Ислам бизнесі Қазақстанның дамуына үлес қосады
Ислам бизнесі Қазақстанның дамуына үлес қосады
382
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясы Корольдігіне ресми сапарын сарапшылар «тарихи» деп ба­ғалады. Қазақ елінің Ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан бас­тау алады. Енді ынтымақтастығымыз жаңа белеске көтеріліп отыр. Ұлы даланы ми­расқа алған Қазақстан бүгінде мұсыл­ман мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болып келеді. Осы орайда Қазақстан Президентін сапар­мен келуге қос Киенің сақшысы – Сауд Арабиясы Королінің өзі шақырған болатын. Джидда қаласының әуежайында Қазақстан көшбасшысын Корольдің кеңесшісі әрі Мекке провинциясының губернаторы Фейсал Халид бен Әбделазиз, сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольді­гінің Қоршаған ортаны қорғау, су ресурстары және ауыл шаруашылығы министрі Абдурахман Әл-Фадли қарсы алды. Президент Корольдің «Қаср Ас-Салам» сарайына бағыт алды. Оған қошемет ретінде салтанатты қарсы алу рәсімі ұйымдасты­рылды. Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Сауд Арабиясының әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа ресми делегациялар мүшелері таныстырылды. Ең алдымен, Қазақстан лидері мен Тақ мұ­рагері жеке келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысы ретінде Сауд Ара­биясына алғаш рет келгендіктен, бұл сапарға зор мән-маңыз беретінін жеткізді. Ол Сауд Арабиясын Қазақстанның басты стратегиялық серіктестерінің бірі деп атады. – Сауд Арабиясы – Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып мойындаған елдердің бірі. Осы кезеңде түрлі бағыттағы ынтымақтастығымыз нығая түсті. Қазір қазақ-сауд қатынастары жоғары деңгейде. Дегенмен екі ел ынтымақтастығына тың серпін беретін кез келді. Бұл – елдеріміздің мүддесіне сай келетін ортақ шешім. Өзара тиімді байланыстарымыз нығая береді деп сенемін, – деді Қ.Тоқаев. Келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Қазақстан Сауд инвесторларына өзара мүддеге сай, түрлі перспективті салада ерекше шарттар, кең көлемде артықшылықтар ұсынуға дайын. Тараптар өзара тауар айналымын едәуір арттыруға ниетті. Жуырда екі ел үкіметтері бұл бағытта жұмысты жандандырады. Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд елдеріміз арасындағы қатынастар деңгейі жақсы екеніне назар аудартып, оны ары қарай нығайту, дамыту үшін мүмкіндіктер мол екенін тілге тиек етті. Бұл ретте қазақ-сауд бизнесмендерін біріктіретін Іскерлік кеңестің рөлі зор. Тақ мұрагерінің пайымдауынша, қазіргі жағдайда Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қоры үйлестіретін бірқатар жоба бойынша бірлескен жұмыс маңызды саналады. Атап айтқанда, Корольдік компаниялары Қазақстанның аграрлық саласына инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр. Оның пікірінше, жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында бұл бағыт аса өзекті бола түседі. Қ.Тоқаев Тақ мұрагерін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Мұхаммед бен Салман бұл шақыруды қуана қабылдап, қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың нақты нәтижелерін талқылау үшін Қазақстанға сапарлауға әзірлігін білдірді. Қазақстан Президенті діндес қос мемлекет арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Король Салман бен Әбделәзиз Әл Саудты еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен салтанатты түрде марапаттады. Ресми сапарының екінші күнін Қазақстан көшбасшысы саудиялық іскер топтар өкілдері жиылған инвестициялық дөңгелек үстелге қатысудан бастады. Форумға инвестиция, экономика, сауда және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайту тақырыбы арқау болды. Президент қос мемлекеттің келешекте экономикалық дамуға деген көзқарастары ұқсас екеніне екпін түсірді. – «Saudi Vision-2030» бағдарламасы мен «Қазақстан-2050» стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тә- уелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлттық дамуға қол жеткізуді көздейді, – деді ол. Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның экономикалық жетістіктері туралы мәлімет берді. Қазақстанда Сауд Арабиясының қолдауымен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және инфрақұрылым салаларында құны 120 миллион доллардан асатын бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылғанын қаперге салған ол осы сома мемлекеттеріміздің әлеуетіне сай келмейтінін нықтады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы ынтымақтастықты кеңейтудің мейлінше перспективті салаларын белгілеп берді. Ең алдымен, бұл екіжақты сауда-саттыққа қатысты. – Талдауға сәйкес, Қазақстан машина жасау, шойын, болат өндірісі, сондай-ақ тамақ өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы сияқты салаларда құны шамамен жылына 400 млн доллар болатын шикізат тауарларының 100-ден астам түрін ұсына алады, – деді Президент. Ол Қытай, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арасын жалғастыратын көлік-транзит және логистикалық мүмкіндіктерді, Транскаспий бағдарын әртараптандыруды және кеңейтуді екінші маңызды бағыт ретінде атады. Оның пікірінше, ынтымақтастықтың мол әлеуетін экономиканың нақты секторында да пайдалануға болады. – Қазақстан әлемде вольфрам қоры жөнінен 1-орында, уран мен хром бойынша 2-орында. Ал марганец, күміс, мырыш, қорғасын байлығынан алғашқы бестікке кіреді. Бұл қорларды барлап, зерттеу керек. Қарқынды дамушы Қытай, Оңтүстік Азия нарығына жақындығымызды ескерсек, инвестиция салуға бұл жақсы мүмкіндік. Бүгін біз барлау және игеру жұмыстары үшін бағалы және түсті металдың 60-тан астам кен орнын ұсына аламыз, – деді Мемлекет басшысы. Қазақстан мен Сауд Арабиясының мұнай химиясы, атом энергетикасы, жасыл сутегі өндірісі салаларын дамыту, ғарышты зерттеу және басқа бағыттар бойынша бірлескен жоспары бар. – Корольдіктің Saudi Vision-2030 стратегиясы аясында төл ғарыштық бағдарламасын дамытуға деген ниетін қолдаймыз. Елдеріміздің ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастығы үшін қажетті құқықтық базасы бар. Аэроғарыш саласын дамыту үшін Қазақстанның тәжірибесі де, әлеуеті де жеткілікті. Компанияларымыз осы салалар бойынша Сауд Арабиясының мемлекеттік және жеке компанияларымен өзара ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент отандық агросектордың әлеуетіне де тоқталды. – Қазақстан егістік көлемі жөнінен жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылымдық жерлер жөнінен бесінші орында. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақ мерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайынбыз, – деді Қ.Тоқаев. Туризм саласында да ықпалдастық орнатуға зор мүмкіндіктер ашылады. Мемлекет басшысы Сауд кәсіпкерлеріне Қазақстанның туристік-рекреациялық жобаларын қарастыруды ұсынды. Дөңгелек үстел барысында Сауд Арабиясының Инвестиция министрі Халид Әл-Фалих, SABIC директорлар кеңесінің төрағасы Халид Хашим әл-Даббаг, MA'ADEN бас директоры Роберт Уилт, ACWA Power директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян және қазақстандық делегация өкілдері сөз сөйледі. Қазақстан Президентінің ресми сапары аясында 13 құжатқа қол қойылды. Олар инвестиция, қор биржасы, импорт-экспорт, энергетика, БАҚ, спорт салаларындағы ықпалдастықты өрістетуді қарастырады. Мысалы, Сауд елі қазақ елінен құрғақ қымыз, сиыр мен қой етін импорттауды жоспарлап отыр. Сапар аясында Қ.Тоқаев Сауд Арабиясының Мемлекеттік инвестициялық қорын (PIF) басқарушы Ясир Әл-Румайянмен кездесті. Мемлекет басшысына әлемдегі ең ірі дербес әл-ауқат қорының бірі – Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қорының қызметі, әртүрлі саладағы жобалар жөнінде ақпарат берілді. Қазақстан Президенті өзара ортақ мүддені көздейтін жобаларды жүзеге асыру үшін Саудия Арабиясы инвестициялық қоры мен «Самұрық-Қазына» АҚ және «Бәйтерек» холдингінің компаниялары арасындағы тығыз ықпалдастықты жолға қоюды ұсынды. Қорды мұнай-химия өнеркәсібінде, жасыл энергетиканы дамытуда, металлургия және тау-кен секторларында, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуде ірі инвестжобаларға қатысуға шақырды. Бұдан бөлек ол осы елдегі ірі компаниялар басшыларымен жеке кездесті. Атап айтқанда, Президент Ajlan&Bros Holding Group холдингтік топ басқармасының басшысы Аджлан бен Әбделазиз Әл-Аджланмен және Acwa Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Әбунаянмен әңгімелесті. Сауд Арабиясы Корольдігінің және Таяу Шығыстағы ірі конгломераттың бірі – Ajlan&Bros Holding Group Қазақстанға инвестиция құюға мүдделі екенін хабарлады. Қазіргі уақытта холдинг Алматы облысының ауыл шаруашылығы саласындағы өндіріс жобасын өрістетуді пысықтауда. Мұхаммед Әбунаянмен кездесуде баламалы энергия көздерін дамыту мәселелері талқыланды. Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жаңғыртылатын энергия көздерінің 30%-ын өндіруді жоспарлап отыр. Ол Acwa Power компаниясын Қазақстанда жасыл сутегі өндірісі саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Қасым-Жомарт Кемелұлы Ислам даму банкінің (ИДБ) президенті Мұхаммед Сулейман Әл-Джассермен экономиканың түрлі салаларындағы бірқатар бірлескен жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады. Қазақстан – ТМД елдері ішінде ИДБ-мен серіктестік бағдарламасын бірінші болып әзірлеген ел. Алматыда ширек ғасырдай бұрын ашылған аймақтық кеңсе Шығыс Еуропа елдерінде, ТМД, Моңғолия және Қытайда банк операцияларын үйлестіреді. – Біз банктің Қазақстан экономикасына көп жылдан бері көрсетіп келе жатқан қолдауын жоғары бағалаймыз. Ислам даму банкі ынтымақтастық орнатқан жылдар ішінде ел экономикасының басым секторлары мен әлеуметтік жобаларға 1,6 миллиард доллардан астам инвестиция салды, – деді Мемлекет басшысы. Әл-Джассер Мемлекет басшысына банк инвестициялары саласындағы саясат және алдағы жоспарларын баяндады. Оның айтуынша, ИДБ бизнес, қаржы салаларындағы жобаларға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қаражат бөлуді жалғастырады. Ал Ислам ынтымақтастығы ұйымының Бас хатшысы Хиссейн Брахим Тахамен кездесуде аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Қазақстан мен ұйым арасындағы ықпалдастықты одан ары тереңдету перспективалары талқыланды. Қ.Тоқаев ИЫҰ-ның саяси, әлеуметтік-экономикалық, экологиялық және гуманитарлық салаларда байланыстар орнатуға ықпал ететін инклюзивті платформа ретіндегі жұмысын жоғары бағалады және республикамыз ұйым аясында мұсылман елдерімен ынтымақтастықты ары қарай кеңейтуге бейілді екенін нақтылады. Жүздесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым басшысын күзде елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысуға шақырды.