ШҚО-ның шенеуніктері бір күнін Қылмыстық атқару жүйесіне қарасты ОВ-156/20 ерекше тәртіптегі түзеу колониясында өткізді.
Аталмыш мекемеде аса ауыр қылмысқа барған сотталушылар жазасын өтейді.
Мемқызметшілер отрядтарды, тігін және жиһаз цехтарын аралады, бейнебақылау камераларын көріп, сотталушыларға жасалған жағдаймен танысты, түрмедегі асханадан дәм де таттты.
– Басында жай қызықтаған еді, бірақ артынша қонақтардың көңіл-күйі өзгеріп сала берді, жүздерін біртүрлі мұң басты, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басқарма басшысы Ренат Нәбиев. – Бұл экскурсияның басты мақсаты – жемқорлыққа араласқандардың жұмысын, отбасын қандай өмірге айырбастауы мүмкін екендігін тікелей көрсету еді. Өз көзімен көрген адам ғана тиісті қорытынды шығармақ.
Аталған іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Қылмыстық атқару жүйесінің өңірлік департаменті бірге ұйымдастырды. Экскурсияға «Шығыс – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен аймақтық ақпараттық-ағартушылық штабтың басшылары да қатысты.
Енді Шығыстағы шенеуніктер алдағы уақытта сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша сотталғандар жазасын өтеп жатқан түрмелерге де бармақ.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы