Үкімет басшысы Шымкент қаласының әкіміне тапсырма берді
Үкімет басшысы Шымкент қаласының әкіміне тапсырма берді
273
оқылды
Премьер-Министр Асқар Мамин Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Шымкент қаласының әкімі М. Әйтенов Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру туралы, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау, сондай-ақ, қаланың 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алуы аясында іс-шараларды өткізуге дайындығы туралы айтып өтті. Аталған мәселелер бойынша мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов және энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпханов та баяндады.  width= «Биыл Шымкент ТМД-ның мәдени астанасы болып табылады. Осы жылдың ресми ашылуына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қатысады деп жоспарланған», — деді А. Мамин. Үкімет басшысы өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін уақытылы шешудің, сондай-ақ ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында жоспарланған барлық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізудің маңыздылығын атап өтті. А. Мамин тиісті мемлекеттік органдарға және Шымкент қаласының әкімдігіне ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясындағы барлық іс-шараларға сапалы дайындықты қамтамасыз етуді, сонымен қатар екі апта мерзім ішінде сумен, электрмен және газбен жабдықтау, тұрғын үй құрылысы және көлік салаларында инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру мәселелерін қарауды тапсырды. Назгүл НАЗАРБЕК