Мобилограф озып тұр
Мобилограф озып тұр
Фото: list-name.ru
845
оқылды
Бұрын қабілет-қарымың болғанымен, қызығушылық танытқан ісіңмен айналысып қыруар қаражат табу арман еді. Қазір мамандық бойынша екі қолға бір күрек таппағанмен, қалауын тапсаң, қар да жанады. Себебі нарықтың сұранысы креативті контент салып, бейнежазбаға жан бітіре алатын қабілетті және еңбекқор жандардың қызметіне тәуелді. Кәсібін дөңгеленткісі келетіндер де, көпшілікке танымалдығын арттыруды көздейтіндер де мобилограф пен моушн-дизайнерлердің жұмысы үшін ай сайын қомақты ақша ұсынуға даяр. Жансызға жан бітіреді Жансыз дүниеге жан біті­ріп, қимыл-қозғалыс беретін сиқырлы кәсіптің иесі – моу­шн-дизайнер. Ағылшын тілі­нен аударғанда motion – қоз­ғалыс, design – дизайн. Бүгінде моушн-дизайнерлер графи­калық дизайн, web-дизайн, 3D дизайн секілді бірнеше дизайн түрімен жұмыс істейді. Сұра­ныстың дені визуал мен видео-контентке артып отыр. Өйткені жеке компаниялардың дені әлеумет­тік желіні жақсы жүр­гізе ала­тын, видеоны жүз құбы­лтатын дизайнерлерді іздейді. Сол үшін дизайнер де сауатты жұ­мыс болса, әр кадрына ақша алады. Мысалға, бір кадр 10 доллардан басталады. Ал 3D ди­зайнның орташа бағасы – 300 мың теңге. Осы салада 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан моу­шн-дизайнер Жарас Сембай­ұлы негізгі мамандығы – сәу­лет­ші. Бірақ өз саласы бойын­ша көп істемеген. «Басында той саласында біраз жыл жүрдік. Кейін телеарналарда кішігірім сюжет түсіріп, бейнемонтаж жаса­дық. Видеоға ән мен сән беріп, дизайнерлікке аңсарым ауа бастады. Сөйтіп, білікті мамандардың қасында жүріп бейнежазбаларды өңдеудің біраз тәсілін меңгердім. Қо­сым­ша ютубтен дизайнерлік жұмыс туралы бейнекурстарды қарадым. Қазір де саладағы өзгерістерден қалыс қалмау үшін әр сабақты мұқият қарау­ды әдетіме айналдырғанмын», – дейді ол. Оның айтуынша, қазір моушн-дизайнерлерге қойылатын талап күшті. Бүкіл бизнес саласы өздерінің мүм­кін­діктерін көпшілікке әдемі етіп көрсеткісі келеді. Сон­дықтан тапсырыс берушілердің өнімін креативті етіп мон­таждап, дизайнын ерекшелеп өтімді қылудың түрлі тәсілін меңгеру керек болатын көрі­неді. – Біздің жұмысымыз – фильм жасау, бейнежарнама, бейнеролик және деректі фильмдерді жасау. «Білетінім – бір тоғыз, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, әлі де білмей­тінім көп. Әлі де даму үстін­деміз. Сәт сайын жаңа трендке сай дизайн пайда бола­ды. Сон­дықтан қазіргі заман талабына сай дамып отыру ке­рек, – деген Жарас Сембайұлы бейне­жазбаға көрік беру тек моушн-дизай­нерлердің ғана жұмы­сынан тұрмайтынын айтады. Бейне­ролик сауатты әрі сапалы шығу үшін мықты оператор мен сценарист, кре­ативті дизайнер қоян-қолтық жұмыс істеу маңызды. Қазіргі кезде моушн-ди­зайнер «Жаңа Қазақстан» жо­басы бойынша бірнеше жұмыс істеп жатыр екен. Бірқатар жұ­мыс­ын әлеуметтік желі­дегі парақшаларына бөлісіп, күн сайын бірнеше мың қара­лым жинайды. Мәселен, жа­қын­да ғана 25 минуттық «Кар­лаг» дерек­ті фильмін жарыққа шы­ғар­ған. «Сондай-ақ қазіргі заман­ның талабына сай «Тірі­дей Тараз» анимациялық роли­гін шығардық. Бұл жерде ескерткіштер мен нысандарды видеода қимылдатып, тірілтіп жан бердік. Оның өзіндік ерек­шеліктері бар. Бұдан бөлек, отбасылық зорлық-зомбы­лық­қа жол жоқтығын көрсететін «Көлеңке» деген жобамыздың бір санын шығардық», – дейді Жарас Сембайұлы. Кәсіби фотоаппараттың кө­ме­гінсіз-ақ, сандық камера­сы бар электронды құрыл­ғыларды қолдану арқылы сапа­лы бейне дайындайтын моби­лографтарға да сұраныс артып отыр. Қалта телефонмен сапа­лы видео түсіріп, оны монтаж­дау­дың қыр-сырын меңгерген­дер де молынан ақша табудың маманына айналды. Өйткені қазір көптеген клип­мэйкер, әнші мен әртіс, ол түгілі кәсіпкер­лердің өзі бұл саланың маман­дарына тәуелді. Мысалға, әлем­ге әйгілі Bentley ком­паниясы сонау 2015 жыл­дан бастап өздерінің имидждік роликтерін iPhone 5s және iPhone 6s телефондарына түсі­ріп бастаған. Бүгінде YouTube, Instagram, Tik Tok сияқты әлеу­меттік желілердегі контент­тердің 80-90 пайызы телефон арқылы қаралады. Бұл тұрғыда видеоның смартфонмен түсірі­ліп, монтаждалуы көрерменнің қабылдауына қолайлы. Оның үстіне, телефонмен түсірілген видеолар кәсіби камерамен жасалған жұмыстарға қара­ған­да арзан әрі танымал. Кәсіби камерадан қарағанда қалта телефонымен видео түсіріп, қыруар қаржыны үнемдей оты­рып мол қаламақы алуда тап­тыр­мас мүмкіндік. Сонымен бірге смартфон үнемі қал­таңызда болатындықтан, оны­мен видео түсіру де қолжетімді әрі жылдам. Сол үшін бүгінде кәсіби видеографтардың өздері де табыс көзі көбірек екеніне көз жеткізген соң моби­лог­рафияға қарай ауыса бастады. Ал алдағы бірер жылда моби­лографияға деген сұраныс тіп­тен арта түсуі мүмкін. Өйткені әлемге әйгілі алпауыт компа­ния­лар телефон өндірісінде оның камерасына 80 пайызға дейін басымдық беріп, монтаж жасауға арналған процессорлық және оперативтік күшіне де зор көңіл бөліп жатыр.

Мобилография – мамандық емес, хобби

Осылай деген мобилограф Ақнұр Сағатова «телефонды ермек етіп, күнделікті өзі үшін видео түсіріп бастаса, моби­лограф боп саналады. Моби­лография аты айтып тұрғандай, тек қана телефонға түсірілетін видео және бейнесуреттер» деп отыр. Яғни, қолынан осы іс келсе болды. «Қазір адамдар­дың санасы клипке құрылған. Олардың ұзақ мәтін оқып отыруға да шыдамы жетпей жа­тады. Сол себепті қысқа ви­део­роликтер уақытты да үнем­деп, көп ақпаратты қысқартып беруге болатын дүние. Қажет­тілік ретінде адамдардың сапа­лы контент күтуін айтар едім. Танымалдықтан гөрі заман­ның талабы деуге болады», – дейді Ақнұр Сағатқызы. Тек еңбек етсең болды. Дегенмен әр еңбектің бейнеті бар. Моби­лографтар бір шедевр видео жасау үшін көбіне 2 -5 сағат, тіпті кейде апталап уақы­тын сарп етуі мүмкін. Сол кез­де сабырлық танытып, істеген ісіңді соңына дейін жеткізген жөн. – Күніне тек 1-2 видео түсіруге болады. Видео тү­сіре­тін де арнайы уақыт болады. Кешке видео түсіру қиындық туғыз­ады, ал күндіз тым жарық. Көбіне кәсібін енді бастап, көрілім (охватты) көте­ретін адамдарға видео түсіріп берем. Жұмыстың қиындығы, әрине баршылық. Бұл саланы толық­тай білмеген адамдар видео түсіру мен мон­таж­дау оңай деп ойлайды. Ал шынына келгенде бұл да үлкен шығарма­шылық жұмыс. Тап­сырыс беру­шімен тіл табысу, оның ойын­дағыдай етіп ролик жасау – қиынның қиыны. Кейбір кезде адамдар мобилографтарға ақша бергенше, өзіміз түсіріп аламыз деп ойлайды. Бірақ кәсіби түрде айналысқан адам­ның мәнері мен үйренуші адам­ның видеоларында жер мен көктей айырмашылық бар, – дейді мобилограф Ақнұр Сағатқызы. Қарап отырсаң, күнделікті өміріміздің қалыпты элемен­тіне айналған әлеуметтік желі заманның талабына сай жаңа кәсіп иелерінің шығуына түрт­кі болып отыр. «Еңбегі жан­ғанның қозысы егіз туады» деген осы.