Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық мәселелердің көпшілігі демографиялық саясаттың тиісінше деңгейінде жүргізілмеуінде жатыр. Ауылдардың құлдырауы, қала халқының шамадан тыс артып кетуі, жұмыссыздық, әлеуметтік нашар қорғалу, тағы басқа көптеген мәселенің түп төркіні осында. Үкімет демографиялық қауіпсіздікті қалай қамтамасыз етуі тиіс және оның қандай жасырын тәуекелдері мен қатері болуы мүмкін? Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады Әлбетте, «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дейтін дәстүрлі қазақ қоғамында отбасында баланың көп болғаны қуаныш. Атам заманнан бері ұлан-ғайыр даламызды қорғап қалу үшін әскер саны көп болғаны керек, бұл мәселе қазір де маңызын жойған жоқ. Ал тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кейбір тегі басқа этностардың өз елдеріне үдере көшуі, сөйтіп республика халқының едәуір азайып қалуы, аталмыш мәселені одан сайын өзектілендіре түсті. Халық арасында бала тууды насихаттау үшін «Қарадомалақ-2000» бағдарламасы қолға алынғаны есте. Осыған орай мемлекет көпбалалы отбасыларға материалдық және моральдық қолдау көрсету шараларын күшейте түсті. Үкіметтің бұл бастамасын елімізге танымал өнер және спорт өкілдері де қызу қолдады. Ұлттық статистика бюросының есебінше, Қазақстанда бала туудың жиынтық коэффициенті (БЖК) ұдайы өсіп отырды. Ол 1999 жылғы 1,86-ден 2009 жылы – 2,55-ға, ал 2020 жылы 3,13-ке дейін көтерілді. Бір қызығы, экономикалық қиындықтардан қашқан ауыл халқының ірі мегаполистерге жаппай көшуіне байланысты қала тұрғындарының туу көрсеткіші күрт көтерілді. Мәселен, 2015-2019 жылдар аралығында, бес жыл ішінде қалалықтардың БЖК-сы 7,4 пайызға артқан, бұл кезде ауылдықтардың БЖК-сы 4,2 пайызды көрсеткен. Ал 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылында болмаған рекордтық шама – 450,7 мың бала өмірге келді. Бірақ шарананың шетінеп кетуі де күңірентетіндей күйге жетті. 183,4 мың сәби жарық дүниеге келер-келместен жалғанмен қоштасқан. Бұл жайт Қазақстанда ана мен бала өмірінің қорғалу деңгейі өте төмен екенін білдіреді. Ашық ақпарат көздерінен оның деңгейі тіпті әлемдегі ең кедей елдердің қатарына түсіп кеткенін көреміз. «Алтайтану» ҒЗО директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жанна Әубәкірованың айтуынша, бар мәселе Қазақстанда демографиялық саясатты реттейтін нормативтік-құқықтық актінің жоғынан туындап отыр. Мәселен, біз патерналистік саясатты ұстанамыз ба, әлде халықтың сапасына иек артамыз ба, ол жағы әлі анықталмаған. Республика аумағында демографиялық саясатқа және дамуға баға беретін мемлекеттік орган жоқ. Бұл бағыттағы бар саясат Денсаулық сақтау министрлігінің адамның өлім-жітімі мен туу көрсеткіші туралы немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көш-қон туралы, тағы басқа салалық органдардың өз құзыретіндегі мәселелері бойынша ғана ақпарат беруімен шектелген. Оның біртұтас картинасы түзілмеген. Мемлекеттің даму тұжырымдамасында демографиялық құрамдастық тиісінше деңгейде ескерілмеген. – Бір жағынан, демографиялық ахуал тек әлеуметтік-мәдени жетістік ретінде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму контексінен тыс қаралады. Ол «көпбалалы ана болу жақсы», «бала тууды көбейту керек» деген сияқты жалаң ұрандар сипатында көрініс тапқан. Ал екінші жағынан, экономикалық даму векторы мейлінше сындарлы және ол халықтың этнодемографиялық үрдісін, әлеуметтік-мәдени мұқтаждықтарын ескермейді. Міне, осы сәйкессіздік денсаулық сақтау, білім беру жүйесінде, әлеуметтік-экономикалық және ұлттық қауіпсіздік салаларында түрлі келеңсіздікті айшықтап берді, – дейді ғалым. Бір қайғы жүз қайғыны қозғайды Айтса айтқандай, бала туу көрсеткішінің жоғарылығы тек денсаулық сақтау ғана емес, білім беру жүйесінің де кемшіліктерін айғақтап берді. Мысалы, 2020 жылы 427 мың бала дүниеге келді, бұл одан 5 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 17 пайызға көп. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осыған орай: – Алдыңғы жылы Қазақстанда 427 мың бала өмірге келді. Соңғы рет ондай рекорд 1987 жылы болған (417 мың бала). Былтыр 450 мың бала жарық дүниенің есігін ашты. Яғни, екі жылда 1 миллионға жуық бала туған. Осы балалардың 90 пайызы өз қаракөздеріміз. Бұл бір жағынан қуантады – қазағымыздың саны өсіп келеді, екінші жағынан үлкен жауапкершілік жүктейді. Екі-үш жылда ол балаларды балабақшамен, сосын орта біліммен қамтамасыз етуіміз керек. Сол себепті Президенттің бұйрығы бойынша республикада алдағы 3 жылда 1 мың мектеп салынуы тиіс,– деген болатын. Мамандардың айтуынша, ел мектептерінде 2020 жылы 168 мың оқу орны жетіспесе, 2021 жылы бұл жетіспеушілік 264 мыңға дейін өскен. Бұл мәселе оқушылар мектеп бітіргеннен кейін одан сайын күрделене түсетіні белгілі. Өйткені жұмыссыздық қазірдің өзінде қоғамның ең үлкен бас ауруына айналып отыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2025 жылға қарай еңбек нарығына келетін жастардың саны 256 мыңға, ал жалпы еңбекке жарамды адам саны 12,1 миллионға жетпек. Оның бәріне жұмыс тауып беру оңай шаруа емес. Жұмыссыздық мәселесі қазірдің өзінде ушығып тұрғанда алдағы жылдары оның тіптен өршіп кететіні сөзсіз. Бұған Үкіметтің экономиканы цифрландыру бағытын ұстанғанын да қосыңыз, ол, яғни тағы ондаған мың жұмыс орындары қысқарады дегенді білдіреді. «Бір қайғы жүз қайғыны қозғайды» демекші, шалғайдағы елді мекендерде жұмыс орны тапшылығының, жалақының төмендігінің, инфрақұрылымның дамымағанының кесірінен урбанизация процесі тоқтаусыз жалғасып жатыр. Мұны жалпыәлемдік үрдіс десек те, содан қазақ ауылдары көп жапа шегеді. Әсіресе, Қытаймен және Ресеймен қоныстас жатқан шекаралық аймақтардың жалаңаштануы мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндіретіні анық. Соның салдарынан ауылдар қаңырап босап жатыр, ал қалаға барған адамдар жұмыссыздар қатарын көбейтіп, әлеуметтік мәселені одан сайын күрделендіріп жіберген. Және бұл үрдіс өте үлкен қарқынмен жүріп жатыр. Мәселен, республика аумағындағы 6,2 мыңнан астам ауылдың жартысына жуығы – 2,7 мыңы болашағы жоқ елді мекен ретінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына ілікпеген. Яғни, бұл ауылдарды дамытуға мемлекеттен қаржы бөлінбейді. Сондай-ақ солтүстік өңірлерді қазақтандыру ісі де діттеген үдеден шыға алған жоқ, интернетте оның әрі баяу, әрі сапасыз жүргізіліп жатқаны туралы дау-дамай көп. Бірақ одан түзеліп кеткен шаруа көрінбейді. Ал аса үлкен қарқында еш бақылаусыз жүріп жатқан урбанизациялық үрдіс мегаполистер мен ірі қалалар айналасында «кедейшілік белдеуін» қалыптастыруда. Сөйте тұра, республиканың солтүстік және шығыс аймақтарында халық саны күрт кеміп барады. Қазір Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында халық саны көп сиреп кеткені байқалады. Ал еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде, керісінше адам саны шамадан тыс артып барады. Әлеуметтік-демографиялық сипаттағы ахуал, әсіресе үш мегаполис – Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент шаһарында қатты ушыға түскен. Тәуекелдер санатына сонымен қатар қала тұрғындары қатарының қартаюын, жастардың елеулі бөлігінің жұмыссыздығын, жергілікті жерлердегі инфрақұрылымның бір орында шамадан тыс шоғырланған тұрғындарға қызмет көрсетуге қуатының жетпеуін айтуға болады. Мемлекетке жаңаша демографиялық саясат қажет – Үкіметтің демографиялық саясаты көңіл көншітпейді. Мәселен, 2011 жылы Демографиялық саясат тұжырымдамасының қолданыстағы заңды күшінің мерзімі аяқталды, бірақ бұдан кейін оның жаңа бағдарламалық құжаты жасалған жоқ. Әрине, мемлекет халық санының көбеюін, көпбалалы отбасыларды қолдауды құптайды, алайда шын мәнінде сөз бен істің арасы алшақ. Мәселен, былтыр Мәжіліс депутаттары ана капиталын енгізу туралы ұсыныс көтергенде Үкімет бұл ұсынысты Қазақстанда бала туу көрсеткіші онсыз да жоғары деген желеумен қабылдамай тастады,– деп қынжылыс білдірді «Алтайтану» ҒЗО директоры Жанна Әубәкірова. Ең сорақысы сол, мемлекеттік қызметтегі немесе Парламенттегі кейбір шолақ ойлылар көпбалалы отбасыларды масылдық, тұтынушылық әдет қалыптасқан деп жазғыруын тоқтатпаған, тіпті кейінгі кездері мұндай айыптауларды үдете түскен сыңайлы. «Баланы асырай алмаса несіне табады?» деген айыптауларды жиі естиміз. Міне, осындай келеңсіздіктердің салдарынан көптеген жас отбасылар бала санын шектеп отырғаны да жасырын емес. Бұл бәрінен бұрын қазақтың басына шоқпар болып тиіп отыр. Сондықтан Үкімет тез арада ақылға сыйымды демографиялық саясатты қалыптастыруы тиіс. Ол мемлекеттің даму тұжырымдамасының ажырағысыз бөлшегіне айналуы керек. Бұл жерде баланың туу көрсеткішіне емес, отбасы саясатына баса назар аудару қажет. Яғни, мемлекет баласы бар қазақстандық отбасыларға қолдау көрсетіп, балаларын тәрбиелеп-өсіруге, оқытып-жетілдіруге мейлінше қолайлы жағдай жасауға міндетті. Ол үшін қажетті әлеуметтік пакет ұсынған жөн: жоғары жәрдемақы, қолайлы салықтық жеңілдіктер, қолжетімді балабақша, сапалы медициналық қызмет, ата-анасының лайықты табыс табу және тағы басқа қажеттіліктер толық ескерілгені абзал. Сонда мемлекет тарапынан лайықты әлеуметтік қолдау тапқан ата-ананың өз отбасының демографиялық саясатына өзі жауап бере отырып, бала тууды батыл жоспарлай алатын болады. Негізгі әлеуметтік-демографиялық тәуекелдердің көпшілігі мемлекеттің ішінде қалыптасатынын ескерсек, қазір нақ осы мәселелерді жою күн тәртібіне шығып отыр.