Биыл тағы да 5 миллион гектар жайылымды мемлекет меншігіне қайтарамыз – Бас прокуратура
Биыл тағы да 5 миллион гектар жайылымды мемлекет меншігіне қайтарамыз – Бас прокуратура
Фото: syrboyi.kz
387
оқылды
Жайылымды пайдалану және олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету прокуратураның тұрақты бақылауында, – деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі. Тек соңғы 3 жылдың ішінде прокурорлар 18 миллион гектар бос және 3 миллион гектар заңсыз берілген жайылымды  анықтады. Олардың 5 миллион гектары мемлекетке қайтарылып, 4 миллион гектары айналымға тартылды. Жұмыс нәтижесі учаскелерді игеруге мүмкіндігі жоқ адамдар жердің жасанды тапшылығын тудыратынын көрсетті. Осы себепті адал фермерлер мен ауыл халқы жайылымдарды пайдалану мүмкіндігінен айырылады, бұл уақыт өте келе олардың тозуына алып келеді. Бүгінде елімізде шамамен 15 миллион гектар жайылым жетіспейтіні анықталды. Бұл жеке қосалқы шаруашылықтардың иелері мал жаюына кедергі келтіреді. Жағдайды жақсарту үшін биыл Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, мемлекетке қосымша 5 миллион гектар қайтару жоспарланып отыр. Жергілікті жерлердегі шаралар бойынша әкімдіктер қоғамдық жайылымдарды басқару жоспарларын бекітті. Бұл ауылдық елді мекендер маңындағы жайылымды жеке адамдарға беруге жол бермейді. Жайылымдарды беру кезіндегі бұзушылықтар және тиісті бақылаудың жоқтығы үшін прокуратура органдарының қадағалау актілері бойынша 520 лауазымды адам, оның ішінде 42 адам мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеті үшін тәртіптік жауапқа тартылды.