Ғаламтор әлемде кең таралғанымен, бұл жалғыз интернет желісі емес. Жалпы, интернет үш сегментке бөлінеді: көрінетін желі (Surface web), тереңдік желі (Deep Web) және көлеңкелі желі (Darknet). Мұның ішіндегі Darknet көпшілікке беймәлім әлем. Көлеңкелі желінің қыр-сырын жіктеп көрейік. Darknet – қарапайым интернетке параллель орналасқан жасырын желі. Darknet-те барлығы толығымен анонимді түрде жүреді әрі ақпарат шифрланады. Басқаша айтқанда, көлеңкелі желі бұл негізгі базада бар, бірақ тек қана қорғалған прокси-серверді және интернет-қосылыстарды пайдаланатын заңсыз орын.
Darknet-тің жұмыс алгоритмі әдеттегідей жүреді. Сондай-ақ көлеңкелі желіде іздеу жүйесі, жаңалық сайты, интернет дүкен мен әлеуметтік желі бар. Бірақ жүйедегі барлық сайт тауарлардың заңсыз айналымымен айналысады немесе тыйым салынған ақпаратты таратады.
Көлеңкелі желі қалай пайда болды?
Көлеңкелі желінің алғашқы прототипі ARPANet қоғамдық желісімен бір уақытта пайда болды. Ол кейін аясы кеңіп, заманауи интернетке айналды. Darknet-ті құрудың негізгі себебі тек таңдаулы пайдаланушылар үшін қолжетімді жасырын желі құру еді.
Желіні ең алдымен АҚШ әскери күштері жасады. Олар әскери құрылымдардың орналасқан жерін жасырып, ақпарат қауіпсіздігін сақтауды қалады.
Бұл желі алғаш рет 1970 жылы қолданысқа енді. Ішкі желіден мәлімет алғанымен, сыртқы сұраныстарға жауап бермеді. 2002 жылы Microsoft Darknet-ті бір күннің ішінде «ұйқысынан оятты». Компания көлеңкелі желінің жұмыс істеу принциптері туралы еңбек жазып, қоғамда кең таралуға ықпал етті. Олардың айтуынша, Darknet өнімді DRM технологиясын құрудағы басты кедергі екен.
Көлеңкелі интернеттің дамуына АҚШ-тың әскери-теңіз зертханасы үлкен үлес қосты. Олар интернетте анонимді әрекетті орындауға мүмкіндік беретін арнайы прокси-серверлік бағдарламалық жасақтаманы (TOR) құрды.
Darknet неге бертін келе дамыды дерсіз? Өйткені TOR пайда болғанға дейін көлеңкелі желі жайында ешкім білмеді. Яғни, 2000 жылдан бастап әлем көлеңкелі интернеттің иіріміне түсті. Darknet және TORе туралы ақпарат тарағаннан кейін көлеңкелі желіні пайдаланушылар саны күрт өсті. 2013 жылға қарай қараңғы желіні қолданушылар саны 5 миллионнан асқан.
Желінің дамуына екінші жағынан криптовалюта әсер етті. Себебі пайдаланушының анонимді әрекетін қамтамасыз ету үшін желі ішіндегі транзакция үшін криптовалюта қажет болды.
Қазіргі уақытта көлеңкелі желі қанатын кеңге жайды. Билікке наразы жұрт, жасырын жаңалықты оқығысы келетін оқырман көбейді. Darknet-те бәріне қолжетімді болған соң ел арасындағы әңгіменің «ауаны» өзгерді.
Darknet-тің басқадан айырмашылығы қандай?
Жоғарыда интернеттің үш сегментке бөлінетінін жаздық. Surface web жат дүние емес. Мұнда сіз бен біз пікір алмасып, іздеуге болатын нәрсені қараймыз. Ал Deep Web-те жүйе бөлек. Тереңдік желісінде де құпия мәліметке кезігесіз. Мәселен, мемлекеттік деректер қоры, кітапхана желі және тағы басқалары бар. Алайда мұнда пароль мен арнайы тіркеу арқылы өтуге болады. Көпшілік қызығып отырған Darknet-ке қарапайым іздеу жүйесі арқылы кіре алмайсыз. Өзімізге белгілі Google Ghrome, Safari көлеңкелі желіге есік ашпайды. Онда қайтпек керек?
Tor – бұл көлеңкелі интернетке қосылудың ең танымал және қарапайым тәсілі. Мұнда жүйелі маршруттаудың арқасында пайдаланушының жеке басын анықтау өте қиын. Tor бағдарламасын Tor ресми сайтынан жүктеп, компьютеріңізге орнатуға болады. Сондай-ақ аталған браузердің өзіндік кемшілігі бар. Tor-дан Netflix немесе Facebook сияқты желіге кіру қиын. Себебі сіздің IP-мекенжайыңыз анықталмайды.
Лондондағы King's College зерттеуі бойынша Tor торабында шамамен 300 мың мекенжай бар. Бұл – желіде шамамен 205 мың жекепарақша бар деген сөз. Әр жердің өз заңы бары тәрізді, көлеңкелі интернеттің әртүрлі іздеу жүйесі бар. Ішіндегі танымалы – Grams, DuckDuckGo, Fess.
Жасырын желіде не бар?
Көлеңкелі желі ресурсында зиянды файл, есірткі трафигі немесе қару-жарақ сататын арнайы сайт кезігуі мүмкін. Сонымен бірге Darknet-те ғылыми кітапхана, Оксфорд сияқты университеттердің оқу курсы, тек қана сатып алуға болатын медиа файл мен тәуелсіз журналистердің жаңалығы жарияланады. Жалпы, Darknet-тің 70 пайызын көлеңкелі бизнес, есірткі тауары мен тыйым салынған видео құрайды.
Көлеңкелі веб-транзакциялар екі тарапқа бір-бірінің жеке басын ашпай-ақ тауар сатып алуға және сатуға мүмкіндік береді. Бұл биткоиндер (cryptocurrency) көмегімен жүзеге асырылады. Биткоин Darknet-тің дамуында маңызды фактор болды.
Айта кетерлігі, кез келген транзакция кезінде тауардың сізге жеткізілетініне кепілдік жоқ. Көбінесе тауар шекара арқылы тасымалданады. Ал күмәнді тауар кеденде тексеріледі. Сол себепті Deep.Dot.Web жаңалықтар сайтында заңсыз сатып алғаны үшін тұтқындалған немесе түрмеге түскендер оқиғасы баяндалады.
Қазақстан Darknet-те
Kursiv.kz-тің хабарлауынша, 2019 жылы Kaznet-те Tor браузері аудиториясы қарқынды өскен. Қазақстан әлемде желіні қолдану бойынша ондыққа кірген жоқ. Дегенмен 2018 жылдың басынан бастап республикада браузердің аудиториясы үш еседен асқан. Яғни, елімізде 7000 қолданушы Darknet-ке кіреді.
Көлеңкелі желіні қолдану жағынан Ресей әлемдегі көшбасшылардың біріне айналды. 2019 жылы браузер қолданушылар саны екі есе өсіп, 300 мыңнан 600 мыңға жеткен. Рейтинг кестесінде Ресей Ираннан кейін 16,3% аудиториямен екінші орында тұр. Айтпақшы, АҚШ рейтингте үшінші орында келеді. Ал Darknet-ті қолдану жөнінен Германия мен Франция төртінші және бесінші орынды бөліседі.
Қазір әлемде көлеңкелі желі аудиториясы 750 мың қолданушыға жетті. Darknet-ке жиі кіретіндер Италия, Франция, Нидерланды елі. Аталған елдерде күнделікті кіретіндер саны 100-200 мың қолданушыға жеткен.
Кез келген жүйенің күнгейі мен көлеңкесі бары белгілі. Сол сияқты Darknet-те көре білгенге қазына, тереңіне «үңілгенге» жаза бар.
Айбике ЖАНАСЫЛ