Еріктілердің Birgemiz атты республикалық фронт-кеңсенің ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін айтты, - деп хабарлады inbusiness.kz.
«Еріктілерге жан-жақты қолдау көрсету керек. Менің тапсырмам бойынша оларға арнайы жеңілдіктер ұсынылады. Мысалы, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептелінеді», – деді ол.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, волонтер-студенттерге қосымша шәкіртақы тағайындалады немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат беріледі.
«Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Бұл ретте әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болады. Бұдан бөлек әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша грант бөлуді тапсырдым. Еңбегімен ерекшеленген еріктілер мемлекеттік наградаларға ұсынылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.