"Зерде" холдингін тарату ісі екі басшы арасындағы жанжалдан емес - министрлік өкілі
"Зерде" холдингін тарату ісі екі басшы арасындағы жанжалдан емес - министрлік өкілі
"Зерде" холдингінің таратылуы әлеуметтік желіде жазып жатқандай тұлғааралық жанжал емес. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігінің баспасөз хатшысы Ерхан Тәткен Facebook парақшасында мәлімдеді. "Зерде" холдингі қызметін одан әрі жалғастыру немесе жалғастырмау мәселесі Есеп комитеті анықтаған олқылықтардан кейін назарға ілігіп отыр.
"Холдингті тарату барысында қызметкерлерді жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетіледі, сондай-ақ оларға заңнама шеңберінде қажетті өтемақы беріледі. Министрлік қазір осы мәселе бойынша жұмыс істеп жатыр және жағдайды ерекше бақылауда ұстап отыр", - деді Ерхан Тәткен.
Ол бұл процесті жеке бас мәселесіне қатысты деп көрсету және министрді "Зерде" холдингінің басшылығына қарсы қою дұрыс емес екенін айтты.
"Холдингтің таратылуы кейбір интернет пайдаланушылар атап көрсетіп жатқандай, екі басшы арасындағы түсініспеушілік емес", - деді ол.
Сондай-ақ ол холдинг жүргізген аудит нәтижелеріне қатысты мәселе шетте қалмайтынын айтты.
"Барлық қажетті тексеру іс-шаралары, оның ішінде оны таратуға қатысты шаралар заңнамаға сәйкес жүргізіледі. Сөзімнің соңында, құрметті БАҚ өкілдері! Ресми, шынайы ақпарат алу үшін Сіздер әрқашан министрліктің баспасөз қызметіне және жеке өзіме жүгіне аласыздар", - деп түйіндеді баспасөз хатшысы.