Коронавирус жұқтырды деген жарқанатқа Индонезияда сұраныс жоғары
Коронавирус жұқтырды деген жарқанатқа Индонезияда сұраныс жоғары
© 24.kz
476
оқылды
Әлемде коронавирустан көз жұмғандардың саны 1018 адамға жетті. Тағы 40 554 азамат осы дертті жұқтырған. Қазір Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бір топ маманы Қытайда жүр. Химиялық костюм киген жүргізушілер тұрғын үй кешенінен адамдарды эвакуациялауда. Құдды бір фильмдегі эпизодқа ұқсас. Бұл Гонконгта бүгін болған көрініс. Жергілікті тұрғын үй кешенінде коронавирусқа 2 адамның шалдыққаны анықталды. Вирус 10-қабаттағы ер адамнан 3-қабаттың тұрғынына жұққан. Ғимараттан 100-ден астам адам арнайы орынға эвакуацияланып, тексеріс басталды. Мамандар ауру кәріз және желдеткіш жүйесі арқылы таралуы мүмкін деп отыр. Жалпы тұрғын үйде мыңнан астам адам бар.
"Бізде дерттің таралуына тосқауыл қоятын механизм бар. Егер вирус тұрғын үй кешенінің іші мен айналасында анықталатын болса, қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Осы оқиғаны жіті тексеріп, мұндай жағдайдың қайталанбауына күш салуымыз қажет", - деді Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Лам.
Иокогама портында карантинде тұрған Даймонд принцесс лайнерінен алдымен егде жастағы жолаушылар эвакуацияланатын болды. Өйткені бұл адамдардың иммунитеті әлсіз болғандықтан, қауіпті кеселді тез жұқтырып алуы мүмкін. Бүгінде 3700 жолаушысы мен экипаж мүшесі бар лайнерде 130 науқас анықталған. Ал Индонезияның Манадо қаласында мейрамханалардың жұмысы қызып тұр. Коронавирусқа қатысты ақпарларға қарамастан, жергілікті деликатес – жарғанатқа деген сұраныс жоғары. БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, қауіпті кеселдің тарауы Хубэй елді мекеніндегі теңіз өнімдері базарынан шыққан. Осы жарғанат, жылан және панголин жабайы жануарлары өршіген вирусты тасымалдаушы болуы әбден мүмкін.
"Коронавирусты тасымалдаушы жарғанат деп бүкіл әлем жар салып жүр. Бірақ Манадода бұл туралы мүлдем естімедік. Көптеген адам әлі күнге жергілікті деликатесті жеп жүр. Себебі жарғанатты какос сүтінде дайындаса, дәмі тіл үйіреді", - деді жергілікті тұрғын Джэфри Мантак.
Какос сүтінде бұқтырылып, түрлі дәмдеуіш қосылатын жарғанат тағамын жергілікті тұрғындар «паники» деп атайды. Индонезияның кейбір өңірінде бұл жабайы жануардың етін демікпеден емдеп жазатын дәрі ретінде қолданады. Жалпы соңғы деректер бойынша вирус Қытайдан бөлек 28 шет елде анықталған. Ал Индонезияда әлі коронавирусқа шалдыққан науқас жоқ.