Полицейлер Бурабайдағы балалар лагерінде 11 жасар баланың жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатысты қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.
«НеМолчи.kz» қоғамдық қорының президенті Дина Таңсәрінің айтуынша, қорға 11 жасар баланың ата-анасы шағымданған. Олардың айтуынша, ұлдарына 2011 және 2008 жылы туған екі бала жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекет жасаған.
«Онымен қоймай, киімін, шалбарын, іш киімін шешіп, мазақ еткен. Бұл жаға ұстатар сұмдық жағдай – басшылығы балалардың қауіпсіздігіне кепілдік берген балалар лагерінде болған! Бұл жағдайды ести сала аға тәрбиеші зардап шеккен баланы зорлық көрсеткен балалармен татуластыруға, шу шығармауға көндіруге кіріскен. Дегенмен баланың ата-анасы кінәлілерді заң бойынша жазалауды талап етіп отыр», – деп жазды Дина Таңсәрі әлеуметтік желіде.Ақмола облыстық Полиция департаменті “Жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерге мәжбүр ету” бабы бойынша қылмыстық істі тергеуге кірісті.