Сенаторлар жұртшылықпен жүздесті
Сенаторлар жұртшылықпен жүздесті
202
оқылды
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нариман Төреғалиев жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында болып, Күйгенкөл, Жәнібек, Тау және Қамысты ауыл­дық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өткізді және ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Жиында аудан орталығындағы да, аудандағы ауылдардағы да ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдардың жағдайы, азық-түлік бағасының қымбаттауы, білім сапасы, дәрігерлердің жетіспеуі мәселелері сөз болды. Сенатор Бөкейорда ауданында да болды, жұртшылықпен кездесті. Тұрғындармен кездесуде жергілікті тұрғындарды алаңдатып отыр­­ған логистика, медицина, жұмыспен қамту және білім беру мәселелері туралы айтылды. Сондай-ақ электр сымдарының тозуы, Мұратсай ауылындағы фельдшерлік-амбулаторияны жөндеу, мал шаруашылығына арналған су көздерін пайдалануды оңтайландыру және басқа да әлеуметтік мәселелер көтерілді. Депутат барлық сұрақ­тардың қабылданғанын және уәкілетті мемлекеттік органдармен пысықталатынын атап өтті. Сенатор «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық тас жолының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Депутат жұмыстың баяу жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов кәсіби медиаторлармен кездесіп, медиация саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселесін талқыға салды. Жүздесуге қатысушылар медиаторлардың кәсіби қызмет барысында тап болатын проблемаларды сарапқа салды. Депутат кездесу барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарын орындау қорытындысы бойынша ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ағымдағы жылдың соңында Медиаторлардың бірінші форумын өткізу ұсынылғанын атап өтті. Сенат депутаты Қайрат Қожамжаров жұмыс сапары барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы 6636 әскери бөлімінің базасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Жоғарғы қолбасшылығының басшылығымен кездесті. Сенатор жылжымалы командалық пункт пен байланыс орталығының тактикалық-техникалық мүмкіндіктерімен та- ныс­ты. Депутат Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Парламент құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар мен әскери қызметшілерді құқықтық және әлеуметтік қорғауды жақсартуға бағытталған Заң қабылдағанын хабардар етті. Сенатор Алматы, Тараз, Талдықорған, Шымкент және Қызылорда қалаларында орналасқан «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің командирлерімен бейнеконференция байланысы арқылы кездесті. Отырыс барысында қызметтің негізгі бағыттары, оның ішінде Ұлттық ұлан бөлімшелерін сандық және сапалық жағынан нығайту және «Бүркіт» арнайы жасақтарын жасақтау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысы туралы есеп тыңдалды. Сенат депутаттары Бекболат Орынбеков пен Әбдәлі Нұралиев жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының Жуалы ауданында болды. Сенаторлар «Бірлік» және «Бақыт» шаруа қожалықтарының қызметімен, Нұрлыкент ауылындағы сүт тауары фермасының құрылысындағы «Гамбург» ЖШС жұмысымен танысты, сондай-ақ күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №30 Көктөбе орта мектебінде болды. Парламентшілер жұмысты сапалы жүргізуге баса назар аударды. Депутат Бекболат Орынбеков сонымен қатар Тараз қаласында болып, онкологиялық аурухананың, оңалту орталығының жай- күйімен және Талас өзенінің жағасын нығайту жұмыстарымен танысты. Бекболат Орынбековтің сапары Тұрар Рысқұлов атындағы ауданында одан әрі жалғасты. Сенатор Құлан ауылындағы Кенжебек Бекебаев атындағы орталық стадионда, 80 пәтерлі көп қабатты тұрғын үйде және мектеп-гимназияда болды. Онда қажетті инфрақұрылым құрылысы басталып, күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Депутат басталған жұмыстардың уақытында және сапалы аяқталуының маңыздылығын атап өтті. Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапары барысында Шымкент қаласының БАҚ өкілдерімен кездесті. Шарада БАҚ туралы заң жобасына өзгерістер енгізу, журналистердің мәртебесі, мерзімді басылымдардың қазіргі жағдайы мен кадр тапшылығы мәселелері талқыланды. Сенаторлар сондай-ақ Шымкент қаласы Ұлттық ұланының әскерилерімен және Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, материалдық-техникалық базаны, инфрақұрылымды және оқу-жаттығу базаларын аралады.