Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты: Шешімді көрермен шығарғаны дұрыс
Дархан МЫҢБАЙ, Мәжіліс депутаты: Шешімді көрермен шығарғаны дұрыс
©https://turkystan.kz/
Американың Pixar және Walt Disney Pictures сту­диялары шы­ғарған «Базз Лайтер» ани­ма­ция­лық фильмі 14 шіл­де­де прокатқа шы­ғуы тиіс еді. Алай­да әлеуметтік же­лідегі кейбір қол­данушылар фи­льмнің көрсетілуіне қарсылық білдірген. Мультфильмдегі екі әйел кейіпкер­дің сүйісуі біржыныстылардың қатынасын насихаттау деп санайтындар фильмге тыйым салуды сұрады. Тіпті, маусымның соңында фильмге тыйым салу туралы петиция ашылып, оған 37 мың­нан аса адам қол қойды. Осыдан соң көптің сұранысын ескерген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев анимациялық фильмнің Қазақстан аумағында прокатқа шығарылмайтынын айтты. Әйткенмен, қоғамның наразылығына тап болған Базз Лайтердің хикаясын баяндайтын мультфильмді қолдайтындар да табылды. Осы орайда біз Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбайдың ой-пікіріне құлақ түрдік. – Әйгілі мультфильм бізге де жетті. «Базз Лайтер» мультфильмін прокаттан алып тастау қажет дейтіндер де, көрсетілсін деп қолдайтындар да көп. Бұл позицияда сіздің пікіріңіз қандай? – Көп елдермен қатар біздің елде де қоғамдық пікірталас тудырған мультфильмді жасағандардың еңбегін бағалау керек. Өйткені біздің елде мультфильмге көңіл бөлмей, өте жеңіл қарайтыны, тіпті жеткілікті дәрежеде бағаламайтыны өтірік емес. Бәлкім, айтыс-тартысқа түскен туынды бұдан кейін жалпы мультфильмге мемлекеттік маңызы бар іс, идеологиялық туынды деген көзқарас қалыптастырса, біздің ұпайымыз түгелденер еді. Ал дәл бүгінде қолдай салу мен өре түрегеліп, қарсымыз деп айтып қалу – екінші мәселе. – Бұл мультфильмге Сауд Ара­биясы, БАӘ, Кувейт, Малайзия елдері тыйым салып, артынан мультфильм авторлары тыйымға себеп болған тұсын алып тастаған. Бірақ батыстағы көрермендер автор­ларды цензура жасады деп айыптаған соң қайта қосты. Бізде де бұл мәселе қайта қаралып жатыр. Бұл тұрғыда қандай шешім шығарған дұрыс? – Шешімді көрермен шығар­ғаны дұрыс. Осы бір дабылдың өзі «қатардағы туындыны жарнамалаудың тәсілі емес пе?» деген ой келеді. Оны бөтен елдің қолымен, оның дәстүрі мен менталитеті есебінен жасату амалын шебер пайдалануға да болады. Оларға шу көтеріп, өзгелердің тыйым салғаны керек болып тұрғандай. Ал кез келген көрерменнің ақпараттық қорғаны мен қамалы оның өресі мен санасының беріктігі. Бізде мемлекеттің конституциялық құры­лысына қарсы дүниеге тыйым салатын, ұлттық құндылықтарды қорғайтын заңнама жеткілікті. Қалғаны бос сөз. – Осындай кереғар пікірлер туындаған тұста «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеудің» жолы бар ма? Көркемдік кеңестің талқысына ұсыну керек емес пе? Бізде бұл тұрғыда заң не дейді? – Көзі ашық, санасы ояу қазақ көрермені әлемде шығып жатқан әртүрлі мультфильмге емес, өз ұрпағының тәрбиесіне, сана-сезіміне ие болса, басқа цензураның, көркемдік кеңестің күлі көкке ұшатыны сөзсіз. Біздіңше, ең тиімді жол – отандық мультфильмді жасау, кәсіби мамандардың шығармашылығына барынша жағдай жасау. Сонда олар бәсекеге қабілетті дүние шығаратын болады. – Әңгімеңізге рақмет!