Статистикада бәрі жақсы
Сонымен қысқаша статистикаға үңілсек, елімізде жұмыс күші санатына жататын жалпы 9 269 421 адам бар екен. Солардың ішінде биылғы бірінші тоқсанда 8 816 287 адам жұмыспен қамтылған болса, жұмыссыздар саны 453 134 адамды құраған. Осы реттен алғанда Ұлттық статистика бюросы жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайыз деп бағалап отыр. Әйтсе де, мамандар бұл ресми дерек пен нарықтағы жағдайдың арасы жақын дегенге сенбейді. Өйткені, іс жүзінде ол екі есе жоғары болуы мүмкін. «Қазақстанның қазіргі экономикалық жағдайында барлығына бірдей жұмыс тауып беру, әрі барлығына бірдей жоғары жалақы ұсыну мүмкін емес. Мемлекетке, қалай болғанда да, екеуінің біреуін таңдау керек. Жұмыс тауып берген күннің өзінде де айлығы аз болғандықтан мұнда кадр тұрақсыздығы болады. Статистика жүргізілгенде осы ескерілмей қалады. Сондықтан да Қазақстандағы нақты жұмыссыздық 10-20 пайызға жетіп жығылады деп сеніммен айтуға болады», – дейді сарапшы Сакен Жұмашев. Маманның сөзін депутаттар да құптап отыр. Олар әкімдіктер жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесіне мән бермейді деп санайды. Мәселен, бір тоқсанда қанша адам жұмысқа кірген болса, сонша адамның жұмыстан кеткені туралы статистика да бар екен. Бірақ, ол мәліметтер тасада қалып қойған. «Егер орта және ірі кәсіпкерлік нысандарындағы жұмыс күшінің қозғалысын алып қарайтын болсақ, онда 2021 жылы бір тоқсанда орташа есеппен алғанда 264 мың адам жұмысқа тұрғызылғанымен, сонша адам жұмыстан шығып кеткен. Мұндай тенденцияны кіші бизнес субъектілерінен де байқауға болады. Бірақ, ресми мәлімет бойынша жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр деп көрсетілгенімен, жұмыспен қамту есептерінде шындыққа жанаспайтын тұстар көп», – дейді сенатор Нариман Төреғалиев. Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы жұмыссыздық жайын сынға алған Мемлекет басшысы Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында және Алматы, Шымкент қалаларында жұрттың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейтініне баса назар аудартты. Әсіресе, Маңғыстау облысы, соның ішінде Жаңаөзен қаласын мысалға келтірді. Өңірдегі жұмыссыздық ішкі және сыртқы көші-қон үдерісіне байланысты күшейіп бара жатқандығын атап өткен Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке ішкі экономикалық ресурстарды жұмылдыратын жаңа тәсілдерді әзірлеуді тапсырды. Соның ішінде халықты өзге аймақтарға көшіру бағдарламасын түбегейлі қайта қарау керектігін айтты.Түйіннің шешуі – «Солтүстікке көш»
Маңғыстауда жұмыссыздық ең басты мәселе болып отырғаны рас. Шындығында өңірде екі қолға бір күрек табу қиын емес. Бірақ маңғыстаулықтар мұнайгаз өндірісі саласына жұмысқа кіргісі келеді. Өйткені, бұл кәсіпшілікте әлеуметтік пакет бар, айлығы да салыстырмалы түрде алғанда басқа жерлерден жоғары, әрі мұнай өндірісіндегі жұмыс та тұрақты. Айталық, жер асты күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін сервистік мекемелердің ортанқол қызметкерлері орташа алғанда бір миллион теңгенің көлемінде жалақы алады екен. Сондықтан да Маңғыстаудың халқы басқа жұмыстарға көп ынталана қоймайды. Бірақ, бұл жердегі мәселе – басқада болып отыр. Біріншіден, мұнай компанияларының штаты «резеңке» емес, жергілікті жұртшылықтың барлығын бірдей сыйғыза алмайды. Екіншіден, мұнай қоры таусылып келеді. «Біз Ұлттық құрылтай кезінде Маңғыстау мұнайының 15-20 жылда сарқылатынын, одан соң өте қиын болатынын, қазірден бастап диверсификация жасау жөнінде, басқа да баламалы жұмыс көздерін ашу, инвестиция тарту, өңдеу өнеркәсібін ашу, ал бәрінен бұрын бұл жерге халықты үйе бермеу туралы, тіпті бір бөлігін, әсіресе жұмыссыз бөлігін, қажет болса, солтүстікке қарай көшіру жөнінде ұсыныстар айтқанбыз. Жұмыста отырған адам онсыз да бармайды, ал жұмыссыз отырғандарын ынталандыру қажет. Сондықтан да мұндағы ең бірінші дабыл қағып көтеретін мәселе – Маңғыстау мұнайының сарқылуы. Геологиялық зерттеулер көрсеткендей, барланған қоры шегіне жетіп қалды. Осыны қазірден бастап ойлану керек. Әйтпесе, сол кезде тағы да әлеуметтік дүмпу болуы мүмкін. Өйткені, Маңғыстау өте күрделі аймақ. Қарсылық білдіру ынтасы өте жоғары», – дейді Ақтау қалалық мәслихатының депутаты, Ұлттық Құрылтай мүшесі Уайс Ерсайынұлы. Депутаттың айтуынша, шетелден келіп жатқан қандастарды Маңғыстауға әкеліп жинай беруді қою керек. Халық санының көбеюіне осы фактор да себеп болып отыр. Сондықтан да Түркіменстаннан енді келетін қандастарымызды солтүстікке көшіргелі жатқандығы туралы бастама өте дұрыс. «Солтүстікке көш» – үлкен бағдарлама болуы тиіс. Ол қалай болса солай, шала-шарпы емес, түбегейлі түрде жоспарланып жасалуы керек. Әйтпесе, барып жатқан халықтың кейін қайтып жатқанын көріп, халық қорқасоқтап отыр.Вахталық әдіс жұмыссыздар санын қысқартады
Өңірдегі жұмыссыздықты қысқартудың ең бір тиімді жолы – Жетібай, Өзен кен орындарында вахталық әдіспен жұмыс жасауды енгізу. Бұл мәселені көптен бері көтеріп жүрген байырғы мұнайшы Кикбай Медеуов. Ол Маңғыстаудағы қазіргі әрекеттегі кен орындарында мұнай өндіру көлемі жыл сайын азайып келе жатқандығына баса назар аударып отыр. Сондықтан да негізгі себептері жұмыссыздық пен еңбек ақы төлеудегі теңсіздік болып табылатын митингі, наразылық мәселелерін түбегейлі шешуді жүйелі түрде жолға қойып, алдағы 1-2 жылдың көлемінде проблемаларды толықтай жою мұмкіндігі бар. «Аталған жағдайларды түбегейлі шешудің тиімді, әрі орындалу мүмкіндігі зор жалғыз жолы – Жетібай мен Өзен кен орындарында қызмет ететін мекемелердің жұмысшылары мен инженер-техник қызметкерлерін 15 -28 күндік вахталық әдіспен жұмыс жасауға толықтай өткізу. Бірақ бұл бүгінгі күндері «ӨзенМұнайГаздың» ішінара жасап отырған «7 күндік вахтасындай» имитациялық әрекеті болмауы тиіс. Бұлайша маңызды мәселелерді шала шешуге болмайды. Өйткені, түбектегі ірі деп саналатын Өзен, Қаламқас сияқты кен орындары түгелдей мұнай өндірудің соңғы дәуіріне өтті. Ендігі жерде мұнай өндіру деңгейі жылдан-жылға азая бастамаса, өспейтіні айдан анық. Сондықтан да өндіріс деңгейі күрт құлдырай қоймаған, әлі де орташа қуаты бар кезде, алдағы күндерге арналған, орындалу мүмкіндігі жоғары деген керекті шараларды жасақтап, алғашқы дайындық жұмыстарын бастап кеткен жөн», – дейді Кикбай Әбілбайұлы. Бүгін Жаңаөзен, Жетібай сияқты тұрмыс-тіршілігі жалғыз ғана мұнайға тәуелді елді мекендер үшін нағыз дабыл қағатын, алдын ала ауқымды шаралар жасақтап, жедел қимылдайтын кезең туды. Ұсынылып отырған тәсілдің арқасында Маңғыстауда бастапқыда тек бір жылдың өзінде ғана, қосымша 6-7 мың адамды мұнай өндіретін не мұнайға байланысты қызмет көрсететін мекемелерде жұмыспен толық қамтуға болады. Тек ниет пен осы ұсыныстарды жүзеге асыруға деген елге жанашырлық керек.Мұнай «инесінен» түсу қажет
Маңғыстаулық қоғам белсенділерінің айтуынша, Қазақстанға, соның ішінде Маңғыстау өңіріне «мұнай инесінен» түсу қажет. Оған бірінші кезекте, мемлекет, яки жергілікті әкімдік мүдделі болуы тиіс. Бірақ, жергілікті биліктің әлеуметтік наразылық жиі туындайтын өңірдің донорлық потенциалын экономиканы әртараптандыруға пайдалана алмай келе жатқан шолақтығында жатса керек. «Өңірдегі ең бірінші мәселе – демография және көші-қонға байланысты. Уақытында шеттен келген қандастарды Маңғыстауға жинады да, бұл жергілікті әлеуметтік жағдайды ушықтыра түсті. Қазір өңірде 750 мың халық бар. Бірінші тоқсандағы көрсеткіш бойынша республика бойынша жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі бізде тіркелген, яки 4,2 пайызды құрап отыр. Оны шешу үшін әкімдік қанша жерден жұмыс орнын ашса да, халық оған барғысы келмейді. Сондықтан да бұл жерде жаңа жұмыс орындарын ашуда жаңаша көзқарас керек. Әу бастан еңбекақы деңгейін жоғары белгілеп, жұмыс берушіге мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырып, өнімдері мен қызметтерін өткізуге көмектесіп, бірден бірнеше жылға келісімшарт жасайтын болса, дұрыс болар еді. Президенттің әкімдердің жұмысын 10 мың адамға 100 жұмыс орнын ашуына сай бағалаймыз деуі өте құптарлық бастама. Тек оның соңы жергілікті атқарушы биліктің сан қуып кетуіне айналып кетпесе болғаны», – дейді қоғам белсендісі, бұрынғы кәсіподақ төрағасы Мұхтар Үмбетов. Расында да, экономикалық потенциалы жоғары, табиғи ресурстары мол еліміздің жұмыссыздық жайын мәселе етіп отырғаны жөн емес. Өйткені, айналдырған 19 миллион халқы бар кішкентай ғана экономиканы ұршықтай үйіріп әкетуге болады. Ең бастысы, Отанға қызмет ету ниеттен екенін мемлекеттік қызметтегілердің ендігі жерде дұрыс түсінгені.