Түркістандағы қатты ыстықтан асфальт жолға жұмыртқа пісіруге болады. Әлеуметтік желіде асфальт үстіне жұмыртқа қуырып жүрген жігіттің бейнежазбасы тарады. Онда ер адам трассаға табаны қойып, ішіне май құяды. Ол кәдімгідей шыжғырылады. «Күн 44 градус ыстық. Табаны 10 минут қыздырып алайық» - деген ол шыжғырылған майға жұмыртқа салып, қуырып көрсетеді. Шынында да Түркістан облысында соңғы аптада аптап ыстық болды. Тіпті өңірдің кей аймақтарында күн райын өлшегіш құрылғылар 59 градусты көрсетті. Батыс Қытай-Батыс Еуропа автобанының бетоны күннің ыстығынан тағы да көтеріліп кетті. Ал, синоптиктер Түркістан облысында ауа температурасы күн сайын төмендеп келе жатқанын айтуда. Мәселен, ертеңге +39 градус болса, аптаның соңына қарай +37 болмақ.
«Тек шөлді аймақтарда +40 градус ыстық сақталады», – дейді мамандар.