Жаңа Қазақстанға – жаңа жоспарлау жүйесі
Жаңа Қазақстан жаңа салық-бюджет саясатын жүргізетін болды. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жариялады. Президенттің айтуынша, бюджет деңгейлері арасында табыс әділ бөліне бермейді. Яғни, ең көп табыс табатын өңірлер дамуы кенжеледі. Себебі кірісі нашар өзге өңірлерді асырау үшін бұлардан көп қаржы алынады. Соңғы жылдары Үкімет біраз салық түрін төменгі бюджеттерге берді. Бұл оларды салықты мол жинауына ынталандыруы тиіс. Бірақ ең ірі, «майшелпек» салықтар бәрібір орталықтың еншісінде қалды. Президент елде қатаң фискалдық орталықтандыру қалыптасқанына, яғни барлық салықтық түсім орталыққа тартып алынатынына, алайда артынша ол түсімдердің өңірлер арасында дұрыс бөлінбейтініне назар аудартты. Салдарынан масыл өңірлер көбейді, олар табысты өңірге айналуға тырыспайды. Ақыр соңында елде донор 4 өңір ғана бар, қалғандары – 16 өңір дотациялық және олар орталыққа алақан жаюмен күнелтеді. 2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджетке сәйкес, биыл төрт донордан республикалық бюджетке 490 млрд 437 млн теңгеге жуық сома алынады. Нақтылай кетсек, Алматы қаласынан – 211 млрд 516 млн теңге, Атырау облысынан – 221 млрд теңгедей, Нұр-Сұлтан қаласынан – 38,4 млрд теңге, ал Маңғыстау облысынан 19,5 млрд теңге түсімі орталыққа алынады. Бұл осы өңірлер жұртшылығының наразылығын туғызып жүр. Мысалы, Парламент депутаттардың мәліметінше, халқы қарқынды өсіп келе жатқан, апатты, үш ауысымды білім ордалары көп өңір – донор Атырау облысында 2026 жылға дейін небәрі 48 мектеп салынбақ. Салыстырсақ, дотациялық Шымкентте 2025 жылға дейін 101 мектеп бой көтереді. Дотациялық Түркістан облысы республикада тұрғызылатын барлық мектептің төрттен бірін жалғыз өзі еншілеген. Мемлекет басшысы өңірлер салықтардың жиналуын арттыруға еш ынталандырылмағанын Үкіметтің қаперіне салды. Донор өңірлер: «қажеті қанша, бәрібір орталық алып қояды» дейді, ал дотациялық өңірлер: «қажеті қанша, бәрібір орталық береді» дейді. Сөйтіп, соңғыларының төл қаражаттарының тапшылығы тек арта береді. Қазір жергілікті бюджеттер өзіне қажетті қаржыландырудың бар-жоғы бестен бір бөлігін ғана өзі табады. Қ.Тоқавтың мәліметінше, «қалғанының бәрін орталықпен тіл табысып, ала салады».Кемшілікті жүйенің елге кесірі көп
Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова ескі салық-бюджет саясатының кінәратын көрсететін сорақы бір жайтты жеткізді. – Қазақстан бюджетінің сауатсыз жоспарланатыны соншалық, жыл бойында белгісіз себептермен ағымдағы шығыстарға қаражат жетпей қалады. Тосыннан туындаған не дамуға арналған емес, ағымдағы шығындар. Бұл – нағыз қисынсыз, мағынасыз нәрсе. Мысалы, саналы азамат ақшасы коммуналдық қызметтер ақысын төлеуге де жетпей жатса, онда пәтерді күрделі жөндеуді жоспарламайды ғой. Ал біздің Үкімет бюджеттің 8 пайызын немесе 1,2 триллион теңгесін даму бюджетіне бөледі. Ал ағымдағы шығыстарына қаржысы жетпейді. Оған сырттан қарыз тартуға, Ұлттық қорға ауыз салуға мәжбүр. Мемлекет басшысының тың бастамаларын қоспағанда, басқасының бәріне – Үкіметтің, бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің сапасыз жоспарлауы кінәлі, – дейді Есеп комитетінің басшысы. Ескі салық-бюджет саясатының тағы бір кемшілігі сол, қаржыландыру ісі шектен тыс бюрократияланған. Бюджетке енгізілетін барлық өзгерісті астанада Республикалық бюджеттік комиссия, ал өңірлерде мәслихаттар өз отырыстарында қарап, талқылап, шешім шығаруы, хаттама бекітуі міндет. Мұның бәрі жобаларды, бастамаларды жүзеге асыру мерзімінің созбалаңға салынуына әкеліп соқтырады. Мәселен, халық зарыға күткен, ашылатыны күні бұрын жария етілген әлеуметтік нысанның құрылысы тек үш жыл өткен соң басталып жатады. Жүйенің келесі олқылығы – басты орынға бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеруді қояды. Мердігер жобаға биыл бөлінген қаражатты нақты себептерге орай жыл соңында игере алмаса, ол «жосықсыз жеткізуші» болып танылады, «қара тізімге» кіріп, барлық мемлекеттік тендерге қатысу мүмкіндігінен айырылады, жобаға құйған төл қаржыларын қайтара алмайды. Осылай банкрот болған компания көп. Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі пандемия қарсаңында өңірдегі жайылымдарды 100 пайыз сумен қамтитын жоба – «Арыс–Түркістан 1» және «Мақтаарал 1» ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасын бастады. Осының арқасында ылғалы аз, шөлейтті жерлерге су барып, егін егуге, мал өсіруге жағдай жасалатын еді. Мұның сыртында заманауи ирригациялық жүйе көктемгі, күзгі су тасқыны кезінде жер үстіндегі ғана емес, астындағы басы артық суды әкетуге мүмкіндік беретін. Министрлік тендер арқылы бас мердігер ретінде Иранның Tunnel Sadd Ariana-мен келісімшарт жасасты. Ирандық фирма Шымкентте филиалын ашты, іске кірісті. Бірақ ізінше 2019 жылы Қазақстан Үкіметі шетелдік жұмыс күшін азайту науқанына кірісті: оған 2019 жылы 88 маманды әкелуге квота ұсынылған, ал іс жүзінде бар-жоғы 8-ін шақыра алды. Ізінше коронавирус індеті жайылып, шекаралар тарс жабылды. Сондықтан Ираннан жобаны жүргізіп, жергілікті жұмысшыларға жөн көрсететін 120 маман – кеңесшілер, инженерлер және басқасы, тіпті филиал директоры мен бас архитектор да Қазақстанға келе алмады. Мұны форс-мажорға жатқызып, пандемияның беті қайтқан соң ірі жобаны аяғына жеткізуге мүмкіндік беруге болатын еді. Бюджеттік жүйе оған жол бермеді. Соның кесірінен ирандық компанияны айтпағанның өзінде ирригациялық-дренаждық жүйелерді құрумен, мелиоративтік құрылғыларды төсеумен, арна қазумен шұғылданған қазақстандық қосалқы мердігер компаниялар зардап шекті, текке шығындалды.Президенттің тапсырмасы қалай орындалады?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бюджетті игеруге басымдық берілуі салдарынан орындалған жұмыстардың сапасы, бюджет шығыстарының тиімділігі кейінгі орынға сырғитынын сынады. Осы жөнсіздіктерден жаңа жүйе толық, түбегейлі арылғаны жөн. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, енді жаңадан енгізілетін салық-бюджет саясаты қаржы-экономикалық функцияларды өңірлердің пайдасы үшін барынша орталықсыздандыруы тиіс: кірістер мен шығыстар бабының айтарлықтай көлемі жергілікті деңгейге беріледі. Ол үшін әкімдерден сұрау мен талап күшейтіледі. Тек сонда ғана жергілікті биліктің ақырғы нәтиже үшін жауапкершілігі, рөлі артады. Қаржы министрлігіне, Ұлттық экономика министрлігіне, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне өңірлермен және сарапшылармен тізе қоса отырып, осы бағыттағы жаңа реформа пакетін әзірлеу жүктелді. Жалпы, салық-бюджет саясаты жетілдірілсе, жөнге келтірілсе, бұл салықтың көп түсуіне де оң әсер етеді. Өйткені банкрот болатын кәсіпорындар саны азаяды, тиісінше салықтық база қысқармайды, ұлғаяды. Айтқандай, Президенттің тапсырмасымен, Жаңа Қазақстандағы жаңғырулар аясында ел Үкіметі ірі бизнеске, әсіресе пайдалы қазбаларды өндірушілерге салықтық жүктемені арттырды. Парламент Салық кодексіне тиісті өзгерістерді қабылдады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірісті арттыру қажет. Әйтпесе, қазақ жерінің астындағы қазынаны көсіп-қазып алып жатқан инвесторлар өткен 30 жылдықта аз салық төлеп келді. «Қатты пайдалы қазбалар бағасының динамикасын талдадық. Мәселен, 2018-2022 жылдар кезеңінде әлемде биржалық металдар бағасы 40 пайыздан көп өскен, биржадан тыс пайдалы қазбалар – темір кені, хром кені, марганец және тағы басқасы орта есеппен 20-40 пайызға қымбаттады. Ал салық өспеген. Осыны ескере отырып, биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) 50 пайызы, ал қалған қатты пайдалы қазбалар бойынша – 30% көтеру жөнінде шешім қабылданды», – дейді министр. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуынша, жаңа салық-бюджет саясаты аясында бюджетаралық қатынастарды реформалау басталды: «Сондай-ақ бюджетті жоспарлаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни, жоспарлаудың мерзімі мен кезеңдері екі есеге қысқартылады. Өңірлердің пайдасына қарай қаржы-экономикалық функцияларды орталықсыздандыру қолға алынды. Бүгінде Бюджет кодексіне түзетулер әзірленді. Ол өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін күшейтеді, соның ішінде салықтық және салықтық емес түсімдердің қосымша түрлері жергілікті деңгейге беріледі», – деді Тимур Жақсылықов. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та өз ведомствосы Президенттің тапсырмаларын дереу орындауды қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясатын жетілдіру бағытында жаңа шараларды қабылдап жатқанын хабарлады. Мәселен, мемлекеттік сатып алулар жетілдіріледі. Құрылыс жұмыстарын орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстары бар мердігерлер іріктеледі. Бұл үшін меншігінде құрылыс техникасының болуы туралы міндетті талап белгіленеді. Осы мақсатта тіпті мамандандырылған техникалардың бірыңғай базасын құру жоспарланып отыр. Бұл тендерге қатысушылардың қолында қажетті құралдарының бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, құрылыс жұмыстарын орындауға қажетті төл, базалық техникасы жоқ мердігерлер іріктеуден өткізілмейді. Қорыта айтқанда, Президент сынынан соң Үкімет салық-бюджет жүйесіне сан-салалы өзгеріс-жаңғыруларды жүзеге асыруға кірісті. Олар сапалы пысықталып, тиімді іске асса, мемлекетіміздің шын мәнінде жаңаруына ықпал етіп, Жаңа Қазақстанның кетігін тауып, кірпіш болып қаланбақ.