17 жастағы қазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиеваның жапониялық Олимпиада чемпионы Ута Абэмен жаттығу кезіндегі белдесуі көпшіліктің назарын аударды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әлеуметтік желіде жас спортшының әлемге әйгілі дзюдошылармен бірге жаттығу өткізген сәттері тарады. Фатима оқу-жаттығу жиынында жапониялық Ута Абэмен және өзбекстандық Олимпиада чемпионы Диёра Келдиёровамен белдескен. Жас қазақстандықтың тәжірибелі спортшылармен татамиге шығуы оның спорттық дайындығына деген қызығушылықты арттырды.
Ута Абэ – Олимпиада чемпионы және алты дүркін әлем чемпионы. Ал Диёра Келдиёрова 2024 жылы Париж Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алған.
Фатима Сұпығалиева биыл халықаралық жарыстарда ерекше нәтижеге қол жеткізді. Тамыз айында Эквадорда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында топ жарса, қарашада Сенегал астанасы Дакарда ұйымдастырылған жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы атанды.
52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы Олимпиадада үш қарсыласын да мерзімінен бұрын жеңді. Финалда португалиялық София Гаспардан басым түсіп, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
Бұған дейін Фатима ересектер арасындағы жарыстарда да жоғары нәтижеге жетуді мақсат ететінін айтқан. Оның басты армандарының бірі – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына қатысу.
