Қауіпті індеттен қорғану – міндет
Қауіпті індеттен қорғану – міндет
240
оқылды
Беті жаман індет жайлаған Қытайдан қазақстан­дық­тарды эвакуациялау аяқталуға жақын. Біраз отандас сонда қалуға шешім қабылдапты. Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отыры­сында коронавирустың таралуына жол бермеу ша­ра­лары қаралды. Үкімет бұл қауіпті дерт қазақ еліне келген жоқ дейді. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Қазақстанда Қытай кеселін жұқтыру оқиғасы тіркелмегенін мәлімдеді. – Елімізде ЖРВИ симптом­дары және жоғары температура­сы бар 134 адам ауруханаға жат­қызылды, оның 106-ы сауығып шықты. 28-і әзірге стационарда емделуде. Науқастардың жағ­да­йы қанағаттанарлық. Меди­ци­на­­лық ұйымдар Қытайдан келген азаматтардың денсау­лы­ғын тұр­ғылықты жері бойынша мони­торингілеу жұмысын жал­ғас­ты­руда: онымен 24 167 адам қам­тыл­ды, оның ішінде 1 298-і – ше­т­ел азаматтары, – деді министр. Бүгінде ҚХР аумағында 497 Қазақстан азаматы тұрып жатыр. Оның 337-і – студент. 11 ақпанда 217 азаматымыз Air Astana әуе­компаниясының чартерлік ұша­ғымен Бейжіңнен Нұр-Сұл­тан­ға жеткізілді. Осы жылдың 12 ақпанында Шың елінен тағы 155 азаматымызды осындай рейс­пен алып кету жоспарланған. Азаматтарды елге эвакуация­лау­дың осы шаралары аяқталғаннан кейін ҚХР аумағында елге ора­лу­дан бас тартқан 343 қазақстан­дық қалады. Асқар Мамин Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәй­кес, Үкімет Қазақстанда коро­на­вирустық инфекцияның тара­луына жол бермеу бойынша бар­лық қажетті шараларды қа­былдап жатқанын атап өтті. «Ел аумағында коронави­руспен ауыратындар тіркелмеген. Жағдай тұрақты және Үкіметтің тұрақты бақылауында», – деді Премьер. Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігіне санитар­лық-эпидемиологиялық бақы­лау жұмыстарын жалғастыруды, Сыртқы істер министрлігіне шығыс көршідегі қазақстан­дық­тармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Қазіргі кезде дәріхана желі­лерінде медициналық маска жә­не вирусқа қарсы препараттар бағасын негізсіз қымбаттату фак­тілері кездесуде. Осыған орай, Премьер-Министр моно­полияға қарсы органға және Денсаулық сақтау министрлігіне бұған жол бермеуді жүктеді. «Мәселенің мән-жайын анық­таңыздар. Денсаулық сақ­тау министрлігі мен өңір әкім­дері жағдайды тұрақты бақы­лауда ұстауы керек», – деп түйді А.Мамин. Ресми мәлімет бойынша, Қы­тайда жаңа коронавирустық пневмонияға душар болғандар саны 42 638-ге жетті. Оның 1 016-ы қайтыс болды. Тек 3 996 емделіп шықты. 16 қаласында карантин енгізілген. Ал әлемнің 27 елінде 448 адамда коронавирустық инфек­ция расталды. Қытайды дерт жайлауына байланысты Қазақстан шека­раны жапты, әуе, теміржол, авто­көлікпен жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Барлық өткізу бе­кетіндегі санитарлық-эпиде­мио­ло­гиялық бақылауды кү­шейт­ті. Оларда 6 қаңтардан бас­тап бар­лығы 260 885 адам, оның ішінде ҚХР-дан – 30 852 адам қаралды. ҚХР-дан келген адамдарды тұрғылықты жері бойынша қа­дағалау ұйымдастырылды. Бұдан өзге науқас және ауруға күдікті адамдарды қабылдауға дайындық ретінде медициналық ұйымдарда қосымша 4,5 мың қосымша төсек орны дайындалды. Медициналық ұйымдар Қы­тайдан келген 23 059 адамды тұратын жері бойынша 14 күндік бақылауға алды. 14 күндік инку­бациялық мезгілдің аяқталуына байланысты оның 15 478-і мо­ниторингтен босатылса, 8 690-ы әлі де медициналық бақылауда. Ешқайсысында коронавирустық инфекция тіркелмеген.   Айхан ШӘРІП