Қазақстанда жалған дипломмен жұмысқа тұрып, жалғанды жалпағынан басып жүргендер жетерлік. Біреулер көз майын тауысып, төрт-бес жылды оқуға арнап, онысын қорғап барып маман атанса, енді бірі интернет сайттардан құжатты он күн ішінде сатып алып, дап-дайын жоғары білімді мұғалім, шенеунік болып жүр. Ендігі уақытта ЖОО түлектеріне диплом қағаз түрінде емес, электронды түрде берілмек. Мүмкін, мұндай келеңсіздік сонда тыйылатын шығар, кім білсін?!
Құжат керек пе? Сайтқа кір
Әрине, бұл жарнама емес. Бұл белгілі жай. Бұдан үш-төрт жыл бұрын басталған дау. Әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің алқа отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтты. Яғни, 700-дей адам жалған құжатпен жүр деген сөз. Ол, енді қазақстандық ЖОО түлектеріне диплом қағаз түрінде емес, электронды түрде берілетінін де жеткізді.
Дегенмен интернеттегі сайттар «жабылды ма, жабылмады ма?» деген оймен интернетке саяхаттадық. Бірнеше сайт алдымыздан атып шықты. Соның біріне таңдау жасадық. «Барлық оқу орындарындағы дипломдарды ғана емес, басқа да білім дәрежесін білдіретін құжаттарды дайындап, сатамыз» деген Дип Рус сайтына кірдік. Расында да, бұл компания сізге ЖОО, колледж, техникум дипломдарымен бірге мектеп бітірді деген аттестат, сертификат, анықтамаларды жылдам жасап береміз деп жарнамалап қойған екен.
Кеңес берушімен әңгімеміз бірден жарасым тапты. Диплом аламын деген мен, құжат өткіземін деген ол мәз сияқты.
– Сәлеметсіз бе? Маған диплом керек еді.
– Қандай?
– Жоғары оқу орнынікі. Жұмыс берушім сұрап жатыр. Қанша тұрады? Қанша уақытта дайын болады?
– Бізде қазақстандық диплом 20 000 рубль. Он күнде дайын болады. Қай қала, қандай оқу орны керек өзіңіз таңдайсыз.
– Түпнұсқа ғой сонда?
– Сіз түсініңіз, оқу орындарында тіркелген диплом кемі 400 000 рубль тұрады. Біздің беретін диплом 20 мың рубль. Жұмыс берушінің барлық тексерісінен 99 пайызға өтеді. Тек тікелей сіз оқыды деген оқу орнына хабарласпаса болды. Бірақ басшылар олай жасамайтынына сенімдіміз.
Иә, атауы орысша болғанымен, олар сізге тек ресейлік қана емес, қазақстандық оқу орындары беретін құжаттардың көшірмесін түпнұсқадан айнымайтындай қылып жасап береді екен. Бұл сайттар бірнеше жыл жұмыс істеп, қаншама адамды «дипломды» маман қылып шығарды екен? «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дегендей әшкере болғандар да бар. Заң бойынша жазасын да алды. Бірақ көбі айыппұл төлеумен немесе жұмыстан кетумен шектелді.
Жалған диплом өріп жүр
Білім және ғылым министрі жуырда ғана шешім қабылдап, Шымкентте елдегі ең үлкен университетті жапқанын айтты. Ол: «Сот шешім шығарды. Білім және ғылым министрлігі лицензияны қайтарып алу туралы дұрыс шешім қабылдады. Осы университетте 30 мыңнан астам адам оқыған. Біз шынымен де заңбұзушылықтар бар екенін білдік, олар шынымен де дипломдарын басып шығарғанын анықтадық», – деді.
Иә, қаншама адам жалған дипломмен еңбек етіп жүргені белгісіз. Дегенмен қолға түсіп, жаза тартқандарына көшейік. Мысалы, былтыр Ақтөбеде 34 мұғалім жалған дипломмен оқушыларға сабақ бергені әшкере болды. Сол уақытта прокуратура мәлімдемеде жасады. Онда: «11 адам орта мектепке дейін сабақ берсе, 13 адам қызметін мектепке дейінгі білім беру мекемесінде, 7 адам колледж оқытушысы ретінде жүзеге асырды» делінген. Бір қызығы, олар аймақтағы Жұбанов университетін фортепиана бөлімі бойынша тамамдағандарын айтыпты. Ал жоғары оқу орнында ондай бөлім атымен жоқ.
Сонымен бірге ішкі істер органдарының қызметкерлері 2018 жылы Қылмыстық кодекстің 385-бабы бойынша («Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу») 1 530 қылмыстық ереже бұзушылықты тіркеген. Соның ішінде Маңғыстау облыстық индустриалды-инновациялық саясат басқармасының жетекшісі мемлекеттік қызметке ресми құжаттың негізінде түссе, артынан екінші жоғары білімі туралы дипломның жалған нұсқасын тапсырғаны анықталған. Ал Ақтөбе облысының Қарғалы аудандық соты 2017 жылдың мамырында Әлімбетов ауылының әкімдігіне жұмысқа тұрмақ болған азаматтың құжатын тексергенде, оның Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің дипломын сатып алғаны белгілі болды. Сол жылы Курчатов қаласының прокурорлары да жоғары оқу орындарын аяқтамай, жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген білім беру орындарының қызметкерлерін анықтаған болатын.
Ал жақында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мәжіліс залында «Жалған диплом – жемқорлыққа жол ашады» атты мәжіліс өтіп, еліміздің білім саласында еңбек етіп жүрген біліксіз мамандардың диплом алу кезіндегі қитұрқы әрекеттері сынға алынды. Мониторинг кезінде жалған дипломмен жұмыс істеп жүрген мамандар анықталып, әр саланың жұмысына келтірген залал белгілі болған. Құны 265 мың теңге тұратын жалған диплом дайындау мерзімі бар-жоғы 1-2 күн ғана екені сөз болды. Оларға қатысты мәліметтер ішкі істер органдарына берілген. Атап айтқанда, Талдықорғандағы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде, Алматыдағы Спорт және еңбек академиясында, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінде, Алматы технология және бизнес институтында оқыдық деп жалған дипломмен жұмыс істеген бес маманды анықтаған.
Алдаймын деп шалынды
Ал мына оқиға Шығыс Қазақстан облысында орын алды. Жалған дипломды Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінен жарты миллионға сатып алған Шемонаиха тұрғыны жауапқа тартылды. Айтпақшы, ол бұған дейін де қылмыстық топпен ұрлық жасап, жеті жыл көлемінде жазасын өтеп келген екен. Содан жаңа өмірге талпыныс жасап көрмек болып, жалған дипломмен шетел асып жұмысқа орналасқысы келген. Бірақ облыс бойынша білім саласындағы бақылау департаменті арқылы тексеруден өтетінін білмеген сыңайлы. Сатып алған дипломы оған тек кесірін тигізді. Шемонаиха аудандық соты күдіктіні кінәлі деп танып, 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға шешім шығарды.
Иә, қазіргі таңда жалған диплом жасап сататындар да, оны сатып алатын, тіпті сол жалған дипломмен өзі қалаған жұмысқа тұратындар да көбейген. Бағасы да қымбат емес, бар болғаны 120 мың мен 250 мың теңге аралығы. Ал 500 мың мен 1 миллиондай ақша ұстатсаңыз көшірме емес, түпнұсқасын да аласыз. Солай! Диплом қалтада дей бер.
ТҮЙІН:
Сонда бірнеше жылдап білім алып, кітапханаларда отырған, сессияда ұйықтамаған, мұғалімдердің қас-қабағын баққан студенттердің еңбегі еш болғаны ма? Кейде жалған дипломды қалтаға салып, мұрнын көкке шүйіргендер олардың алдын орап кететіні тағы бар. Дегенмен алаяқтыққа алдағы уақытта жол берілмейді. Оған да негіз бар. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Біз blockchain электронды дипломдарын (жүйесінде) шығарамыз. Екіншіден, біз тарихи ақпаратты цифрландырамыз. Шамамен, 1970 жылға дейін жетуді көздеп отырмыз. Бұл процесте біз көптеген мәселеге тап болдық. Мәселен, біршама диплом шығарғандай болып едік, іске келгенде біз олардың іздерін еш жерден таба алмаймыз», – деді. Осы шара жүзеге асса, алдағы уақытта жалған диплом деген сөзді ұмытармыз деген де үміт бар!