болды. Себебі жыл сайын егіледі де, бірер жыл өтпей жатып, солып қалады. Қаладағы тал-теректің барлығы әкімдікке тиесілі, бірақ оған ешкім қарамай­ды. Жауапкер­шілік жоқ, соның салдарын біз көріп отырмыз. Егер қарапайым адамдар белсенді болып жанашырлық танытпаса, бұл жұ­мыстар осылай жалғаса береді» деген жанайқайын жеткізді.
Атап өткен жөн, биыл қаланың 5 учаскесінде 1 500-ге жуық түрлі жасыл-желек егуге бағытталған тендерді бір ғана мердігер ұтып алған. Қаржының жалпы сомасы 44 миллион теңгеден асады. Иә, бұл Қарағанды қаласындағы ғана жағдай. Айта берсек, облыс­тағы біршама қала мен аудандарды да қосуға болады. Миллиондаған қаржы бөлініп егілген гүл мен тал қуарып жатса, оның кімге керегі бар? Мүмкін, жасанды гүл мен тал отырғызармыз...

Қарағанды облысы