Қарағанды облысы қар күреу үшін Жамбыл, Түркістан аймағынан көмек сұрады
Қарағанды облысы қар күреу үшін Жамбыл, Түркістан аймағынан көмек сұрады
Фото: Интернеттен алынды
357
оқылды
Қарағанды облысы бораған қармен күресу үшін оңтүстік өңірлерден көмек сұрады. Қарағандылық техникалар елордаға жөнелтілген, сол себепті қаланы қар басты деген қауесетті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жоққа шығарды. Аймақта қар үйінділерін тазалауға барлық күштер жұмылдырылған. Республикалық жолдарды тазалауға қосымша ауыр техника оңтүстік өңірлерден келеді. ­­– Техника облыстан кетіп қалды, елордаға көемкке жіберілді деген қауесет таралды. Бұл жалған ақпарат деп айтқым келеді. Бір де бір техника басқа өңірлерге кеткен жоқ. Барлық техника облыста жұмыс істеуде, – деп атап өтті аймақ басшысы. Қарағанды облысында жолдарды күтіп ұстауға бюджеттен 8,2 млрд теңге бөлінген. Осыншама қаржы бөлінгеніне қарамастан коммуналдық қызметтер жолдарды уақытылы тазаламады. – Бұл ақша тек қар жинауға ғана бөлінген жоқ. Бұл жалпы барлық жолдарға – республикалық, облыстық, жергілікті маңызы бар жолдарға, сондай-ақ көшелерге бөлінген. Республикалық жолдардың ұзындығы бойынша Қарағанды облысы елде үшінші орында тұр, жергілікті маңызы бар жолдар бойынша бесінші орындамыз. Республика бойынша жалпы пайдаланымдағы жолдар желісі 90 мыңнан астам шақырымды құрайды, оның ішінде 12 мыңнан астам шақырымы біздің облысқа тиесілі. Сондықтан қыруар ақша бөлінген, ол дұрыс игерілмеген және тиісті сапа жоқ дегеніміз дұрыс түсінбеудің салдары екенін түсіну керек. Шын мәнінде, қажетті сома норматив бойынша керекті сомадан аз. Бұл бюджет мүмкіндігіне байланысты, – деп түсіндірді облыс әкімі. Қарағандыдан Нұр-Сұлтан бағытындағы ақылы терминалға дейінгі жол учаскесі қазіргі таңда аса күрделі болып отыр. – Өңірде қысқы күтіп-ұстаумен 2800 шақырым республикалық жол қамтылған. Қазіргі уақытта біздің қызметіміз тәулік бойы жұмыс істеуде. Біз техниканың жетіспеушілігі мәселесін шешуге тырысып жатырмыз. Оңтүстік өңірлерден, Жамбыл және Түркістан облыстарынан қосымша «Қазақавтодор» техникасын тартамыз. Ауыр техника, шнекороторлар, қосымша механизаторлар осы өңірлерден көмекке келеді, – деді «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Серік Айдос. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша, соңғы аптада облыстың елді мекендерінен 380 мың текше метр қар шығарылған. Тәулік бойы жұмыс ұйымдастырылуда, арнайы техника мен жұмыс күшінің саны артты. – Осы аптада су тасқыны қаупі бар аймақтарды аралау басталады. Өткен жылдарды ескерсек, бізде 170-тен астам елді мекен су тасқынына ұшырады. Әрбір тармақ бақылауда. Қала және аудан әкімдері мұның бәрін жақсы біледі. Барлық мәселелерді алдын ала пысықтау керек. Қар шығару - күнделікті мониторингте, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Қоғамдық көлік жұмысында кедергі болмайды деп ойлаймыз. Қазір аялдамалар маңы тазартылды, жол кеңейтіліп, қар шығарылып жатыр, – деді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров. Облыс әкімі қоғамдық көлік қызметінде де қиындықтар туындамас үшін дайындық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ республикалық маңызы бар жолдарда да кедергілер болмауы тиіс екенін ескертті. Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы