Қорғансыз қазақ қыздары
Қорғансыз қазақ қыздары
1,564
оқылды
Осыдан бір ай бұрын, 24 маусымда Томирис Байсафаның өліміне кінәлі деп танылған Мұртазәлі Меджидовқа қатысты сот шешімі шықты, ол 13 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кетейік, 2018 жылы 13 сәуірде Томирис Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институты ғимаратының 4-қабатынан құлап кетеді, үш апта жансақтау бөлімінде жатып, ақыры жан тәсілім етті. Бұл іс басында «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу», кейін «Өлтіру» бабымен қаралды. Араға екі жыл салып, 2020 жылы 28 шілдеде Дағыстанның экс-премьерінің ұлы Мұртазәлі Меджидов ұсталды. Тергеп-тексеру ісінің нәтижесінде ол қызды ұрып-соғып, кейін терезеден итеріп жібергені анықталды. Былтыр алқабилер Меджидовты кінәсіз деп таныған болатын, Мәскеу қалалық соты бұл істі қайта қарау туралы шешті. Биыл 2 қаңтарда Мәскеудің Никулин соты Томирис Байсафаның өліміне қатысты істі қайта қарайтыны белгілі болған еді, алайда Измайлов сотының алқабилері бірауыздан Меджидовты кінәлі деп таныды. Хош. Төрт жылдан астам уақыт өтті, 16 том іс қаралды, қанша өтініш-арыз, аппеляциялық шағым жазыл­ды, түбі әділдік орнады – кінәлі адам жа­засын алды. Еліміздегі БАҚ бұл жа­ңалықты жарыса жазды, төрт жыл бойы табандылық танытқан Томи­рис­тің анасының ерлігін айтып, сот­тағы жеңісімен құттықтап та жатты. Алайда бұл жеңіс пе? Томиристің анасы Жанна Ахметова жергілікті онлайн-басылымдардың біріне берген сұх­ба­тында: «Бұл мен үшін ешқандай жеңіс емес. Қызымды бұл өмірге қайтара алмайтыным хақ. Бірақ кінәлі адам жазасын алуы тиіс еді. Мен кешіре­йін, кешірмейін, же­ке тұлғаға қатыс­ты қылмыс жасалды, ол жазасыз қалмауы керек. Біз, әрбір ата-ана балаларды қызғыштай қорғап қана қоймай, оларға қорғануды, қа­уіпті жерден қашуды, өз қауіпсіздігін қам­тамасыз етуді үйретуіміз керек» деді. Расында, елімізде қаншама қыз­дың жас өмірі қорғануды білмегені­нен қыршы­ны­нан қиылуда. Көзі ашық, көкірегі ояу қыздарымыз өз-өзін қорғауда неге қауқарсыз? Мәселені сараптап көрейік.

Ата-анасын аяған қыз

Менің есімім – Аяулым, 23 жас­тамын. Нұр-Сұлтанда оқып, білім алдым, қазір осында бір мекемеде есепші болып қызмет істеймін. Бір ай бұрын әлеуметтік желілердің бірінде өзім қатарлы жігітпен таныс­тым. Бастапқыда желі арқылы хат алмасып жүрдік, танысып-білістік. Араға екі-үш апта уақыт салып, алғашқы кездесуге барып та үлгердім, жақсы жігіт көрінді. Екінші кездесуге досымен келді, кеш батып бара жат­қан уақыт еді, екеуі көлікке еркімнен тыс салып, алып қашты. Ақмола облысындағы бір ауылға апарып, сондағы әпкесінің үйіне түсірді. Табалдырықты аттаған бойда өмірім көз алдымнан өтті. Жол бойы сыртқа қашуға қанша ұмтылғаныммен, ер адамға күшім жетпеді. Биік дарба­за­мен қоршалған жер үй екен, ол жерден қашып шығатын мүмкіндік болмады. Сол үйде екі-үш сағаттай әлгі жігіттің ата-анасын күттік. Жол бойы жылап келгенім бар, қарсы­ласқаным бар, әбден шаршадым. Абырой болғанда, ата-анасы келіп, еркімнен тыс келгенімді көрген соң, үйіме қайтарды. Арыз жазбауымды өтінді. Анасы баласының бұған дейін де бір қызды еркінен тыс алып қаш­қанын, оны күштеп қалдырғанын, соңында баласы бір ай тұрып ажы­расып кеткенін айтып, жылап та қалды. Мені күштеп қалдырғысы кел­м­ей тұрғанының себебі де сол екен. Еріксіз келген келінмен бақыты баянды болмайтынына өткен жолы көзі жеткен. Сөйтіп, таңның атқанын күтіп, такси шақыртып, мені үйіме салып жіберді. Жол бойы жылап кел­дім, үйіме жеткен соң сырқаттанып та қалдым. Қазір психологқа барып жүрмін. Ата-анам Қостанайда тұра­тын­дықтан, оларға бұл оқиға туралы тіс жармадым. Үйде бірге тұратын әпкем арыз жазуға үгіттеген еді, қан­ша жерден оқталсам да, батпадым. Ата-анасының көз жасын көрдім, қарт кісілерге берген уәдемді бұза алмадым.

«Арыз жазуға қорқамын»

Менің есімім – Мәдина, 26 жас­тамын. Қазіргі Түркістан облысы Ор­дабасы ауданының тумасын. 2014 жылы Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне оқуға түстім. Бір топта 24 студент оқы­дық, оның үшеуі – қыз, қалғаны түгел ұл болды. Өзім еркекшоралау болдым да, көбіне ер балалармен жақсы тіл табысатынмын. 2-курстан бастап қаланың тұрмыс-тіршілігіне, университеттің жүйесіне бой үйренді, топтағы студенттермен жақын та­ныс­тық, содан қыдырыс басталды. Шәкіртақы түскен бойда клубқа ба­рамыз, ақшамыз таусыла бастағанда пәтер жалдаймыз, әйтеуір амалын тауып думандатып жүрдік. 3-курс аяқ­талуға жақындағанда сондай оты­рыстардың бірін қаланың сыртын­дағы коттедж үйде ұйымдастырдық. Көктем мезгілі болатын. Келесі күні ауылға жол жүруім керек еді, пойызға билет алып қойғанымды айтып, отырыстан ерте қайтуға қамдандым. Қалаға жүретін екі курстасым мені ала кететін болды. Біреуі қызып алған. Жол бойы маған «неге жігітің жоқ?», «жігітпен құшақтасып көрдің бе?» дегендей сұрақтар қойып, әзіл­деп келе жатқандай болды. Мен де аса мән бермедім. Дала тас қараңғы, қай тұста келе жатқанымыз да бей­мәлім, әйтеуір үлкен жолдың бойы. Бір уақытта көліктің бір жері бұзылды деп тоқтап, екеуі тысқа шықты. Кө­ліктің алдында ұзақ күбірлесіп тұрды. Содан қайтадан көлікке мініп, жол­дан бір дос баланың үйіне барып, көліктің свечасын ауыстыру керегін айтты. Жолдан түсіп қалып, әрі қарай қарай такси ұстап кетпек болған едім, «ұрлап кетсе қайтесің?» деп, өздері­мен алып кетті. Сөйтіп, бір жұпыны времянка сияқты жер үйге келіп тоқ­тадық. Екеуінің сұры өзгере бастады, жаңағы қызып алған танысым тіпті құтырған. «Көлік жөнделгенше, үйде отыра тұрайық» дегеніне көнбеген едім, көліктен күштеп шығара баста­ды. Сол сәтте бойымды қорқыныш басып, бір жамандық боларын сездім. Ауланы басыма көтеріп, айқайлай бастағаным сол еді, үйдің ішінен қолына пышақ ұстаған еңгезердей бір ер адам шықты. Біткен жерім осы шығар деп ойладым. Әрі қарай не болғанын бүге-шүгесіне дейін айта алмаймын. Бірақ, сол түні таңға дейін көрмегенді көрдім. Өздері де ішті, маған да ішкізді. Ішімдікке дәрі қосып жатқандарын да көрдім. Арасында есімнен танып, ұйықтап тұрған кезім де болды. Оянсам, таң атқан екен. Бойымды жинай алатын емеспін, өне-бойым сыздап, қал­шыл­дап барамын. Менімен көлікте келген курстасымның бірі ояу екен. Менің тұрып жатқанымды көріп, қасындағы екеуін оятты. Өзара кү­бір­лесіп болған соң, мені жатақханаға жеткізіп салатындарын айтты. Әлгі үйде болған еркек пышағын көкі­ре­гіме тіреп, егер арыз жазатын болсам, мені және жалғыз шешем мен 11-сы­ныпта оқитын інімді өлтіріп барып, түрмеге отыратынын ескертті. Бұған дейін бір қыздың ағасын өлтіріп, жеті жыл сотталып шыққанын, түрмеге отырудан қорықпайтынын да қапері­ме ілді. Содан көлікке отырып, жа­тақ­ханаға жеттік. Әлгі екеуі жол бойы егер әлдекімге тіс жарсам, менің ішкіш, бұзылған қыз екенімді бүкіл университетке жаятынын айтып, қай­та-қайта қорқытумен болды. Телефоныма інім мен анамның бай­ланыс нөмірлерін жіберіп, қалт кет­сем, оларға қауіп төндіретіндерін ай­тып жүрді. Сол күні анама хабарла­сып, университетте тәжірибе жұмы­сы­на байланысты мәселе туындап қалғанын, ауылға кейінірек қайтаты­нымды айттым. Екі аптадай ес жиып, сосын ауылға қайттым. Үш-төрт күн­нен кейін әлгі екеуі артымнан іздеп, ауылға келіпті. Ол жерде де қор­қытып жүрді. «Анаң мен ініңді көр­дік, оларға өлім тілемесең, ты­ныш жүр» деген мазмұндағы хаттар алып жүрдім. Төртінші курсқа келге­нім­де де артымнан қалмады. Күні-түні түрлі хаттар жазып, қысым көр­сетіп жүрді. Ол уақытта 21 жаста бол­дым. Арыз жазбақ түгілі, жан ба­ласына айтуға қорықтым әрі ұял­дым. Ел-жұрт не дейді? Бір адамға айтсам, бұл әңгіме жайылып кетпей ме? Университет бітірген соң да әлгі екеуі қыр соңымнан қалмай, арагідік үйімнің алдынан ұстап алып, арыз жазатын болсаң, сазайыңды береміз деп жүрді. Арада бес жыл өтті. Шы­нымды айтсам, әлі де арыз жазуға қор­қамын. Бұл оқиға туралы кейі­ні­рек бір құрбыма айттым. Ол да бұл жағдайды ұмытуға кеңес берді. Со­нымен бәрі құпия күйінде қалды.

«Қыздарымның әкесін түрмеге қимадым»

Менің есімім – Райгүл, 27 жаста­мын. Жолдасыммен бір отау астында 9 жыл өмір сүрдік. Бастапқы жылдары тату-тәтті едік. Екінші қызым дүние­ге келген соң, үйге ішіп келетінді шы­ғарды. Одан кейін ара-тұра қол көтеру басталды. Нақты себебін айтпайтын, әр нәрсені сылтауратып, ұрыс шығарады, үйдегі мүлікті сын­дырады. Бір-екі рет төркініме кетіп те қалдым, кешірім сұрап, қайта әке­тіп жүрді. Содан соң үшінші балама жүкті болдым. Күйеуім ерекше қуан­ды, ішуін доғарып, асты-үстіме түсті. Кезекті медициналық тексерістен құрсағымдағы сәбидің қыз екенін білдік. Сол күні күйеуім жұмыстан та­ғы ішіп келді, сылтау таппай, сүл­гінің дымқыл екеніне тиісіп, жанжал шығарды. Көгала етіп мені, екі қы­зым­ды ұрды. Шырқыраған екі қы­зымның дауысын көршім естіген екен, көмекке келіп, араша түсті. Сол күні қыздарымның киім-кешегін жинап, төркініме кетіп қалдым. Ма­ған қол көтергені былай тұрсын, елік­тей екі қызғалдағыма қол көтер­геніне ызам келді. Әкем-шешемнің ауылына жете бергенде ішім тыры­сып, есімнен танып қалыппын. Так­си жүргізушісі жақын маңдағы ауруханаға жеткізген. Құрсақтағы сәбиім шетінеп кетті. Содан ем-дом қабылдап, ауруханадан шықтым. Кү­йеуіммен ажырасуға шешім қабыл­дап, арыз жаздым. Бірақ, құқыққорғау органдарына арыз жаза алмадым. Қыздарымның әкесін түрмеге тоғы­тып жіберсем, ертең олардың бетіне қалай қараймын? Әкем де қаматпа деді. Қазір қыздарымды алып, аудан орталығына көшіп кеттім. Күйеуім кешірім сұрады, ара-тұра хабарласып тұрады.

Құқыққорғау органдарына сенім жоқ

Сарапшылар қыздардың мұнша­лықты қорғансыз, өзін-өзі қорғауға қауқарсыз болуының себебін әртүрлі түсіндіреді. Заңгер Айман Омарова бұл жағдайды бірінші кезекте қыз­дардың құқықтық тұрғыда сауатты болмауымен байланыстырады. «Оның үстіне, жалған арыз үшін қылмыстық жауапкершілік бар. Мәселен, жәбірленуші қыз арыз жаз­ды делік, құқыққорғау органдары сапасыз тергеу жасайды, дәлел ай­ғақ­тарды уақытылы жинамайды және тағы басқа да себептермен істі жігіттің пайдасына шешуі мүмкін. Виктимизация (қылмыскердің жә­бір­­ленушіге айналып кетуі) – кейінгі кездері белең алған үрдіс. Ал қылмыс дәлелденбесе, қыздың өзі «Жала жабу» бабымен жауапқа тартылуы ықтимал. Мұндай жағдайлар көп кездеседі. БҰҰ зорлау, қорлау фактісі туралы арыз жазған әйелдерді ешқандай жауапқа тартудың қажеті жоқтығын айтып келеді. Алайда, мұ­нымен келіспейтін еліміздегі құқық­қорғау органдары егер жалған арыз үшін қылмыстық жауапкершілік бол­маса, әйелдер бұл «жеңілдікті» асыра пайдаланып, екі ердің бірін түрмеге тоғыта беретінін алға тарта­ды. Ал біздің қыздар қылмыс дәлен­бей қала ма деп қорқады. Тергеп-тексеру ісінің таза, әділ һәм адал өте­тініне сенбейді. Әрине, кейбір мінезді қыздарымыз табандылық та­нытып, өзін, құқығын қорғау жо­лында соңына дейін күресіп жатады. Бірақ басым бөлігі үнсіз қалады. Өйткені бұл қылмысты дәлелдеу, өзін-өзі қорғау жолы қиын», – дейді заңгер. Психолог мамандар жәбірленуші қыздар көбіне қылмысты жасыруға өздері «мүдделі» болатынын айтады. Мұның себебі – қоғамда «өзің кінәлі­сің» деген түсініксіз таптаурын бар. Қыздың қысқа көйлек кигені, дос­тарының ортасында ішімдік ішкені, темекі шеккені, сабақты нашар оқы­ғаны, тіпті, ұл тумағаны және тағы­сын тағылары оның жәбірленуші болуына жеткілікті себеп сияқты. Біздің қоғам қыздың өзін кінәлауға бейім тұрады. Сондықтан қыздар қандай да бір қылмыстың құрбаны болса да, оны жария қылуға қым­сы­нады. Өйткені өзі ұятқа қалуы мүм­кін, болашағына таңба болуы ықти­мал және т.б. Осы орайда, жақында Шымкентте бір бойжеткенге пышақ ала жүгірген жігіттің әрекеті бейне­бақылауға түсіп қалған еді. Қалалық полиция департаменті арыз жазған қыздың өзін қысқа шорты кигені үшін кінәлағаны еріксіз еске оралады. Мұндай мысалдар көп. Түйін. Томирис Байсафаның оқиғасынан екі нәрсе түйдік: бірі – сауатты болмасаң, соңына дейін кү­рес­песең, сот шешімі қылмыскердің пай­дасына шешілуі мүмкін, ал күре­су – біздің құқыққорғау жағдайында нағыз ерлік. Екіншісі – адамгершілік, иман, кешірім былай тұрсын, жеке тұлғаға қатысты жасалған қылмыс жазасыз қалмауы керек