Нашақордың саны неге артты?
Нашақордың саны неге артты?
Bayern/ Ein Zollbeamter praesentiert am Freitag (02.12.11) in Selb unweit der deutsch-tschechischen Grenze bei einer Kontrolle zwei Beutel mit sichergestelltem "Crystal". In den vergangenene zwei Jahren sind im Grenzgebiet die Aufgriffe von Jugendlichen mit Crystal um das 350fache gestiegen. (zu dapd-Text) Foto: Lennart Preiss/dapd
507
оқылды
Бірер күн бұрын Алма­тыда синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана анықталғаны туралы ха­бар тарады. Ұлттық қауіп­сіз­дік комитетінің қалалық де­партаменті 4 ақпан күні же­дел-іздестіру іс-шара­ла­рын іске асыру бары­сын­да табылған 5 келі син­те­тикалық есірткі мен 1 келі және 260 литрге жуық хи­миялық қоспаны сот-химия­лық сараптамаға жолдаған. Жүй­кеге әсер ететін дайын өнім интернет-ресурстар ар­қылы және байланыссыз тәсіл­мен таратылғаны мәлім болды. Иә, соңғы кездері синтети­калық негіздегі есірткі заттарын дайындап, «қара нарыққа» шы­ғару оқиғалары жиілеген. Тек 2019 жылдың өзінде ҰҚК-нің Ал­маты қаласы бойынша депар­та­менті синтетикалық есірткі құ­рал­дарының заңсыз айна­лы­мы­ның 13 оқиғасын анық­тап, жолын кескен. Есірткі биз­не­сі­мен айналысқан 11 адам ұс­та­лып, қылмыстық жауапкер­ші­лік­ке тартылды. Ал республика көлемінде был­тыр 14 мыңнан артық ин­тернет-ресурсы қызметіне тос­қауыл қойылған. Әуежайлар мен вокзалдарда қызметтік иттердің көмегімен 150-ден аса есірткі тасымалдау оқиғасының жолы кесіліпті.  

ҚАЗАҚСТАН – ЕСІРТКІ ТАСЫМАЛЫНДА ТРАНЗИТТІ МЕМЛЕКЕТ

Қазақстан есірткі өндіретін елдердің санатында жоқ. Рас, Шу өңірінде өздігінен өсетін жабайы қарасора өсімдігінің алқабы – өзімізге «әйгілі» болғанымен, әлем­дік нарықта аты аталмайтын орын. Дегенмен мамандардың есептеуіне қарағанда, өңірде жыл сайын 24 мың тоннаға жуық қарасора өсіп шығады. Яғни, ол 4 мың тонна марихуаны (ресми атауы каннабис) немесе 4 тонна гашиш дайындауға мүмкіндік береді-мыс. Иә, есірткі өндіретін елге жат­пағанымызбен, оның бизнесі біз үшін маңызды тақырып. Ең алдымен, Қазақстан есірткі тасымалының жолында жатқан транзитті мемлекет. Заманында Ресей патшалығы қазақ дала­сына «Орталық Азияға ашыл­ған терезе» деп қараса, қазіргі кү­ні ол терезе есірткі саудасы­ның дәлізіне айналғаны бел­гілі. Ау­ғанс­таннан сыртқа тасы­мал­дана­тын есірткі өнімдері Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы арқылы бізге қа­рай асып, одан әрі Ресейге және басқа да ЕО елдеріне сау­даланады. Айта кетейік, жер бетіндегі апиын көкнарының 90%-ы Ау­ғанстанда өсіріледі. Респуб­ли­каның оңтүстігіндегі Гильменд және Кандагар өлкесінде бір ғана героиннің 700 тоннасы өн­діріледі екен. Бұл көлем жыл сайын есірткі саудасымен шұ­ғыл­данатын топтарға 70 млрд дол­лар қаражат түсіріп отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2019 жылғы баяндамасында Ауғанстанда еселеп өндіріліп жат­қан есірткі салдарынан Орта Азия, Ресей, Шығыс Еуропада қара базарлар саны көбейіп кеткені айтылды. Осының салда­рынан аталған аймақтарда есірткіге тәуелділердің қатары да көбейе түсуде.  

ЕСІРТКІНІҢ ҚҰРБАНЫ – ЖАСТАР

Сөз жоқ, есірткі саудасы­ның «керуен жолында» отыр­ған­дықтан зардабы да үлкен. Әдетте, есірткі өніміне деген қы­зығушылық 15-тен 35-ке де­йінгі жас аралығындағы топты қам­тиды. Мамандар, есірткіге әуестік 21 жасқа дейінгілерде жиі кездесетінін айтады. Оны саудалаушылардың «аулайтыны» да жасөсіпірімдер мен жастар. Ресми деректерде еліміздегі есірткі өнімдеріне тәуелді жан­дардың саны 450 мыңнан асып кеткені көрсетіледі, әйтсе де бұл есепке әуесқойлар кірмейтінін де айта кеткеніміз жөн. Өкінішке қарай, есірткінің жарнамасы мен саудасын қыз­дыруда жастар көп қолданатын әлеуметтік желілер мен интер­нет-ресурстар үлкен рөлге ие болып кетті. Кейінгі жылдары әлемде DarkNet (жасырын, көлеңкелі бағыттағы желілік сайттар) арқылы есірткі өнімін саудалау көбейген. 2018 жылы Ресейде, Иранда байқалған құбылыс былтыр біздің елде де жиі тіркелді. Былтыр Қа­зақстанда (Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларында) DarkNet қолданушылар саны 7 мыңға жеткені анықталып отыр. Сондай-ақ зиянды заттар туралы жарнамалық бағыттағы мәліметтер өзге де арнайы сайт­тар мен Telegram-арналары арқылы таратылып, саудалау көбейген. Оған бір себеп – Еура­зиялық Экономикалық Одақтағы Ресей, Беларусь ел­дері синтетикалық есірткі сау­да­сына қатысты заңдарына осы­дан біраз жыл бұрын түзету енгі­зіп алғандықтан, аталған нарық­тағы алыпсатарлар бізге ауыса бастады. Дегенмен 2019 жыл­дың қыркүйек айында Қа­зақстан халқына Жолдауында Президент Қ.Тоқаев есірткі саудасы және өзге де ауыр қыл­мыстарға жазаны күшейтуді шұғыл қарастыруды тапсырған болатын. Жыл аяғын­да жаңа заң нормалары енгізілді.  

СОТТАЛУШЫЛАР САНЫ ЕСІРТКІНІҢ ЕСЕБІНЕН КӨБЕЮДЕ

Иә, елімізде заңсыз есірткі насихаты мен жарнама үшін жаңа бап енгізілді, бұдан былай бұрынғыдай айыппұл төлеп құтылу, қоғамдық жұмыспен өтеу деген жоқ. Бірден бас бос­тан­дығынан айыру көзделіп отыр. Заңсыз есірткі айналымы үшін электронды ақпарат ре­сурстарды пайдалану деген саралау белгісі енгізілмек. Он­дай қылмыс үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарас­тырылған. Әрине, ауыр қылмыстың жа­засы да жеңіл болмауы тиіс. Десек те, қоғамға дендеп ен­ген зауалдың зардабын тек заң жүзінде жою мүмкін емес. Себебі соңғы жылдары еліміздегі түрмелерде сотталушылар са­ны азайғаны туралы мәлі­мет жиі айтылғанымен, істі болған­дардың 30% -ға жуығының есірт­кіге қатысы бары анықтал­ған. Оның үстіне, есірткі қылмы­сымен ұсталып, түзету мекеме­сіне қамалғандардың дені есірт­кіге тәуелділер. Ал оны та­р­ату­­шылар, саудалаушылар (бары́галар) «құрыққа іліне бермейді». Сон­дай-ақ есірткіге тәуелділер түр­меде негізінен түрлі іске ма­шықтанып алатын көрінеді. Мы­салы, нарды ойынының ағашын, пышақтың сабын жасай­тын қолөнершілер де солар. Яғни, есірткі заттары ол жақ­та есеп айырысу мен еңбек­ақының негізгі құралы саналады. Екіншіден, қылмыстың қай түрі­мен болсын қамалғандардың түрмеден есірткі тұтыну әде­тін үйренбей шығуы сирек жағ­дай. Оған қоса, жазасын өтеп шық­қандардың жұмысқа орналасып кетуі де қиын. Түрмеден шық­қан адам амал жоқ, есірткі сау­дасымен айналысып, өзіне «клиент» жинайды. Бір сөзбен айтқанда, есірткіге тәуелділер көбейген сайын абақтыда бос орын болмайды. Демек, бас бостандығынан айыру жазасы апиынға тәуелділіктен ажырата алмайтыны анық.  

ӘР ЕЛДІҢ ЗАҢЫ БАСҚА

2019 жылы мамыр айында Алматыда өткен XVI Еуразиялық медиафорумда каннабисті (каннабис – конопля өсімдігінен алынатын психоактивті құрал) заңдастыру керек пе деген мәселе көтерілгені есімізде. Сол басқосуда баяндама жа­саған шетелдік спикерлердің дерегінше, 2018 жылы АҚШ-та әрбір 7-тұрғын каннабис қол­данғаны белгілі болған. Яғни, көптеген мемлекет оған тыйым салған сайын, оны қол­данушылар саны азаймай келеді. Жалпы, марихуана «меди­циналық» (КБР – псхиобелсенді қасиеті жоқ, дәрілік қасиеті бар) және «жиі қолданылатын» (ТНС – психобелсенді қасиеті бар) болып екі түрге бөлінетіні белгілі. Бүгінгі күні медициналық тұрғыда каннабисті әлемнің 40-тан астам елі заңдастырып, пайда тауып отыр. G7 мемлекеттері ара­сында Канада бірінші бо­лып марихуананы қолдануды заң­дастырған. Арнайы заң ко­нопляны сатып, таратуға және белгілі бір деңгейде демалыста көңіл көтеру құралы ретінде де рұқсат береді. 2001 жылы Португалия да жаңа стратегия қа­былдап, есірткі, оның ішінде героин қолданатындарды жазаға тартудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Нәтижесінде, есірткі дозасынан және АҚТҚ жұқтырудан болатын өлім-жітім күрт азайған. Бұл тәжірибені бізге енгізу жақсылық әкеледі деп айта алмаспыз. Себебі Португалия мен Қазақстандағы өмір сапасы, халықтың әл-ауқаты бірдей емес. Есірткіге елітіп, оның әсерінен жұбаныш іздеудің өзі әлеуметтік ахуалға байланысты. Оны бір рет тұтынып, жан тыныштығын тапқан кісінің одан біржолата бас тартуы қиын. Сондықтан басқа жолдарын қарастырған жөн. Ал Филиппин елінде жағдай мүлдем басқа. Өткен жылдары елдің президенті Родриго Ду­терте есірткі қолданғандар мен таратушыларды сотсыз, тер­геусіз бірден атып тастау туралы тапсырма берген. Яғни, поли­ция қызметкерлері мен ар­­найы құрылған топ түнде жорт­қан «наркомандарды» еш куәгерсіз өлтіріп жүре беретін жағдайға жетті. Бір есептен Филиппин – есірткі саудасының негізгі тран­зиті саналатын ел. 2013 жы­лы есірткі саудасынан түс­кен қа­ражат 8,4 млрд дол­лар­ды құра­ған. Бұл Молдова секіл­ді шағын мемлекеттің ЖІӨ көлемінен үлкен қаржы. Де­генмен жоғары­дағы қатаң жаза оң нәти­жесін де көрсетіпті. 2016 жылғы дерек бойынша, 660 мың адам өз еркі­мен емделуге өтініш берген.  

ТҮЙІН:

Жыл сайын Қазақстанда маусым айы мен қазан айы аралығында «Көкнар» операциясы өткізіледі. ІІМ-нің дерегінше, 2019 жылы 3 ай ішінде полиция қызметкерлері 16,7 тонна есірткі заттарын тәркілеген. Алайда түпкілікті тосқауыл қою мүмкін болмай отыр. Ашығын айту керек, есірткіге қарсы күрестің барлығы бірдей нәтиже бере бермейді. Өйткені оған қарсы күрестің өзі – үлкен ақша. Яғни, есірткі саудасы мен қылмысына қарсы күреске мемлекеттен бөлінетін қаржы мен «қара нарық» саудасында айналыста жүрген есепсіз қаражат жатыр. Бұл жолда да күштік құрылымдар мен лоббистер белгілі бір деңгейде пайда тауып отырғаны анық. Сондықтан есірткі тұтынушы адамға қылмыскер деп емес, емделуші деп қараған жөн секілді...

   width=Бауыржан БАЗАР