Маңғыстауда жол үстінде болған жанжал кісі өлімімен аяқталды
Маңғыстауда жол үстінде болған жанжал кісі өлімімен аяқталды
716
оқылды
Маңғыстауда жол бермегені үшін ашуға булыққан көлік жүргізушілері бір-бірімен жанжалдасып, артынша бірі екіншісін ұрып өлтірген. Маңғыстау облыстық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 35 жастағы күдікті 67 жастағы ер адамды дене жарақатымен жол жиегіне тастап кеткен.
«Алдын ала болжам бойынша, екі жүргізуші бір-біріне жол бермей, араларында жанжал туындаған. Күдікті эмоцияға бой алдырып, көліктен шығып, 67 жастағы жүргізушіні ұрып-соққан. Алған жарақаттарынан кейін жәбірленуші сол жерде қайтыс болды. Осыған байланысты Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», - делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазір күдіктіге қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр. Аталған оқиға 22 шілде күні сағат 20.15 шамасында Мұнайлы ауданының Жаңа Дәулет кентінде болған. Құқық қорғау органдарының өкілдері көлік жүргізушілерін жолда туындайтын келеңсіз жағдайларда эмоцияға берілмеуге шақырды.