Өскемендік экологтар өңірдегі іргелі кәсіпорын «Қазмырыштың» тексеру жүргізбек. Кәсіпорын экологиялық заңнама нормаларын бұзған болуы мүмкін дейді мамандар.
Нақтырақ айтсақ, 10 ақпан күні облыс орталығындағы қорғасын зауыты қорытпа шығарған.
Нәтижесінде, ауаға көп мөлшерде бу бөлінген. Аталмыш жағдайдың бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тараған еді.
– Мамандар дереу ауа сапасына тексеру жүргізіп, зиянды қалдықтардың бар-жоғын анықтады. Мәселен, зертханалық-сараптамалық бақылау бөлімінің күкірт, азот диоксиді, күкірт сутегі, формальдегид сынды заттарға аккредитациясы бар. Алайда, аталмыш қалдық заттар шекті мөлшерден аспаған, – деп мәлімдеді облыстық экология департаментіндегілер.
Бұдан соң экологтардың сұрауымен «Қазгидромет» мамандары атмосферадағы қорғасынның мөлшерін анықтап көрді. Департамент қызметкерлерінің айтуынша, өлшеу жұмыстары солтүстік өндіріс торабының санитарлық-қорғаныс аймағында жүргізілген.
– Жұмыс нәтижесіне сәйкес, қорғасын шекті деңгейден 1,2 есе асып кеткені анықталды. Осыған байланысты «Қазмырыш» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізіледі, – деп мәлімдеді өңірдегі экологтар.
Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан облысы