Өрттен құтқарып қалды
Өрттен құтқарып қалды
627
оқылды
30 маусым күні сағат 16:10 шамасында Пришахтинск-Сұрыптау станcасына бара жатқан қарияның автокөлігі жол үстінде техникалық ақаудың әсерінен өртене бастайды. Сол кезде дәл осы бағытта кезекшілікте жүрген Ұлттық ұланның әскери қызметшілері аға сержант Еркебұлан Жүнісов пен ефрейтор Мақсат Калямов мұны көріп қалып, бірден көмек көрсетуге кіріскен.
– Осындай оқиғаға кезігеміз деп ойлаған жоқпыз, еш уайымсыз жүріп келе жатқан едік. Кенеттен сымтетік­тердің ақауынан болар, бірден көліктің алдыңғы жағы лапылдап жана бастады. Алғашында қорқып қалдық, қаншама көлік өтіп жатты, ешқайсысы да тоқтамады. Тек осы балалар тоқтап, жанымызды араша­лап қалды. Оларға ризамыз. Осындай тәлім-тәрбие берген ата-аналарына, әскери бөлімдегі командирлеріне мың алғыс, – деді педагогикалық еңбек ардагері Галина Соловьева.
Аталған жайт бойынша әскери қызметшілер тарапынан әскери бөлім басшылығына ешқандай баянат етпеген, басшылардың құлағына бұл ерлік туралы хабар жетпеген екен.
–  Бұл істе өзімізді «батыр» деп санаудан аулақпыз. Бұл – біздің азаматтық борышымыз, соны орын­дадық. Біздің орнымызда кім болса да, осылай жасар еді, – дейді аға сержант Еркебұлан Жүнісов.
Шынында, өзгенің өмірі үшін тәуекелге бас тігуге кез келгеннің жүрегі дауалай қоймайды. Оның үстіне, өздерінің адам өміріне араша түскендерін жарнамаламау қара­пайым­дылықтың белгісі деп білеміз. Қазақтың әр ұлы осындай жүректі болса деген ой келеді кейде.

Қарағанды облысы