Әйелге әділет керегі...
Әйелге әділет керегі...
559
оқылды
Қазақ қоғамындағы әйел теңдігіне көзқарас белгілі. Мұндайда ойға әуелі қызды алып қашу, отбасындағы зор­лық-зомбылықтан қорғау оралады. Әйтсе де, әлем ел­де­рінде бұл мәселенің та­мы­ры біз ойлағаннан да те­реңге жайылған. «Кішкентай» ғана түйткілден басталып, әйел­дің масс-медиадағы об­разына де­йін жалғасатын бұл жайт­тар жуырда Beimälım ала­ңын­да кеңінен талқы­лан­ды.

«Кішкентай» мәселенің үлкен астары

Әсілі, игіліктердің екі жыныс өкілдеріне де теңдей болуы хақында әңгіме өрбігенде, «гендерлік тең­дік­тен» гөрі «гендерлік әділет» ұғымын қолдану орындырақ көрінеді. Өйт­кен­і теңдік әрдайым әділетті бол­мауы мүмкін. Мұның бір мысалын әлеуметтанушы Жаннұр Ділдабаева қоғамдық орындардағы әжетха­налардан келтірді. «Әдетте қоғамдық жерлерде әйелдерге арналған әжетханаларда кезек көбірек болады. Мұның се­бебін ойландық па? Былай қарасаң, екеуінің де көлемі, ішіндегі каби­налар саны бірдей. Бірақ әйелдердің физиологиялық ерекшеліктерін, сондай-ақ оларға қоғам таңған ген­дерлік рөлдерді ескермеу осындай кемшіліктердің болуына жол береді. Әкімшілік нені ескеруі керек еді? Репродуктивті жастағы әйелдердің түгелінің-дерлік менустрациясы бар. Бұл күндері әйелге әжетханада көбірек бөгелуге тура келеді. Екін­шіден, қоғамда кішкентай ба­ла­ларды, қарт кісілерді, аурушаң адам­дарды әжетханаға жетектеп апару міндеті көбіне әйелдерге та­ңылған. Осы факторлар да оларды әжетханада көбірек уақыт жұмсауға мәжбүр етеді», – дейді әлеумет­танушы. Сондай-ақ ғалым әйелдердің биологиялық ерекшеліктері ақылы қызмет салаларында да ескеріл­мей­тінін айтады. «Жақында бассейнге барып жүрген бір танысым менустрациясы келгені үшін бір күн бассейннен бас тартты, бірақ әлгі күннің ақшасын әкімшілік қайтарған жоқ. Себебі – мұндай мәселе ережеде жазыл­ма­ған», – дейді Жаннұр Ділдабаева. Айтпақшы, жоғарыдағы пікір­дегі «менустрация» сөзінің қазақ тіліндегі аудармасына қатысты да гендерлік зерттеушілердің айтары бар. «Неліктен оны тіл мамандары «етеккір» деп аударған? Бұл ау­дар­мадан әйелдердің физиологиялық ерекшеліктерін құрметтеу мен түсі­нуге ұмтылысты емес, қандай да бір уақыт аралығында әйелдің еркек үшін «кір» болатынын түсінуге бо­лады. Меніңше, қоғамымымыз да­ми келе бұл аудармадан құтылып, латын тіліндегі «менустрация» тер­минін қолданыста қалдырар», – дейді халықаралық құқық магистрі, феминист Әйгерім Құсайынқызы.

Қоғамнан ажырату қауіпсіздік кепілі емес

Спикерлердің пікірінше, гендер мәселелесі бүгінде көбіне тек зерт­теуші қоғамда көтеріледі. Оның би­лік органдары тарапынан басым­дыққа ие болмауы күнделікті өмірде кедергісін тигізіп жатыр. Урба­нистика – соның бір тұсы ғана. «Зерттеулерде қала қауіпсіздігі мынадай индекспен өлшенеді: әйел­дердің саны таңертең, күндіз ерлермен бірдей болып, кешке де сол көрсеткішті сақтап қалса, де­мек, қала қауіпсіз. Ал бізде кешкі уа­қытта ерлер көбейеді, әйелдер азая­ды. Бұл кешкі уақыт әйелдер үшін қауіпті дегенді білдіреді. Одан бөлек, қалада бесікарбамен жүрген әйелдерге барлық жер ыңғайлы деуге келмейді. Демек, қала басшы­лығы бесікарбада баласы бар әйел­дерді мақсатты аудитория ретінде қарастырмайды», – дейді әлеумет­танушы Жаннұр Ділдабаева. Қоғамдық орындардағы ана мен бала бөлмесі жайлы да осылай ай­туға болады. Байқасаңыз, мұндай бөл­мелердің есігінің сыртында ана­сы мен баласының символдық су­реті бейнеленген. Бұл сонда бала­мен тек анасы қыдыруы керек деген түсініктен туғандай. Баласымен серуендейтін әкелер қайда барады? Қазір елімізде гендерлер ара­сындағы әлімжеттікті болдырмау мақсатында әйелдерге арналған вагондар, әйелдерге арналған такси секілді арнайы жобалар іске қо­сыл­ғаны белгілі. Алайда Әйгерім Құ­сайынқызының сөзінше, олар проблеманы шешпейді. «Бұлар инклюзивті саясат емес, керісінше әйелдерді қоғамнан ажы­ратуға, бөлуге бағытталған. Әйелді қорғағымыз келсе оларға бөлек ва­гон емес, оларға қауіпсіз ортаны қа­лыптастыруымыз қажет», – дейді ол. Яғни, неге әйелдерді дөрекі ер адам­дардан қорғау керек? Мұның орнына сол дөрекілікті мүлдем бол­дырмайтын саясатты қалыптастыру орынды тәрізді.

Бүркемеленген «бейнелер»

Гендерлік стеоретиптердің беки түсуіне медиа да ықпалын тигізіп отырады. Мысалы, Жаннұр Ділда­баева отандық «Келинка Сабинка» фильмін Стокгольм синдромы мен қыз алып қашуға қалыпты қарауға шақырады деп санайды. «Режиссер Нұртас Адамбаевтың ауыл келіндерінің өмірін көрсетем деген әу бастағы мақсаты дұрыс болған шығар. Бірақ басты кейіпкер киноның соңында өзіне әлімжеттік көрсеткен, үйінен шығармай ұста­ған қатыгез күйеуімен қосылады, осылайша көрерменге «әйелге осын­шама қорлық көрсету – қа­лыпты нәрсе» деген ойды жеткізеді», – дейді ол. Бұдан бөлек, әлеуметтанушы қазақстандық әнші Бағлан Әбді­ра­йымұлының лудоманиядағы тәжі­рибесі туралы жазған «Ақ пен қара» атты кітабында да автордың әйел­дерге қисынға келмейтін кеңестер беретінін сынайды. «Кітапта «Әйелге айтар алты кеңес» деген бөлім бар. Сонда автор ішімдік ішкен, құмар ойынға кірген күйеуіне әйелдің «ләм-мим» деп тіл қатпауын, оған қарсы бірде-бір сөз айтпау керектігін насихаттайды. Енді сұрақ: әйел адам ішіп кетсе немесе құмар ойынға кіріп кетсе, автор дәл осы кеңестерді күйеуіне айтар ма еді? Еркекке отбасының тыныштығы үшін барлығына төз, шыда, әйелің ішіп келсе қайта өзің­ді дайын ұста дей ала ма? Сонымен қатар Бағлан мырза әйелдің еріне сенімсіздік танытып, көңілі тол­майтынын білсе, ер адамның тірлік жасауға деген ынта-жігері қал­майтынын айтады. Еркектің ынта-жігері, өзіне деген сенімі қашаннан бері әйелге тәуелді болған? Отбасы тыныштығы қашанғы әйелдің көн­бістігі мен үндемеуімен сақталуы керек? Неге қазақ қызы «көнсең, төз­сең, шыдасаң әлі-ақ бәрі жақсы болады» деген үмітпен өмір сүруі ке­рек? Егер сіздің аргументіңіз «әйел қырықжанды/қырық­шы­рақты» болса, онда бұл – биоло­гиялық, физиологиялық, психо­ло­гиялық жағынан еш дәлелденбеген нәрсе, бұл тек қоғам құрастырған түсінік қана, бұл жатыр немесе ана­лық без сияқты туабіткен, табиғат ойластырған, әр әйелдің бойында бар, әр әйелге тән дүние емес. Әйел болып жаратылғаны үшін ғана ондай талап қою – бассыздық», – дейді зерттеуші. Өркениетті әлем әйел теңдігі мәселесінде еш дүниеге «ұсақ-тү­йек» деп қарамайды. Дамыған һәм бәсекеге қабілетті озық елдердің қатарына кіруді межелеген біздің елде де солай болғаны абзал.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ