Бетперде тағу, қашықтан жұмыс істеу: коронавирусқа қатысты шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралды
Бетперде тағу, қашықтан жұмыс істеу: коронавирусқа қатысты шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралды
591
оқылды
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстанның аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, – деп хабарлады Үкіметтің  Telegram арнасы. Қазақстанда соңғы аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы 3,2 есе өсті. Олардың 89%-ға жуығы екпе алмаған және соңғы 6 айда ревакцинациядан өтпеген. COVID-19 бойынша халыққа медициналық көмектің көрсетілуіне Нұр-Сұлтан қаласындағы БМСК ұйымдарына бару арқылы жүргізілген мониторинг нәтижелері белгілі болды. Қаланың 8 емханасында жүргізілген мониторинг емханалардың 12%-да (жеке медициналық ұйымдар) сүзгі-кабинет жұмысының ұйымдастырылмағанын, COVID-19 жұқтырған науқастарға қашықтан мониторинг жүргізілмейтінін, дезинфекция,  бетперде режимі, әлеуметтік қашықтық сақталмайтынын көрсетті. Вице-премьер Ералы Тоғжанов Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне COVID-19 жұқтырған науқастармен жұмыс жүргізу алгоритмін сақтамайтын медициналық ұйымдарға тиісті шара қабылдауды және осындай тексерулерді барлық өңірде жүргізуді тапсырды. Матрицаның өзектендірілгені ескеріле отырып, эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда шектеу шараларын енгізу шарттары қайта қаралды. Өңір "жасыл" аймақта болып, бірақ "R" саны жоғары болса, жабық орындар мен қоғамдық көлікте бетперде тағу ұсынылады. Өңір "сары" аймаққа ауысқан жағдайда: - науқаспен байланыста болғандарды қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру; - COVID-19 жұқтырған науқаспен байланыста болған екпеге қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге ауыстыру; - білім беру ұйымдарында топтарды біріктіре отырып, іс-шараларды өткізуді болдырмау (топтарда іс-шараларды өткізуге рұқсат етіледі); - объектілерде санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтау, - объектілерде үй-жайларды күнделікті ылғалды жинау және желдету. Медициналық бетпердені тағуға кеңес беру: - халық көп жиналатын орындарда (әуежайлар, теміржол вокзалы, автовокзалдар, базарлар,  сауда үйлері, театрлар, кинотеатрлар, ХҚКО, банктер, көрермендерді қатыстыра отырып өткізілетін спорттық шаралар); - ұйымдасқан ұжымдарда; көліктің барлық түрінде (қоғамдық көлік, әуе, теміржол, халықаралық автобус тасымалдары). Отырыс соңында Е.Тоғжанов мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге халықты вакцинациялау және ревакцинация жасату жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.