Нұркен Әбдіров жайлы фильм
Нұркен Әбдіров жайлы фильм
962
оқылды
Қарағандыда Кеңес Ода­ғының Батыры Нұркен Әбді­ров жайлы түсірілген көркем-деректі фильмнің тұсауы ке­сіл­ді. Бір сағат­тық туын­ды­ны алғаш бо­лып Қарағанды ака­де­­мия­сының курсантта­ры, бо­ла­шақ тер­геу­шілер тама­ша­­ла­­ды. Қоюшы режиссер Алексей Ка­менскийдің айтуынша, не­бә­рі 23 жыл ғана өмір сүрген қазақ батыры жайлы дерек аз. Сондықтан фильм түсіру оңайға соқпапты. Сценарий Нұркен Әбдіровтің анасы Бағжанның күнделігі бойынша жазылған. Ал түсіру жұмыстары Ресей мен Қазақстанның бірнеше қала­сын­да жүріпті. Туынды­да Нұр­кен Әбдіровтің көзсіз ерлігі баяндалады.  Алексей Камен­ский, фильм режиссері:
– Фильмді түсіру барысында біраз тың деректер таптық. Мә­се­лен, соңғы шабуылда Нұркен­мен бірге қаза тапқан атқыш Александр Комиссаровқа батыр атағы тек 20 жылдан кейін ғана берілгенін білеміз. Ал бұған Нұр­кен­нің анасы Бағжан апай ықпал еткен екен. Ол атақты жазушы Михаил Шолоховтың үйін­де қонақта болғанда бал­а­сы­ның серігіне Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнінде өтініш айтып, кейін ол жүзеге аса­ды. Фильмде бұл жайлы да айты­лады.
Айта кету керек, Нұркеннің 1942 жылғы 19 желтоқсанда жаса­ған соңғы көзсіз ерлігін Алексей Писанко былай еске алған екен. «Нұркеннің ұшағы­на оқ тиіп лапылдап жана бас­та­­­ғанда қанаттас досы Леша Писан­ко ұрыстан шығуын сұ­рап айғай салады. «...Нұркен Әбді­ров­тің оқ тиген ұшағы лапылдап жана бастады. Леша Писанко радио­эфир арқылы: «Ұрыстан шық, мен сені қорғаймын, өзі­міз­дің шепке қарай бұрыл!» деп жанталаса айғайлады. Әбдіров өзінің отқа оранған ұшағын жа­нар-жағармай таситын ма­ши­налардың жанына шоғыр­лан­ған неміс танкілеріне қа­рай бұрды. Жалындаған алты тон­налық ұшақ жанар-жағар­май құйылған цистернаға со­ғыл­ды. Жойқын жарылыстан жер сілкінді. Кейіннен белгілі болғандай, Нұркен Әбдіров пен оның атқышы Александр Комис­саров қыршын өмірін қиып, жаудың 6 танкісін, 2 зеңбірегін, ондаған солдаты мен офицерінің көзін жойды. Бұл фильм Батырға деген тағзым болса керек!   Ә.ЖҰМАН