КВИ қайта өршіді
КВИ қайта өршіді
© коллаж: Әсел Балтақызы
415
оқылды
Біраздан бері карантиндік шектеулер алынып, қалыпты өмірге оралғанымызбен коронавирус соңғы уақытта қайтадан күшейіп, жұртты әбігерге сала бастағандай. Жамбылдықтар да коронави­рустық инфекцияның қайта қарқын алғанын алғашқылардың бірі болып, байқап үлгерді. Тек соңғы тәуліктің өзінде өңірде 40 адам КВИ жұқтырған. Расында, Әулиеатада эпидахуал ушыға бастағанды. Олай дейтініміз, бүгінде дене қызуы көтеріліп, төсек тар­тып жатып қалған туыс, бауыр, әріптестер туралы жиі еститін болдық. Бұл жағдай жамбылдықтарды да алаңдатып отыр. Облыстық Денсаулық сақтау бас­қармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірде коронавирустық инфекцияны 27 011 адам жұқтырған. 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдық көрсеткіші 2346,7-ні құраған. Ал пневмонияның 8661 жағдайы тіркелген. Өңірдегі 66 тө­сек-орындық инфекциялық стационарда 31, реанимацияда 3 науқас ем қабылдап жатыр екен. Жоғарыдағы мәліметке сен­сек, індеттің жаңа толқыны Жамбылға да жеткенін байқауға болады. Індеттен сақтанудың бірден-бір жолы екпе алу екені белгілі. Денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, аймақта екпе салу ісі қайтадан қарқын ала бастаған. 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап об­лысқа 375 340 доза QazCovid-in – отан­дық вакцинасы, 843 мың 590 доза Спут­ник V, 60 мың доза Hayat-Vak, 34 мың доза Corona Vac, 303 мың доза VeroСell Синофарм, 10 000 мың Спутник Лайт, 333 450 доза Pfizer жеткізілген. Өңірдің 638 398 тұрғыны вакцинаның 1-ком­по­нентін, ал 632 595 адам 2-компонентін алған. Ревакцинациядан 403 957 адам өтті. 113 079 жасөспірім мен 4 351 жүкті әйел, 15 148 бала емізетін ана Pfizer вак­цинасын салдырды. Тараз қаласының тұрғыны Айымкүл Бектұрованың айтуынша, осы жолғы індеттің белгілері тым басқа.
– Бірнеше айдың бедерінде мамы­ражай тіршілігімізге қайта оралған едік, енді дерт қайта дендеп отыр. Жуырда өзім де, немерелерім де ауырып тұрды. Бір байқағаным, бұрын кесел жұқ­тырғандар әлсіздікті, иіс пен дәм сезбей қалғанын айтқан болса, қазіргі індетте дәм сезбей қалғаныңмен иіс сезесің. Сосын дене температураң бір көтерілсе, артынша қайта түсіп кетеді. Аяқ-қо­лыңды қақсататын суық бойыңнан жүріп өтеді. Тағы бір таңғалғаным, бұл жолғы ауруда мүлде жөтелмейсің. Оның орнына танауың бітіп, су аға береді екен. Әйтеуір, түрлі ем жасап, сауығып шықтық. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Сон­дық­тан барынша сақ жүргендеріңіз абзал, – дейді зейнеткер.
Тағы бір ойға қалдырары бұрындары індет қарттар мен балаларға жиі жұқса, қазір орта жастағылар көптеп ауырып жатыр. Бұл да халықтың санасын сан саққа жүгіртіп отыр.
– Бір байқағаным, туыстарымның да, таныстарымның да арасында жасы 30-50 арасындағы адамдар көптеп ауырып жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы жа­риялап жатқан статистиканы күнде­лікті көріп отырмыз. Алайда олар үйінде ауырып жатқан адамдарды есепке ала ал­майды. Оған мүмкіндік те жоқ. Шынын айтсақ, қазір екінің бірінің үйінде бір адам ауырып жатыр. Ол тұмау ма, әлде КВИ ме оны да білмейсің. Ал ауруханаға барып анықтатуға тұрғындар қорқады. Себебі жатқызып қойып, ауруды одан сайын ушықтырады деген көзқарас ба­сым. Тұмау сияқты қолдан келген емін өздері жасайды. Қазір ұжымдық имму­нитет қалыптасқан сияқты. Себебі 1-2 апта жатып ауырғандар аяққа тұрып ке­тіп жатыр. Бірақ бұл індетті түбегейлі жеңдік деген сөз емес. Сондықтан ба­рын­ша сақ жүрейік, – дейді көпбалалы ана Сая Ахатова.
Тұрғындардың сақтық шараларын сақтауға шақыру орынсыз дей алмас­сың. Себебі елімізде өткен тәулікте 1104 адам­да коронавирус індеті ПТР тесті арқылы расталғаны белгілі болды. Демек, қазір­ден сақтық шараларын күшейтпесек, коронавирустық инфек­цияны жұқтыру қаупі артады. Сарап­шылар да бұл індеттің үшінші-төртінші және бесінші толқынға жалғаса бере­тінін алға тартады. Бір сөз­бен айтқанда, саулықтың сақтықта еке­нін естен шы­ғар­мағанымыз жөн.

Жамбыл облысы