Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің 2-курсында оқитын 10 студентке тәртіп бұзды деген айып тағылып, оқудан шығарылды. Мемлекеттік грант иегерлерінің мұндай қадамға баруына не себеп? Олардың өздерінен төмен курста оқитын студенттерге әлімжеттік жасағаны рас па?
Университет басшыларының сөзіне қарағанда, оқиға 30 қаңтар күні түнде болған. 2-курстың 10 студенті 1-курста оқитын балаларды 304-бөлмеге шақырып, сол жерде ұрып-соққан. Ұстаздар таңға жуық студенттердің сол бөлмеден ақсаңдап шыққанын дәліздегі бейнекамералардан байқаған. Дегенмен қос тарап та «Ешқандай төбелес болған жоқ» деуден танбай отыр. Зардап шеккенін айтып полицияға арызданған да ешкім жоқ.
«Төбелестің болғаны туралы біз бірнеше күн балалардан сұрадық. Ана жақта да сұрап жатыр. Ақырында мойындалды. Біз этикалық кеңес өткіздік. Этикалық кеңестің мүшелерімен келісіп, тәртіп бұзылған, осындай жағдай болған дегеннен кейін мен ұсыныс жасадым. Жағдай осылай ушыққан соң, бәрі бірдей оқудан шықпау үшін, тіптен араларындағы бір студент бар кінәні мойнына алған. Студенттерді оқудан шығару керек деген ұсынысымнан қайтпаймын. Олар университет пен жатақхананың тәртібін бұзды. Оқудан қуылған студенттердің ата-аналары шырылдап тұр. Түсінемін. Ал бірақ 1-курстағы балалардың жағдайын кім түсінеді? Екі жақтың балаларымен де кездесіп, сөйлестім. Басында бәрі істі мойындаған жоқ. Кейін түсініктеме жазды. Сол кезде оқиғаның рас екені анықталды», – дейді ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің деканы Өмірхан Әбдіманұлы.
Өздерінің жазықсыз екенін қанша айтса да, кінәлі деп табылған 10 студент енді бұл университеттің тәлімгері болып саналмайды. Олар еліміздің әр қиырынан келген. Кейбіреуінің ата-анасы жағдайды ести сала Алматыға жеткен. Ректордың шешіміне қарсылық танытқан жүздеген студент пен оқудан шығып қалған студенттердің жақындары наразылық білдіруде. Олар мәселенің ақ-қарасын анықтаймыз деп білек сыбанып отыр.
Әлімжеттік жасады деп айыпталған студенттің бәрі университеттің қоғамдық өміріне белсене араласып келген. Шетінен оқу үздіктері, өнерлі әрі бір-бір ұйым, клуб жетекшілері. «Студенттік көктем», «Ана тілі аруы» сынды көптеген байқауларды ұйымдастыруға атсалысқан.
«126 балмен грантқа түскен едім. Ақтөбе облысынан осында грант ұтып алғам. Иә, түнде жиналдық. Жатақхана тәртібін бұздық. Бірақ ол үшін оқудан шығару дұрыс па? Төбелес болған жоқ. Анонимді арыздар ғана. Нақты біреудің атын атап көрсеткен арыз жоқ. Бізді жатақханадан шығармай жатып, орнымызға адам алып үлгеріпті. Осыған дейін оншақты рет түсініктеме жаздым. Мәжбүрледі. «Мойындаңдар» деді. Біреуің мойында деген әу баста. Енді оның саны көбейіп кетті. Нақты кімнің кімнен таяқ жегені туралы қағазды көрсетпей отыр», – дейді оқудан шығарылған Ертай Біләлов.
Оқудан шығып қалған студенттер, олардың достары мен туыстары жазаның тым қатаң екенін айтып, «ескерту беріп, жатақханадан шығарса да, оқуды жалғастыруға рұқсат берсе екен» дейді. Дегенмен университет басшылығы қабылданған шешім күшін жоймайтынын айтуда.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ