Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Асар-2 шағынауданында жаңа пәтерлерге қоныстанатын 40 отбасыға баспана кілтін табыстау рәсіміне қатысты. Жаңа қоныс иелерінің қатарында көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, сондай-ақ бюджет саласының қызметкерлері бар. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары аясында төлем қабілеттілігін растаған азаматтарға берілді.
«Әр отбасының өз баспанасы болуы – әлеуметтік әл-ауқаттың ғана емес, отбасылық берекенің де негізі» деген ұстаныммен қалада тұрғын үй мәселесін шешуге ерекше мән беріліп отыр. Себебі баспана – отбасының қауіпсіздігі мен тұрақтылығы, балалардың алаңсыз тәрбиесі және ертеңгі күнге деген сенім қалыптасатын орта. Биыл Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 7 386 пәтер беру жоспарланған. Оның ішінде 2 818 пәтер жалға берілетін, 4 568 пәтер – несиелік тұрғын үй.
Бүгінде кезекте тұрған 3 699 азаматтың баспана мәселесі шешілді. Оның ішінде 2 192 отбасы несиелік тұрғын үймен, 1 507 отбасы жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Жыл соңына дейін тағы 3 687 пәтер беру жоспарлануда.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан бұл жұмыстардың басты мақсаты – тұрғын үймен қамтуды сандық көрсеткішпен шектемей, адамдардың нақты қажеттілігіне бағыттау. Әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен отбасыларға қолдау көрсетуге басымдық берілуде. Отбасы – қоғамның берік іргетасы. Сондықтан әр шаңырақтың әл-ауқатын арттыру, балалардың лайықты ортада өсуіне жағдай жасау және азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу – Шымкенттің әлеуметтік даму саясатындағы маңызды бағыттың бірі.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
