Шетелден көлік тасымалдаушылар мемлекетке 53 миллион доллар шығын келтірген
Шетелден көлік тасымалдаушылар мемлекетке 53 миллион доллар шығын келтірген
Фото: АвтоВАЗ
Бұған дейін бірқатар алматылық бизнес өкілдері Мемлекеттік кірістер органдарының көліктердің бағасы туралы ақпаратымен келіспейтінін білдірген. Осыған орай Мемлекеттік кірістер комитеті бұл мәселеге қатысты түсіндірме берді.
"Мемлекеттік кірістер комитеті тұрақты негізде көлік құралдарының импортын маркалары, үлгілері, әкелінетін елдері, баға диапазондары тұрғысынан талдайды. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін МКК-ның интернет ресурстарында баға туралы ақпарат жарияланады (сілтемесі: https://kgd.gov.kz/kk/content/bagalyk-akparat-1). Сонымен қатар  сайтта кедендік төлемдердің ставкаларын қараудың қосымша мүмкіндігі бар. Бұл негізінен азаматтарға кедендік төлемдер сомасын алдын ала есептеуге мүмкіндік береді. Алайда  бірқатар кәсіпкерлер немесе делдалдар кедендік құнын төмендетіп, бюджет кірісінің көлеміне тікелей әсер етуде. Биыл 1 164 көліктің құны 300-ден 3 000 АҚШ долларына дейін декларацияланбақ болған", – делінген комитет хабарламасында.
Хабарламасында комитет бірнеше мысал келтірген. Олардың айтуынша, Грузиядан әкелінген 2020 жылғы Toyota Camry маркалы көлігінің бағасы төмендетіліп көрсетілуде.
«Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кедендік рәсімдеу кезінде 1 300-ден 17 500 АҚШ долларына дейінгі диапазондағы бағаны мәлімдеген. Орташа мәлімделген баға 11 000 АҚШ долларын құрайды. Грузиядағы автомобильдерді сату сайтында (autopapa.ge) осыған ұқсас көліктер 20 000-нан 27 000 АҚШ долларына дейін бағаланады. Жарамсыз көліктердің құны 12 000-18 000 доллар аралығында. Отандастарымыз люкс көліктердің де құнын төмендетуге тырысуда. Атап айтқанда, 2021 жылғы Mercedes Benz AMG G63 – 8 500$, 2021 жылғы Toyota Land Cruiser 300 – 15 000$, 2021 жылғы LEXUS RX 450H – 4 500$ деңгейінде баға көрсетілген», – дейді комитет өкілдері.
Барлығы 2022 жылдың 1 жартыжылдығында көлік құралдарының құнын 53 миллион АҚШ долларына кемітіп көрсеткені анықталған. Олардан 6,5 миллиард теңге қосымша кедендік баж бен салық алынды. Ал егер автокөлік иелері көліктерді сатып алғанын растайтын құжаттарды ұсынған жағдайда кедендік рәсімдеу декларацияда мәлімделген құн бойынша жүзеге асырылады.