«Мен жұмыста болдым. Баламды ит тістеп алғанын білгенде жүрегім аузыма келді. Оны дереу ауруханаға апарып, қолын таңдық. Енді қорқатын болдық», – дейді баланың анасы Айман Оспанова.Бұралқы иттер бейітті мекендейді Ал Алатау ауданына қарасты «Өжет» ықшамауданының тұрғындары жақын маңдағы бейіттің бұралқы иттердің ордасына айналғанына наразы. Тұрғындардың айтуынша, түнде бейіт аумағында бұралқы иттер көбейіп кетеді екен.
«Бейіт ауылдың дәл іргесінде. Бұл көшелерге жарық тартылмаған. Оны әкімдік өкілдеріне айта-айта әбден шаршадық. Ол аздай бейіттің іші бұралқы иттерге толды. Кейде таңертең бейітке барып ата-бабамызға құран бағыштаймыз. Сондай кезде бір қора иттің қорым үстінде жүргенін немесе алаңсыз ұйықтап жатқанын көріп жүрміз. Тіпті, кейде жанынан өтуге қорқасың. Бейіттердің көбі жермен-жексен болып кетті. Оны осы араны мекендеген бұралқы иттер таптап тастаған», – дейді ықшамаудан тұрғыны Есет Асқарұлы.Қалалық әкімдік қамсыз қалмайды Мегаполис тұрғындары иесіз иттер құтыру вирусын таратуы мүмкін деп те алаңдайды. Мамандардың айтуынша, «Құтыру вирусы» (Rabies virus) – аса қауіпті жұқпалы дерт. Ауру жануар қауып алған кезде, оның сілекейі арқылы жұғады. Сонан соң жүйке жолдары арқылы тарала отырып, вирус сілекей бездеріне, ми қыртысының жүйке жасушаларына, гиппокампқа одан әрі бульбар орталығына жетеді де, оларды зақымдайды. Бұның соңы көбінесе өлімге әкеліп соғады. Қалалық ветеринариялық қызметінің бізге берген мәліметінше, 2022 жылға құтыруға қарсы 36 мың ит пен 8 мың мысыққа екпе егу жоспарланған. Десе де, ветеринарлардың егу жұмыстарын қашан бастайтыны белгісіз. Оған қоса, сала мамандары адамдарды ит қапқанымен, олардың арасында құтыру вирусы тіркелмегеніне сендіреді. Олар бұл жағдай қала билігінің назарында.
«Аталған аурудың алдын алу жұмысы қала билігінің ерекше бақылауында тұр. Соңғы отыз алты жыл ішінде Алматы қаласының аумағында адамдардың құтыру ауруын жұқтырған жайттары анықталмады. Бұл құтыруға қарсы жүргізілген алдын алу іс-шараларының тиімділігін көрсетеді», – дейді қалалық ветеринариялық қызмет өкілдері.
Лайым келешекте де солай болғай. Десе де, құтыру дерті тіркелмеді деп арқаны кеңге салып отыра беруге болмайтыны белгілі. Себебі иттен келетін вирустық дерттен басқа да зияндардың көп екенін жоғарыда біршама айтып өттік. Ең бастысы, олардың бей-берекет жүруінен бейқам жүрген балалардың өміріне қауіп қөніп жатқанын ұмытпауымыз керек. Бұл жағдай қалай болғанда да қала әкімдігі мен өзге де құзырлы орындарды ойландыруы тиіс деп санаймыз.
Алматы қаласы