Жамбылдағы жүйелі жұмыс жалғасын табады
Жамбылдағы жүйелі жұмыс жалғасын табады
480
оқылды
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің өңір тізгінін ұстағанына 100 күн толды. Есепті кезең ел есінде несімен қалды? Аймақ басшысының осы уақыт аралығында атқарған жұмысына жамбылдық жұртшылықтың берген бағасы қандай? Өңір басшысы Нұржан Молдиярұлының бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында осы сауалдарға жауап табылғандай болды.

Барлық саладаөсім байқалады

Облыс әкімінің айтуынша, алты айда барлық салада өсім байқалған. Эко­номикалық өсім 104,1 пайызды құрапты. Әсіресе, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, тұрғын үй құрылысы, сауда және байланыс салаларында өсім бар. Өңірге 155,8 миллиард теңгеге инвестиция тарты­лып, 255 миллиард теңгеге көлік қызметі көрсетілген. Өзіндік кірістер 60 миллиард теңгеге орындалып, 25,7 пайызға өскен. Есепті кезеңде бюджет қаражаты 99,9 пайызға игеріліп отыр. Мемлекет басшысының тапсыр­масымен әзірленген «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы бағдарын тауып, 2025 жылға дейінгі Жамбыл облысының даму жоспары әзірленген. Даму жоспары «Инвестициялық жобалар», «Бюджеттік инвестициялық жобалар» және «Жұмыспен қамту» сынды 3 негізгі бөлімнен тұрады. Инвестициялық жобалар бөлімі екі ірі ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларында 2025 жылға дейін құны 2 триллион теңгені құрайтын 1154 жобаны іске асыра отырып, 14,4 мың жұмыс орнын құруға бағытталған. Даму жоспары аясында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 73,5 миллиард теңгені құрайтын 711 жобаны іске асырып, 4,3 мың жаңа жұмыс орнын ашылмақ. Жыл қорытындысымен жалпы салада 110 жоба іске қосылып, 400-ге жуық адам тұрақты жұмысқа орналасады.

«Бір ауылда – бір жоба»

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту 10 бағытта жүзеге асса, ауылдық елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері елді мекеннің ауыл шаруашылығы саласы әлеуетін түбегейлі зерделеп, әр ауылдық округтің өнім өндіру, қайта өңдеу және өнімді өткеруде кластерлік тәсілді қолданып, жоспары әзірленді. Бұл тәсілді қолдану үшін 10 ауданнан бір ауылдық округтен, Тараз қаласынан бір массив таңдалынып алынған. Аталған жобалар кластерлік бағытта «бір ауылда – бір жоба» қағидаты­мен жүзеге асырылатын болады. 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға барлық көздерден 36,3 миллиард теңге, оның ішінде 19,4 миллиард теңге субсидия қаралған болса, биыл бұл мақсатқа 60 миллиард теңге бөлінген. Оның 31,2 миллиард теңгесі субсидияға бағытталды. Мұндай қолдау шаралары аясында барлық ауыл мен жеке кәсіпкерлер қамтылады.

Пилоттық жоба жалғасын табады

2019 жылы бастау алған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту бағытындағы пилоттық жоба биыл да жалғасады. Өңірге іссапармен келген үкіметтік делегация жобаның тиімділігіне көз жеткізіп, бұл тәжірибені ел көлемінде таратуды қолға алды. – Жобаның бірінші кезеңінде өңірдегі 11 ауылдық округке қарасты 25 елді мекендегі 7 856 отбасы қамтылды. Бұл мақсатта жалпы 9,2 миллиард теңге несие қаражаты бағытталды. 2021 жылы қайта­рыл­ған несиелер есебінен 3 ауылдық округте жоба жалғасын тапты. Пилоттық жобамен өңірдегі қалған 139 ауылдық округті қамтуға қажетті қаржы көлемі 75,5 миллиард теңгені құрап отыр.Ұсынысымыз Үкіметтен қолдау тапты. Бізде бұл жобаны ары қарай нәтижелі жүзеге асыру үшін тиісті кадрлар да, тәжірибе де жеткілікті. Ағымдағы жылы пилоттық жоба аясындағы жеңілдіктермен қамту үшін облыстың тағы 10 ауылдық округі белгіленді. Бұл бағытқа 6,4 миллиард теңге қаржы қажет. Қазіргі таңда жобаның бес бағыты бойынша ауылдық округтердің жоба-есептері нақтыланып жатыр. Қаржы мәселесі Үкіметпен бірлесе шешіледі, – деді облыс әкімі.

Жайылымдық жерлер тапшы болмайды

Өңірдегі өзекті мәселенің бірі – жайылым тапшылығы. Жайылым жерлермен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігі прокуратурамен бірлесіп, елді мекендердегі жайылым жерлердің пайдалануына зерделеу жұмыстары жүргізіп жатыр. Нәтижесінде, 683 мың гектар жайылым жер жетіспейтіндігі анықталған. Мәселені жүйелі түрде шешу үшін өткен жылдан бастап 5 бағыт бойынша жұмыс қолға алынды. Былтыр ауылдық округтерге 227,5 мың гектар жер берілген. Ал биыл қосымша елді мекен­дердің жайылымын ұлғайту үшін 418,4 мың гектар жер учаскесі берілмек.

Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңеюде

Биылғы 6 айда кәсіпкерлік субъекті­леріне 10,5 миллиард теңге шағын несие берілген. Екі мыңнан астам азаматқа 3,3 миллиард теңге грант қаралған. Тағы бір айта кетерлігі, инвесторлармен тығыз қарым-қатынас орнату әрі тиімділігін арттыру мақсатында 4 арнайы алаң құрылды. – Біріншіден, апта сайын өтетін инвестициялық штаб жұмысын бастады. Штаб жұмысына әрбір кәсіпкер қатысып, өз жобасын таныстыра алады. Бүгінге дейін штабтың 7 отырысы өтіп, 37 жоба қаралды. Оның 17-сі – жаңа жобалар. Қаралған жобалардың жалпы құны 1,5 триллион теңгені құрайды. Екінші кезекте, облыстық прокуратура жанынан құрылған сараптамалық кеңестің жұмысын жалғастырамыз. Ондағы мақсат, әрбір кәсіпкердің құқықтары мен мүддесін қорғау. Үшіншіден, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Өңірлік кеңес пен палата жанындағы іскер әйелдер кеңестері де кәсіпкерлерге қолдау көрсету алаңына айналатын болады, – деді облыс әкімі. Брифингте Нұржан Молдиярұлы халықты тұрғын үймен қамту, инфра­құрылым, білім, денсаулық және спорт саласын дамыту сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, алда тұрған мақсатты жұмыстар айқындалғанын да тілге тиек етті. Барлығы – бақылауда Сұрақ-жауап кезеңіне кезек берілгенде облыс әкіміне БАҚ өкілдері тарапынан сауалдар көп қойылды. Олардың ең өзектілері «Қазфосфат» ЖШС-на жуырда орын алған апат, Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын өткізуге дайындық жұмыстары, «Қаралма» тау-шаңғы кешені мен Радай көпірінің құрылысы, қант тапшылығы мәселелері болды. Аймақ басшысы «Қазфосфат» ЖШС-на қатысты қазір құрылған комиссия тексеру жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтса, Шерхан Мұр­таза­ның тойы қыркүйек айында дүркіреп өтетіндігін жеткізді. Ал «Қаралма» тау-шаңғы кешені инвестициялық жоба болғандықтан жеке кәсіпкер биыл құрылысты толықтай аяқтауға уәде еткен екен. Ал Радай көпірі құрылысы мен Шу өзенінің арнасына су реттегіш қондырғы орнату 2 миллиард теңгені құрап отырған­дықтар бұны облыстың бюджеті көтере алмайды. Сондықтан респуб­ликалық қазынадан қаржы қарауға ұсыныс жасал­мақ.