«AMANAT» партиясы жанындағы Агроөнеркәсіптік комитеттің кезекті отырысында еліміздегі қант тапшылығы мәселесі қаралды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, оның ішінде қант тапшылығын болдырмау бойынша нақты міндеттер жүктегені белгілі.
Осы орайда, партия жанындағы Агроөнеркәсіптік комитеттің төрағасы, Мәжіліс депутаты Қайнар Абасов еліміздің қант нарығында қалыптасып отырған қазіргі ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде елімізде жұмыс істеп тұрған төрт қант зауыты өз қуаттылығының тек үштен бірін ғана (31 пайыз) пайдаланып отыр.
«Мәселен, зауыттар 2021 жылы 226,7 мың тонна, оның ішінде импорттық шикізаттан – 191,1 мың тонна (немесе 84,2 пайыз) қант өндірді. 308,4 мың тонна ақ қант импортталды, оның ішінде ЕАЭО елдерінің үлесіне 99,8 пайыз немесе 307,9 мың тонна келеді, мұнда Ресей Федерациясының үлесі – 88,3 пайыз», – деді Комитет төрағасы.
Сондай-ақ ол жылдан-жылға қант қызылшасының егіс алқаптары қысқарып бара жатқанына тоқталды. 2017-2018 жылдары қант қызылшасының алқабы 17,4 мың га құраса, 2021 жылы 14,5 мың га болған. Ал жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2022 жылы қант қызылшасы егілген егіс алқабы 26,3 мың га жоспарланғанымен, іс жүзінде 9,6 мың га егілді.
«Президент Үкіметке шұғыл түрде қант саласын дамыту жөнінде жеке салалық жоба әзірлеуді тапсырды. Оның мақсаты импортқа тәуелділікті едәуір қысқарту, өзін-өзі қамтамасыз етуге біртіндеп көшу екенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл бағытта қандай жұмыстар атқарып жатыр?» – деді депутат Қ.Абасов.
Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай еліміздегі қант қызылшасы алқабының азаю себебін түсіндіріп, мәселені шешудің алдағы жоспарына тоқталды.
«Қант қызылшасы – өте күрделі дақыл. Ең алдымен, оның технологиялық картасы күрделі жұмыс саналады. Дақыл егетін, жинайтын арнайы техникалардың құны қымбат. Мәселен, 1 комбайнның құны 500 мың АҚШ долларын құрайды. Яғни, қант қызылшасын субсидиясыз өндіру кәсібі мүлдем тиімсіз. Сондықтан шаруалар қант қызылшасын өсіру ісіне қызығушылық танытпайды. Бұл ретте, министрлік дақыл өсірудің тиімділігін арттыру арқылы шаруаларды ынталандыруды жоспарлап отыр. Яғни, арнайы техника сатып алу үшін төмен пайызбен несие беру, тұқым, тыңайтқыш, су жеткізу мәселесін шешу көзделуде. Сондай-ақ, зауыттарды жаңғырту жұмысы қолға алынады», – деді вице-министр.
Қант тапшылығы пайда болған кезде министрлік қант өндіретін зауыттармен, Қазақстан темір жолымен, Мемлекеттік кірістер комитетімен және өңірлермен жұмыс істейтін 4 жұмыс тобын құрды. Осылайша, аймақтарда қант бөлу және оны мониторингілеу жұмысы жолға қойылды.
Ал Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев қант бағасын ұстап тұрудың негізгі құралдарына тоқталды. Оның айтуынша, ведомство тұрғын үй маңындағы дүкендер мен ірі сауда желілеріндегі сауда үстемесіне мониторинг жүргізуде.
«Бұл жұмысты 2 бағыт бойынша қолға алып жатырмыз. Соның алғашқысы – әр апта сайын ақпарат алып отырған Ұлттық статистика бюросының мәліметі болса, екіншісі – фискалды деректер операторларының дерегі. Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп электронды шот-фактуралар жөніндегі қанатқақты жобаны жүзеге асырып келеміз. Оның аясында, өндіруші мен түпкі тұтынушы аралығында белгіленген барлық баға тізбегін қадағалай аламыз. Сол арқылы қай көтерме саудагердің, дүкеннің немесе сауда желісінің сауда үстемесін арттырғанын бақылап отырмыз. Үстеме мөлшерінен артқанын байқағанда бұл туралы мәліметті бірден тиісті органдарға немесе әкімдіктерге жолдаймыз. Олар өз кезегінде заңға сәйкес шара қабылдайды», – деді Ержан Қазанбаев.
«Қазақстандық қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы» ЗТБ президенті Айжан Наурызғалиева салада қордаланған мәселелерді ашып айтып, ұсыныстарын жеткізді.
«Елімізде қант өндіру саласы шұғыл қолдау шараларын қажет етеді. Біріншіден, шикізат қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін зауыттарды қант қызылшасымен қамту қажет. Ол үшін зауыттарға ұзақ мерзімге жалға жер телімдерін беру керек. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы техникасымен жабдықталған сервистік-дайындау орталықтарын құру қажеттілігі пайда болды. Бұл орталықтар қызылша өсіру ісінде арнайы техниканың тапшылығын көріп отырған шаруаларға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ суармалы жерлердің аумағын кеңейткен жөн. Ал шаруаларды ынталандыру үшін мемлекеттік тапсырыс мәселесін жолға қоюды ойластыру керек», – деді Айжан Наурызғалиева.
«Атамекен» ҰКП Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің басқарушы директоры Ербол Есенеев арықпен суару, импортталған тұқым, ескірген техника сияқты осыған дейінгі тәсілдердің бүгінде тиімді нәтиже бермейтінін алға тартты. «Сондықтан тамшылатып суаруды, заманауи технологияны енгізу керек. Біздің есебіміз бойынша Қазақстанға 104 мың гектар жерге қант қызылшасын себу жеткілікті. Бұл елімізді қантпен 100 пайыз қамти алады», – деді Ербол Есенеев.
Бұл ұсынысты Қазақстан фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры Әкпар Мәуленов те қолдады. Ол 104 мың гектарды тек Алматы, Жамбыл, Жетісу облыстарының есебінен көбейту мүмкін емес екенін ескеру қажет деп пайымдайды.
«Аталған облыстарда артық жер жоқ. Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарының фермерлеріне де қант қызылшасын өсіруге ұсыныс жасау қажет. Өйткені осы аймақтарда қант қызылшасы жақсы өседі, ондай тәжірибе бар. Қант қызылшасы тек жылы өңірде өнім береді деген қате түсінік. Бұл дақыл тіпті, теріскейдегі Ресейде, одан бөлек Беларусь, Украинада да өсіріледі», – деген Ә.Мәуленов елімізде қант қызылшасын өңдейтін қосымша зауыт салудың қажеті жоқ деп есептейді. Тек шикізат тасымалдау ісіне мемлекеттік қолдау түрін қарастыру қажет.
Сондай-ақ ол зауыттар мен фермерлер арасында орын алатын келеңсіздікке тоқталды. «Кейбір зауыттарға қант қызылшасын жеткізген кезде рефакциясын көтеріп, қанттылығын төмен етіп көрсетеді және тиісті ақшасын уақтылы бермейді. Сондықтан фермерлерді сарсаңға салмайтындай зауыттарға бақылау болуы керек. Қант қызылшасын өсіру екеуіне де тиімді болғаны жөн», – деді Фермерлері қауымдастығының атқарушы директоры.
Өз кезегінде партия Хатшысы Эльдар Жұмағазиев жиын барысында айтылған ұтымды ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Ол осы орайда «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.
Жиын соңында Комитет төрағасы Қайнар Абасов бұл мәселе наурыз айында белгілі болғанын, бірақ тиісті шаралар қабылданбағанын баса айтты. Салдарынан бүгінде қант тапшылығы мен қымбатшылық орын алып отыр. Ендігі жерде осыған жауапты ведомстволар қызылша егетін аймақтармен бірлесіп мәселені шешу жолдарын ұсынуы тиіс. Осылайша, импортқа тәуелділіктен арылып, отандық өндіріс жүйелі жолға қойылуы қажет.