Муралдың салынуы Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясында 14 қарашада Монтеррейде өтетін концерті қарсаңында айрықша мәнге ие болып отыр.
Мексикада Димаш Құдайбергенге арналған мурал пайда болды
Фото: dimashnews.com
138
оқылды

Мексиканың Нуэво-Леон штатындағы Монтеррей қаласында қазақстандық әнші Димаш Құдайбергенге арналған мурал салынды. Қабырғаға бейнеленген бұл көркем туынды жергілікті жанкүйерлерлің тарапынан әншінің шығармашылығына деген ерекше ықыластың арқасында жасалды. Бұл туралы dimashnews.com жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бастаманы Dimash&DearsRegiasMty фан-клубының мүшелері Мексиканың Dears por Dimash альянсының қолдауымен жүзеге асырды. Муралдың авторы — Antonio Art Mural шығармашылық есімімен танылған суретші Антонио.

Димаштың ауқымды бейнесі Монтеррей қаласының орталығындағы Francisco Javier Mina 1140, Centro мекенжайында орналасқан. Енді қала тұрғындары мен қонақтары мексикалық Dears қауымдастығының қазақстандық әншіге деген ықыласын бейнелейтін көркем туындыны тамашалай алады.

Жанкүйерлер қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, муралдың олар үшін мәні айрықша. Сүйікті өнерпаздың портреті оның шығармашылығына деген шынайы ризашылықты әрі Мексика мен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты білдіреді.

«Біздің пайымдауымызша, бұл көркем туындының мәні бейнелеу өнері арқылы құрмет білдірумен ғана шектелмейді. Ол — мексикалық жанкүйерлердің, әсіресе Монтеррейдегі Dears қауымдастығының сүйіспеншілігі мен зор ықыласының шынайы көрінісі. Біз Димаш пен оның Отаны — Қазақстан арқылы қалыптасқан, баршамызды біріктіретін өнер мен мәдениет байланысын айқындай түсуді көздейміз», — деп атап өтті Мексиканың Dears por Dimash альянсының өкілдері.

Муралдың салынуы Димаш Құдайбергеннің DIMENSIONS әлемдік туры аясында 14 қарашада Монтеррейде өтетін концерті қарсаңында айрықша мәнге ие болып отыр.

Жанкүйерлер өздерінің шығармашылық сыйы екі ел арасындағы достықтың тағы бір нышанына айналып, Мексика тұрғындарын шығармашылығы дүние жүзіндегі тыңдармандарды біріктіретін қазақстандық әншімен жақынырақ таныстырады деп үміттенеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.