Сағым болған субсидия
Сағым болған субсидия
Былтыр Сыр бойында төрт түлігін түлетіп отырған шаруалар құрғақшылықтың зардабын тартып, жем-шөптен тапшылық көргені баршаға мәлім. Соның салдарынан аштықтан талай мал қырылған болатын. Биыл да қысқа мал азығын қамдау қызылордалық малшылардың бас ауруына айналғалы тұр. Көктен бір тамшы жауын жаумағанынан құрғақшылық дендеген өңірде бұл маусымда да жайылымның жағдайы мәз емес. Соңғы жылдары ақ маржаны­мен аты шыққан Сыр өңірінде мал шаруашылығына тиісті деңгейде көңіл бөлінбей тұр. Дария суының төмендеуі атыз жағалаған ағайын­ға ғана емес, төрт-түлікпен күнел­тіп отырған малшы қауымға да оңай тимеді. Жазғы жайылымнан қоң жина­маған малдың қысқы ызғарға шыдас бермесі анық. Көтерем малдың күйі айтпаса да белгілі. Оның үстіне облыста биылғы малдың жем-шөбіне субсидия берілмейтіні жайында айтылған хабарлар шаруаларды есеңгіреп отыр. Осындай мәселелерді алға тарт­қан малшылар қауымы Қызыл­­­орда қаласындағы Сту­дент­тер сарайында бас қосып, құзырлы орындардан малдың жем-шөбіне тиісті субсидия бері­луін талап етіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Дөңгелек үстелде құрғақ­шылық қаупі басым Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Жала­ғаш өңірінен келген шаруа­шылық қожалық иелері биылғы жағдай­лары мәз еместігін алға тартып, мұң-мұқтажын жеткізді. Мемлекет тарапынан берілуі тиіс субсидия­дан қағылып отырғанын айтқан олар мал шаруа­шылығы­ның күн санап мүшкіл тартып тұрғанын мәлімдеді. Малшы қауымның мұңын тыңдаған Қызылорда облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқар­масының басшысы Талғат Дүйсе­баев өңірде қуаңшылықтың белең алып тұрғанын жоққа шығармады. Алайда, шаруаларға субсидия беруге әзірге қазына­ның қалтасы көтермей тұрғанын жеткізді. Өкінішке қарай, қазіргі уа­қыт­та жем-шөпке қаржы бөлуге бюджетте мүмкіншілік болмай тұрса керек. Былтыр өңірді жайлаған қуаңшылықтан Үкі­меттен қыруар қаржы бөлініп, облыс бюджетінен де қосымша қаражат қарастырылған болатын. Соның өзінде былтырғы жем-шөпке 53 миллион қарыз болып тұр. Сонымен қатар облыста былтыр болған су тапшылығы биыл да болды. Су деңгейінің былтырғы көрсеткіштен де төмен болып тұрғаны байқалады. Соған орай Үкіметтен 3,6 млрд теңге қарастырылып, оған 162 канал тазартылса, 100-ден аса арнайы су сорғылар алынған. Осы су сорғы­ларды арнайы орындарға орнатып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Күз мезгілінде дария деңгейінің бұдан да төмендеуі ықтимал. Әсіресе Шиелі, Жаңақорған аудандарында қиындықтар байқалуы мүмкін. Сол кездері қосымша су сорғылар іске қосу арқылы қиындықтарды еңсеру жоспарланған. «Жалпы биыл жем-шөпке субсидия бөлінбейді деп нақты айта алмай­мыз. Бұл мәслихат сессиясында қаралып, соның негізінде бекі­тіледі. Негізінен ережеге сәйкес жем-шөпке қаржы жергілікті бюджеттен бөлінеді. Сондықтан да бұл бюджеттің мүмкіншілігіне қарай белгілі болады. Ал нақты уақытта бекітілген бюджетте жем-шөпке қаржы қаралмаған. Менің білуімше, бүгінде Ақтөбе, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында, шаруалар субсидия алып отыр. Бұл жерде осы өңірлердің бюд­жеттері оған мүмкіндік беріп тұр. Былтырғы қуаңшылықта қаржы қолбайлау болғаны белгілі. Сол кезде Үкімет резервінен 1 мил­лиард теңге көлемінде жем-шөпке қаржы бөлінген болатын. Ал биылғы субсидия мәселесі мәсли­хатта белгілі болады», – дейді басқарма басшысы. Наразы топ субсидия мәселесі шешімін таппаса, жағдайдың былтырғыдан да мүшкіл тар­татынын алға тартып отыр. «Еліміздегі өзге облыстарда субсидия мәселесі шешімін тауып отыр. Ал біздің облыста оны төлемей отырғаны қиындық тудырып тұр. Осы мәселе бойын­ша алты айдан бері облыс әкіміне кіре алмай жүрміз. Арнайы кездесуге барғанымызбен сәті түсер емес. Алайда, жоғарыға шық­­пас­тан бұрын, алдымен жергілікті құзырлы орындардың алдынан өтсек деген мақсатта осындай дөңгелек үстел өткізуді ұйғардық. Егер жағдай бұлай жалғасып, мәселеміз шешіл­мей­тін болса Президенттен көмек сұрауға мәжбүрміз», – деп мұңын шақты бізге Жалағаш ауданы Еңбек ауылынан келген шаруа­шылық өкілі Бейбітшілік Толыбаев. Шырылққан шаруалар мә­селені тамыз айына дейін бір жақты ету туралы талап қойды. Бұл талаптары орындалмаса, Президентке шағымданбақ. Өйт­кені олар қыстан жем-шөптен тарықса төрт түлігі түгелдей қырылып, ата кәсібінен қол үзіп қалудан қорқады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы