Шілде айы Қазақстан спорты үшін жақсы жаңалықтармен есте қалды. «Уимблдон» турнирінде Елена Рыбакина, жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында Нора Джеруто топ жарды деп бөркімізді аспанға атып, қуандық. Алайда екі спортшының да Қазақстан сапына жақында қосылғанын естен шығарған сияқтымыз. Олардың жетістігі еліміздегі спорт саласының дамуының айқын көрінісі ме? Осыған орай белгілі бапкер Тұрсынғали Еділовтың пікірін білген едік.– Легионерлерден Қазақстанға қаншалықты пайда бар? Оларды алып келгеннен не ұтып отырмыз? Сырттан легионер шақыруға үйір болып кеткен жоқпыз ба?
– Бізге легионерлер мүлдем керек емес. Себебі біздің өз тарихымыз, тарихта есімдері қалған олимпиада чемпиондарымыз бар. Сондықтан осы қарқыннан қайтпай, чемпиондарды өз елімізде тәрбиелеп шығуымыз керек. Бұрын спорт кешендері салынбай жатыр десек, қазір салада серпін бар. Ауыл-аймақта спорт нысандары салынып, бұқаралық спорт түрлері дамып жатыр. Сондықтан дәл қазір елімізге шеттен легионерлер шақырудың қажеті жоқ. Иә, 90-жылы еліміздің атын шығару үшін легионерлер шақырдық. Бірақ одан бері отыз жыл өтті. Бейжің Олимпиадасына дейінгі жазғы олимпиадаларда легионерсіз-ақ тәп-тәуір өнер көрсеттік. Тіпті Сиднейде бейресми жалпыкомандалық есепте 22-орыннан көрініп, әлемнің ірі спорт державалары таңдайын қаққан жоқ па?!
Оның үстіне, спорттың қай түрі болмасын, қазақ бұрыннан ешкімге дес бермей келген. Найзаласу да, семсерлесу де, ат жарысы да, жұдырықтасу да, күрес те өзіміздің төл спортымыз десек болады. Оларды қойшы, тіпті жүгіру жарысы мен таэквондо да қанымызға жат емес. Жеңіл атлетикадан О.Шишигина, О.Рыпакова сияқты чемпиондар шықты. Егер ауыл мен мектепті аралап іздейтін болсақ, олардың ізбасарын өз арамыздан да табуға болады. Сондықтан бұдан былай сырттан спортшы тартатын әдеттен арылу керек. Одан да өз өрендерімізге көңіл бөлгеніміз жөн. Бұл тұрғыда басқа спорт федерациялары бокстан үлгі алса деймін.
– «Барыс» пен « Астана велокоманда» өз алдына, жалпы қай спорт түрінде де (жекпе-жек түрлерін қоспағанда), шетелдік спортшылардың қарасы көп. Ал оның орнына осы 30 жыл бойы қазақ баласын оқытуға болар еді?
– Жалпы, легионерге қарсы екенімді бұрыннан айтып келемін. Одан да соларға құртып жатқан қаражатты ел игілігіне жұмсасақ, дарындарды тәрбиелеуге болар еді. Бапкерлердің айлығын көтерсек, олар да жақсы жұмыс істеуге ынталанар еді. Бүгінде тенниске, күреске, ауыр атлетикаға, тағы басқа спорт түрлеріне сырттан шақырып жатқанымыз ешкімге жасырын емес. Бұл үрдіс бүгін пайда әпергенімен, аталмыш спорт түрлерінің деңгейін көтермейтіні белгілі.
Легионерлерді тарту – спортты дамыту үшін емес, сол федерациялардың президенттері өз беделдерін көтеру үшін жасалып жатқан қадам. Өйткені легионерлердің жеңісі еліміздің атын әлемге шығара алмайды. Осы уақытқа дейін «Астана» велокомандасына да, басқа спорт түріне де қаншама легионерлер шақырдық. Олардың барлығы бірдей жоғары нәтиже көрсеткен жоқ. Ал бір-екі жарыста топ жарғандары келісімшарт аяқталған соң өз еліне кетеді. Осылайша қаншама қаржыны желге ұшырдық. Жүгіруден бәрібір Кениядан оза алмаймыз.
Өйткені әр елдің өзіне ғана тән озық спорт түрлері бар. Сол сияқты біз де өзімізге жақын, өзімізде бар спорт түрлерін дамытуымыз керек. Легионерлерге төлейтін қыруар қаржыны үнемдеп, өз елімізден де мықты бапкерлер мен чемпиондар тәрбиелеуге болады. Менің ойымша, қазақ балаларын оқытып, чемпион шығаруға әлі де кеш емес. Төл спортшыларымызға қолдау білдіріп, Әнұранымызды жүрегімен орындап, көк байрағымызды риясыз көңілмен мақтана желбіретіп тұрған спортшы ғана патриоттық рухымыздың асқақтай түсуіне үлес қосады.
– Легионер шақыру үлгісі Қазақстан спортына не берді?
– Қолда бар алтынның қадірі жоқ. Спорт саласында да қаншама мықты бапкерлер бағаланбай келеді. Легионерлерге төлейтін қыруар ақшамыз бар, ал мықты бапкерлерге келгенде, сол қаржыны аяп қаламыз. Сондықтан спорт саласына түбегейлі реформа керек. Бапкерлер мен спортшылардың алаңсыз спортпен айналысуы үшін бар жағдайын жасап, еңбекақыларын арттырсақ, өзімізден де талай мықты шығар еді. Талай мықты спортшылар мен бапкерлер бар. Бірақ олардың еңбегі бағаланбай, легионерлердің тасасында қалып келеді. Оларға қыруар қаржы төлесек те, нәтижесіне ешкім бақылау жасап отырған жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!