Олигархтардан әлеуметке бетбұрыс
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы бастамасын бір жылдан астам уақыт бұрын жариялаған еді. Алайда ескі Үкімет оны жүзеге асыруды тым созбалаңға салып жіберді. Ізгі бағдарламаға «қаңтар оқиғалары» серпін берді. 2022 жылғы 8 ақпанда жаңа Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы жалдамалы пәтерді субсидиялау мәселесіне қайта оралды. Шенеуніктердің әрекетсіздігін сынға алған Президент пәтерақыны субсидиялауға қатысты өз бастамасы бір жыл бұрын іске қосылуы тиіс болғанын қаперге салды. Алайда жауапты тұлғалардың шабандығы мен немкеттілігінен жүздеген мың қазақстандық әлі күнге мемлекеттен осы қолдау түрін ала алмай отырғанын назар аудартты. Мемлекет басшысының мәліметінше, шенділер аз қамтылған азаматтардың баспана шығынын азайтуға арналған қарапайым әрі түсінікті бастамадан «ірі құрылыс фирмаларына қолдау көрсетудің кезекті құралын жасап алуға ұзақ талпынған». Мұндай заңға қайшы әрекеттерге Президенттің өзі тоқтау салып, бағдарламаны әлеуметтік деп жариялады. Сонымен бірге Отбасы банкі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне субсидия алушылар санатына жататын адамдар тіркелетін арнайы цифрлық платформа құру жүктелді. Пәтерлерін жалға беретін қожайындар да сонда тіркеле алады. Соның арқасында «жетімбұрышты» жағалаған азаматтар өз табысын және мемлекеттің көмегін есепке алып, қажетті тұрғын үйді таңдай алар еді. Бұған дейін Үкімет осы бағдарлама аясында қандай үйлерді жалға алуға болатынын құрылыс компанияларымен келісе отырып, әкімдіктер анықтауы керек деп құрылыс саласы олигархтарының мүддесін ілгерілетпек болған. Президенттік бағдарламаның тетігі қарапайым: әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтар пәтерақының тең жартысын мемлекет субсидиялайды, яғни, бюджет есебінен өтеп береді. Ұқсас тетіктер дамыған елдерде де бар. Бұл баспанаға зәру отбасыларды әлеуметтік тұрғын үй салынып, іске қосылғанға дейін қолдауға мүмкіндік береді. Өйткені үй кезегінде тұрғандар пәтерін 5-10 жыл және одан көп күтуі мүмкін. Субсидия үйсіз-күйсіз жүргендердің мәселесін жеңілдетеді. Пәтерақыдан артылған қаржыны олар басқа жыртығын жамауға жұмсай алады.Кең сарайлар субсидияланбайды
Сәуір соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жобаның іске қосылғанын жариялады. – Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау үшін арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Содан 18 сәуірде жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдауды бастап кеттік. Бұған дейін бағдарламаны тек 2022 жылдың мамырында іске қосу жоспарланған болатын. Бұл бағдарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50 пайызын төлеуді көздейді. Бағдарламаның операторы – Отбасы банкі, – деп баяндады министр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратынша, бүгінде елімізде баспанаға мұқтаж 590 мыңға жуық азамат бар, оның 210 мыңы – әлеуметтік осал топтарға жатады. Бірақ бұлардың арасында 70 мыңға жуығының ғана табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Яғни, бағдарламаға осынша адам қатыса алуы мүмкін. Өтінімдерді халыққа ыңғайлы тәсілмен қабылдау, ұзынсонар кезек қалыптастырмау үшін цифрлы платформа іске қосылды. Осылайша, барлық процесс арнайы сайт арқылы онлайн форматта жүзеге асырылады. Өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігін тексеру автоматтандырылды: ол осы жүйені басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексеріледі. Министр Қ.Өскенбаев төлемдерді субсидиялауға өтінімдер қабылдау процесін жеке, тұрақты бақылауында ұстауға уәде етті. Әрине, мемлекет есебінен коттеджді жалға ала алмайсыз. Бұл ел қаржысын босқа шашу болар еді. Сондықтан «Отбасы банкінің» түсіндіруінше, жалға берілетін тұрғын үйдің ауданы отбасы мүшелерінің жалпы санына қарай шектеледі. Мәселен, тұрғын үйдің ауданы саны 1-ден 3-ке дейінгі мүшесі бар отбасы үшін – 40, саны 4-тен 5-ке дейін болса – 60, ал саны 6 және одан көп мүшесі бар отбасы үшін – 80 шаршы метрден артық болмауы тиіс. Егер баспана ауданы бұдан үлкен болса, онда айырмашылықты жалға алушының өзі төлейді. Мысалы, Алматы тұрғындары үшін жалдамалы пәтердің 1 шаршы метрінің құны 2 759 теңге деңгейінде анықталды. Тиісінше, үш адамнан тұратын отбасы құны 110 мың теңге болатын баспананы жалға ала алады. Қазіргі кезде Отбасы банкінің цифрлық платформасы арқылы түскен 30 мыңға жуық өтініш өңделген: 6 мыңнан астамының өтініші мақұлданды. Бұл бағдарламаға мемлекет 50 миллиард теңге жұмсауды жоспарлады. Оның қырық миллиарды республикалық қазынадан бөлінсе тартады, ал тағы 10 миллиардын өңірлік бюджеттерден тартылады.Халық қатысуға асық
Қостанайлық Мағжан мен Жанар Ділдәбаевтар – кәмелетке толмаған 4 баланы тәрбиелеп отырған ата-ана. Ересегі онға толса, кенжесі – 1,5 айлық бөбек. Көпбалалы отбасы он жылдан астам пәтер жағалап жүр. Жыл сайын өскен жалдау ақысы қалтаны қағатынын айтады. Сондықтан олар мемлекеттік бағдарламаға қатысуға бел буады. – Қаламызда 3-4 бөлмелі пәтер үшін ай сайын 135 мың теңгеге дейін сұрайды. Отбасылық бюджетіміз мұндай шығынды көтере алмайды. Ал енді бағдарлама арқасында бізде қор жинау мүмкіндігі пайда болды: жалдау ақысының жартысынан үнемделген қаражатты жинаймыз деп шештік, – дейді Мағжан. Бұл ретте бейресми, ауызша келісіп жалдаған үйлер субсидияланбайды, міндетті түрде пәтер иесі мен жалдаушы өзара келісім бекітуі, ол шарт құқықтық кадастрде тіркелуі міндет. Осы құжат кейін Отбасы банкіне қоса ұсынылады. Бағдарлама талабы бойынша жақын туысқандардан баспананы жалға алуға рұқсат етілмейді. Қойылатын тағы бір шарт – үміткерлер Отбасы банкінің клиенті болуы, сонда депозит ашуы, интернет банкингінде тіркелуі тиіс. «Депозит тұрғын үйге ақша жинау үшін қажет. Қазір кезекте тұрғандар өз мүмкіндіктеріне қарай ақша жинай алады. Дегенмен мерзімі бойынша ертерек ашылған депозит келесі сатыға өткенде артықшылықтарға ие болады», – деді банк басқармасының төрайымы Ләззат Ибрагимова. Депозит ашып, otbasybank.kz порталында тіркелген үміткер өтінімді жеке кабинетінде рәсімдейді. Бұл үшін ЭЦҚ-сы болуы шарт. Өтінімді рәсімдеу үшін жеке кабинетте төлемдерді алуға арналған өтініш пен дербес деректерді жинауға және өңдеуге арналған келісімге қол қою қажет. Осыдан кейін жүйе енгізілген деректерді өңдеп, отбасы құрамын дербес анықтайды. Содан соң отбасының кәмелет жасқа толған әрбір мүшесі «қонақ» мәртебесінде otbasybank.kz сайтына кіріп, дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімге ЭЦҚ-сы көмегімен қол қоюы тиіс. Жүйе деректерді қайта тексереді, қорытындысында үміткердің субсидия алуға берген өтінімі мақұлдануы мүмкін. «Байтерек» холдингінің Активтерді басқару департаментінің директоры Әлия Мырзағалиеваның түсіндіруінше, І, ІІ-топтағы мүгедектер, ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеуші отбасылар, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар өтініш бере алады. Басты шарт – отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы соңғы 6 жиынтық табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс. Яғни, отбасыдағы әрбір мүшеге 2022 жылы 36 018 теңгеден аз тиюі шарт. Айталық, отбасында 5 адам – екі ата-ана және үш бала болса, ал отбасының жалпы табысы 180 090 теңгеден аспаса, оларға бағдарламаға қатысуына болады. – Осы санаттағы азаматтардан пәтер иесі сұратқан жалдау ақысының 50 пайызға дейінгісін субсидиялаймыз. Тізімді біз үшін әкімдік, мемлекеттік орган түзеді. Ары қарай ол азаматтар Отбасы банкінің арнайы платформасына жүгініп, өтініш қалдыруы қажет. Өңделген өтініш мақұлданған соң біз сол баспаналар үшін төлем төлеп, есепті жүргізіп тұратын боламыз. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілердің тізіміне қатысты жұмыстар одан ары жалғасуда, – деді Ә.Мырзағалиева. Қазақстандықтар бағдарламаға қатысты Үкіметке ұсыныс-ескертпелерін жазып жатыр. Мысалы, 60 шаршы метр пәтер 5 адамға тарлық қылады: баспана ауданына шектеуді қайта қарауды сұрайды. Сондай-ақ 3 адамнан тұратын отбасының жиынтық бюджеті 108 мың теңгеден аспауы тиіс (225 доллар). Қалада отбасыға 150 мың теңгеге де сапалы өмір сүру күрделі. Бірақ осындай отбасылар мемлекет қамқорлығынан тыс қалады. «Інім Отбасы банкінде бұрыннан жинақ жинап жүр. Дегенмен баспана сатып алуға жетерлік соманы толыққанды жинау қолынан келер емес. Өзі мемлекеттік қызметші. Жалақысы аздау. Әйелі бала күтіміне байланысты еңбек демалысында. Пәтер жалдап тұрады, бар тапқаны соған кетеді. Егер мемлекет ініме осы бағдарламаға қатысып, жалдау ақысының жартысын өтеп берсе, жинақ жинау қарқыны артып, арзанқол пәтердің бірін алуға жарайтын қаржы жинар еді. Субсидиялау тізіміне азаматтық, мемлекеттік қызметшілерді қосуды сұраймыз», – дейді Арнұр Егебаев. Жалпы, қазақстандықтардың бағдарламаға қызығушылығы да, сұранысы да жоғары екені байқалады. Жауапты тұлғалар игі істі жарға жықпай, жауып тынбай, жетілдіріп, ілгері жетектеп әкетсе, құба-құп.