Jas Otan Жастар қанаты (ЖҚ) өкілдері Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары оқу орындары мен колледж жатақханаларына мониторинг жүргізді.
Jas Otan ЖҚ өкілдері әуелі жергілікті атқарушы органдармен, жастар ұйымдарымен, жергілікті полиция қызметінің және төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп «Политехникалық колледж» және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барды. 2019 жылы 21 тамызда Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаев қазақстандық жоғары оқу орындарында парақорлық фактілері бойынша мәселені зерделеуді, жатақханалардағы орындарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық мәселелерін, студенттік үйлердің жағдайын және жастардың басқа да мәселелерін қарауды тапсырған болатын.
Политехникалық колледж ғимаратын тексеру кезінде көптеген жайсыз жағдайлар анықталды. Себебі колледж жатақханасының авариялық шығу есіктері жабық, терезелер ашылмайды және ғимарат ішінде тазалық сақталмаған. Жатақхана меңгерушісі Талғат Шаймерденовтің ғимаратты араламағанына көп уақыт болған сыңайлы. Ол сынған есіктер мен терезелерді көріп, бұрын мұндай жағдай болмағанын айтып ақталды. Жатақхана ғимараты 1966 жылы салынған, содан бері мүлде жөндеу жұмыстары жүргізілмегені белгілі болды.
– Жастар үшін барлық қолайлы жағдайды жасауымыз қажет. Тексеріс барысында есіктердің жөнді жабылмайтынын, электр сымдарының шірігенін көрдік. Жастар осылай өмір сүруге тиіс пе деген ойда қаласыз. Біз Нұр-Сұлтан қаласындағы жатақханалардың барлығын тексеріп, студенттердің жай-күйімен танысатын боламыз, – деді Jas Otan ЖҚ төрағасы Елнұр Бейсенбаев.
Жатақханалардың көпшілігінде бөлмелердің жайсыз екені, еден тесіліп, есік тұтқалары сынғаны аңғарылады. Студенттердің киімін жинастыруға қажетті шкафтар мен бөлме жабдықтары жоқ. Сондай-ақ кереуеттерге төселген төсеніштер тым жұқа, төсек-орны таза емес. Тіпті, кейбір ер балалардың жастықтары жоқ. Дәретхана жағдайын айтпаса да белгілі. Бөлме қабырғалары ылғал, соның әсерінен жағымсыз иіс шығады. Кір жуатын орынды жатақхана қызметкерлері құлыптап қойған. Осыдан соң, жастар қанаты өкілдері колледж басшылығына жағдайды тез арада ретке келтіруді тапсырды.
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жатақханаларының жағдайы орташа. Студенттер үйінде көңіл толмайтын жерлер де жоқ емес. Қауіпсіздік басты мәселеге айналып отыр. Жатақхана жағдайымен Студенттер үйінің директоры Мерей Шаменов таныстырды. ЕҰУ-дің жатақханаларында ас үй мәселесі жолға қойылмаған. Тамақ пісіретін орын лас. Қабырғаларға тамақ майы тиген. Жатақханадағы әр қабатта екі кішкентай тоңазытқыш пен бір ғана микротолқынды пеш бар. Студенттер тамағын жатын бөлмелерінде ішуге мәжбүр. Бұл санитария талаптарының сақталмағанын білдіреді. Терезелердің ашылуы қиын. Студенттер ашып айтпағанымен, жатақханада егеуқұйрық бар деген сыбыс жүр. Университет басшылығы ас үйдегі тазалық жайын реттеу үшін жатақхананың әр ғимаратынан ақылы қызмет көрсететін асхана ашуды жоспарлап отырғандарын жеткізді. Дегенмен бұл жоспар әлі талқылануы тиіс.
– Біз 2020 жылдың наурызына дейін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе аламыз деп уәде бермейміз. Баспалдақ кафельдерін ауыстыруға және оқу залдарын жиһазбен жабдықтауға болады, бірақ қалған құрылысты қажет ететін жерлерді күрделі жөндеу жұмыстары кезінде ғана орындаймыз. Бөлмелер мен ас үйді студенттер өздері таза ұстауы тиіс. Ол үшін жастарға тазалық шараларын түсіндіретін боламыз, – дейді Студенттер үйінің директоры Мерей Шаменов.
Жастарға сапалы білім беру үшін студенттер жағдайын ылғи бақылауда ұстаған жөн. Жайсыздық болған жағдайда студенттердің сабақ үлгерімі де нашарлайтыны анық. Алдағы уақытта да студенттерге арналған жатақханаларға тексеріс жүргізіліп отырады. Колледж бен жоғары оқу орындары білім алушыларға көңіл бөлмеген жағдайда, түрлі шаралар қолданылады.
– Студенттер бос уақытын тиімді пайдаланғысы келеді. Жатақханаларды аралап шықтық. Көргеніміздей, жастарға қолайлы жағдай жоқ, санитарлық-гигиеналық нормалар көп жерде сақталмай отыр. Оқу залдары өте тар. Тіпті бір қабатта тұратын жалпы студенттер санының 10 пайызы да сыймайды. Сонымен қатар қауіпсіздік, мәдени-бұқаралық, спорттық іс-шараларды ұйымдастыру керегін оқу ордалары ескерсе. Ол бағытта да жұмыстануды бастаймыз. Осындай мониторингтер жиі өткізіледі. Келешек мамандардың жағдайы жақсы болғанын қалаймыз, – деді Jas Otan ЖҚ төрағасы Елнұр Сабыржанұлы.
М.ХАҚНАЗАР