Алаяқтардың айласы таусылар емес
Алаяқтардың айласы таусылар емес
Қазақстанда алаяқтықтың жаңа әдісі пайда болды. Енді қоңырау шалғандар «алаяқтарды әшкерелеуге» көмек сұрайды. Петропавл қаласының 48 жастағы тұрғыны Юрий Фоминых та осындай алаяқтықтың арбауына түсіп қалған. Оған телефон соққандар өзін «Ұлттық банк қызметкеріміз» деп таныстырып, интернеттегі алаяқтарды әшкерелеуге көмектесуін сұраған. Нақтырақ айтсақ, адамдарды алдап жүрген кейбір несие менеджерлерін әшкерелеу үшін арнайы операцияға қатысуды өтінген. «Арнайы операция» аясында оған несие алып, сосын ақшаны есепшотқа аудару керектігін айтқан. Юрий келісіп, 4 миллион теңгеге екі несие алған. Қазір ол банктерге ай сайын 120 000 теңге төлеуге мәжбүр. Тәртіп сақшылары көпшілікті бейтаныс адамдарға сенбеуге, ешқандай есепшотқа ақша аудармауға шақырады. «Ішкі істер органдары жүргізіп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, азаматтар мұндай оқиғаларға жиі сеніп қалады. Күдіктілер Қазақстаннан тыс жерде болғандықтан бұл қылмыстарды ашу қиынға соғады. Ал жәбірленушілер несиені өз қалтасынан төлейді», – деді СҚО ПД аға жедел уәкілі Андрей Акопян.