Биыл Каирдегі Сұлтан Бейбарыстың мешітін қалпына келтіру жұмыстары аяқталады. Бұл туралы Қазақстанның Мысырдағы елшісі Арман Исағалиев пен МАР көне ескерткіштер және туризм министрі Халед Әл-Аннанимен кездесуінде белгілі болды.
Сонымен бірге екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты дамыту жолдары қарастырылды. Айта кету керек, соңғы жылдары Қазақстаннан Шарм аль-Шейх пен Хургадаға тікелей чартерлік рейс ашылғалы бері Мысырдың шипажайларына баратын қазақстандық туристің саны едәуір артқаны байқалады.
Мысырда кеңінен жүріп жатқан ақпараттық жарнама жемісін беріп, туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы да артқан. Осыған орай, елші екі ел арасындағы туристік ағымды кеңейту үшін мысырлық әуекомпаниялардың Қазақстанға тікелей әуе рейстерін ашуға қолдау көрсетудін сұрады. Ал Халед Әл-Аннани МАР Азаматтық авиациямен бірлесіп бұл мәселені жақын арада шешуге уәде етті.
Оның айтуынша, қосымша рейстердің ашылуы тек өзара туризмнің өсуіне ғана емес, екі ел арасындағы бизнес қатынастары мен сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жандануына серпін береді.
А.Исағалиев Ұлы дала елінің даңқты перзенті Сұлтан Бейбарыстың Каирдегі мешітін қалпына келтіру жұмыстарын жаңғыртқаны үшін Мысырдың үкіметі мен көне ескерткіштер және туризм министрлігіне зор алғыс білдірді.
Қазіргі кезде жұмыс қарқынды жүруде. Аталған жобаның бас мердігері – Мысыр мен Таяу Шығыстағы ең ірі Arab Contractors құрылыс компаниясы өкілдерінің айтуынша, мешітті реставрациялау жұмыстары толығымен 2020 жылғы шілдеде аяқталуы тиіс.
Әділ БЕК