Ақсукенттегі «Светофор» супермаркетінде болған өрттің ішінен Жұмыспен қамту орталығының қызметкері мемлекеттік туды алып шықты, - деп хабарлады otyrar.kz.
17 шілде күні 13 сағат 38 минут шамасында Сайрам аудандық №6 Өрт сөндіру бөліміне «Сфетофор» супермаркетінің жанып жатқаны туралы хабар келіп түскен.
Анықталғанындай, Сайрам ауданы Ақсукент ауылы Астана даңғылы №195 мекенжайында орналасқан ғимараттың шатыры жанған. Ол ғимаратты «Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ жалға алған болып шықты.
Өртке оранған аумақ шамамен 425 шаршы метрді құраған. Өртті сөндіруге 8 дана АЦ (өрт сөндіру автокөліктері) және 37 жеке құрам жұмылдырылды. Өрт сағат 14.30 шамасында сөндірілді. Оқиғада зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде өрт кезінде, қауіп-қатерге қарамай жанып жатқан шатырға шығып, мемлекеттік туды шешіп алған азаматтың видеосы тарады. Белгілі болғандай ол Сайрам ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкері болып шықты.