Бүкіл әлемде тұқыммен қамтамасыз ету мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігі бойынша маңызды стратегиялық міндеті болып саналады. Әйтсе де, өкінішке қарай, Қазақстан тәуелсіздік алғалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тұқымын импорттаушы ел болып қалып отыр. Бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі назар аударды. Осы ретте саланың бүгінгі ахуалы мен өзекті мәселелерін білмекке Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒБО) Басқарма төрағасы, химия ғылымдарының кандидаты Дархан Балпановпен сұхбаттасқан едік.
– Дархан Серікұлы, Мемлекет басшысы өзімізде сұрыпталып шығатын тұқыммен қамту көлемі бар болғаны 51 пайыз, бұлар бидай, арпа, жүгері сынды дәнді дақылдар, ал картоп, қант қызылшасының көрсеткіштері тіпті 10 пайызға да жетпейді деп сынады. Мұндай пұшайман жағдайға түсуге не себеп болды?
– Президенттің көтеріп отырған мәселесі өте орынды. Өйткені елімізде соңғы 30 жылда тұқым шаруашылығына дұрыс көңіл бөлінген жоқ. Қазақстанда ешқандай да агроғылымға қатысты, тұқым селекциясына байланысты саясат болмады. Жыл сайын мұнша бидай тұқымын, мұнша жүгері әлде картоп тұқымын тапсырсын деген жоспар талап етілген жоқ. Мемлекет нақты міндет қоймаған соң бұл мәселені нарық өзі реттеуге кірісті. Ал нарық бірінші кезекте бизнеске тиімді жолды іздейтіні белгілі. Олар төл тұқым шарушылығын жолға қойып, шығынға батқаннан гөрі, шетелден әкеле салғанды қолайлы көрді.
Соның салдары – бүгінгі таңда импортқа өте қатты тәуелді болып қалдық. Айталық, өзімізден шығатын картоп тұқымы – 2,9 пайыз, бұл 97,1 пайызы – шетелден әкеледі деген сөз. Одан басқа қант қызылшасы – 7 пайыз, күріш – 10,7 пайыз, күнбағыс – 20,8 пайыз, бидай жұмсақ түрі – 49,6, қатты түрі – 36,5, ал жарма – 65,3 пайыз. Бұл өте қауіпті жағдай әрі баға қымбатшылығына әкеліп отыр. Мұндағы цифрлар біздің орталық пен селекциямен айналысатын жекеменшік шаруа қожалықтарының бірлескен көрсеткіші. Соның өзінде де өте аз болып отыр. Өйткені біздің қызметкерлер шаруа қожалықтарына барып, «біз осындай тұқым шығарумен айналысамыз» деп хабарласса, олар сенбейді. Бізден сатып алғанның орнына сол баяғы Голландиядан, Германиядан тағы да басқа елдерден алдырғанды жөн көреді. Өйткені олар бір гектардан 30-40 тонна өнім алуға нақты гарантия береді дейді.
Бірақ осы соңғы он жылда төрт рет девальвация болды, оның үстіне соңғы геосаяси жағдайларға байланысты көліктік логистика өзгеріп кетті де, бір кездері келісі 170 теңгеден алынған тұқым қазір 900 теңгеден келіп жатыр. Ал одан шыққан өнімнің өзіндік құны қымбат болатыны белгілі. Бұл түптеп келгенде әрбір қазақстандық тұтынушының қалтасына салмақ болып отыр. Айталық, картоптың бағасы неліктен 300-400 теңге болып ұшып тұр? Өйткені тұқымның бағасы мұнда 50 пайызға дейін алып кетеді. Ал егер біз оны өзімізде шығарсақ, оның бағасы арзан болар еді. Оған біздің ғылыми әлеуетіміз жетеді. Тек ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылық мәселелерді шешу керек.
– Қандай мәселелерді атап айтар едіңіз? Жалпы, сіз басқарып отырған орталық немен айналысады?
– Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы Үкіметтің Қаулысымен 2015 жылы құрылған. Жалғыз акционеріміз – Ауыл шаруашылығы министрлігі. Басты мақсат – Агроөнеркәсіптік кешенге жаңа технологиялар мен білім енгізу, еңбек нарығына сай келетін жоғары білікті мамандарды дайындау және қайта даярлау. Біздің орталыққа 56 мекеме қарайды, олардың ішінде 3 аграрлық жоғарғы оқу орны (ЖОО), 12 ғылыми-зерттеу институттары (ҒЗИ), 2 ғылыми-өндірістік орталық (ҒӨО), 18 ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы (АШТС) мен тәжірибелік-өндірістік шаруашылық (ТӨШ), 3 сервистік компания бар. Бөлімшелеріміз еліміздің 19 аумағының барлығында да ашылған.
Бүгінде республикамызда түпнұсқа (оригинал) тұқым өндірумен айналысатын 40 шаруашылық бар болса, олардың ішінде біздің ҰАҒБО жүйесіндегі 18 тәжірибелік станса негізінен дәнді дақылдарды сұрыптаумен айналысады. Ал элиталық тұқымдарды өндірумен және таратумен аттестациядан өткен 106 шаруашылық шұғылданады, олардың 16-сы – біздің стансалар. Бірінші, екінші және үшінші репродукциялық тұқымдарды 170 шаруашылық шығарса, солардың қатарындағы біздің стансалар саны – 11.
Жалпы аумағы 280,2 мың гектар жеріміз бар. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатында 270,3 мың болса, соның 149,9 мың гектары осы тұқым шаруашылығына арналған. 4214 бірлік көлік құралдарымыз: 480 трактор, 136 комбайн, 1745 ауыл шаруашылығы жабдықтарымыз бар. Әйтсе де, олардың барлығы ескі, яки 75 пайыздан астамы 8 жылдан жоғары. Барлығы 7180 зертханалық жабдықтарымыз бар. Материалдық-техникалық базамыз көне. Бір мәселе – осы. Екіншіден, қаржы мәселесі қиындық тудырып тұр. Мәселен, 2019 жылы Президенттің тапсырмасымен егін шаруашылығын селекциялау бойынша ғылыми-техникалық бағдарлама жасап шықтық та, сол үшін үш жылға 8,5 млрд теңге алдық. Оны әрбір жылға бөлер болсақ, 2,8 млрд-тан келеді. Ол неге жетеді? Шындығына келгенде, ауыл шаруашылығына ішкі жалпы өнімнің 1 пайызы бөлінуі керек.
Саланың тағы ең бір үлкен өзекті мәселесі – білікті кадрлардың жетіспеушілігі, әсіресе жас мамандардың жоқтығы. Сол себептен де селекционер ғалымдардың мәртебесін көтеру үшін негізгі шаралар қабылдануы тиіс. Талдау көрсеткендей, Қазақстанда зертханада жұмыс істейтін биотехнологтар, яки генетиктер тым көп екен. Бірақ селекционер ғалым мамандар өте аз. Қазір ҰАҒБО жүйесінде 280 қызметкер, соның ішінде 116 селекционер ғана бар. Барлығының да айлығы аз, оның өзінде де тұрақты емес. Неге десеңіз, біздің ғылыми-зерттеу институттарымыз конкус бойынша жұмыс істейді. Үш жылда бір болатын конкурсты бірде ұтады, бірде ұта алмай қалады. Соның кесірінен ақшасыз қалатын кездері аз емес. Сондықтан да ғылыми саланы жалпы жүйеден бөлек қарастырып, қаржыландыру әдісін тендер, мемлекеттік сатып алу дегеннен босату керек. Өйткені конкурсқа қатысқан жағдайда құжаттарды 19 органнан мақұлдаудан өткіземіз.
Бұл біріншіден, ешқандай пайдасы жоқ бюрократия, екіншіден, уақыт алу. Құжаттарды мақұлдатамыз деп 1-1,5 жыл жүріп қалатын кездеріміз болады. Әрең деп құжат тапсырған конкурстарды не жер телімі жоқ, не қажетті техникасы, тиісті зертханасы жоқ қатардағы университеттер ұтып кететін кездер көп. Егер біз конкурс нәтижесінде патентпен қатар нақты бір мол көлемдегі өндіріске қабылдауға жарайтын өнім ұсынсақ, олар сол сорттың тек тәжірибелік мақсаттағы экземплярлары мен сол сортқа арналған патент қағазды ғана ұсынады. Осындай әділетсіздіктер бар. Тағы бір қиындық – тракторымыздың дөңгелегі бүлінсе не тозса, мемлекеттік сатып алу жүйесі бойынша ғана тапсырыс беріп, конкурс өткізіп уақыт алатынымыз. Ал алқапта жүрген техника оны күтпейді ғой. Онда да тендерді ең арзан баға ұсынған компания жеңіп алады да, олар бізге сапасыз тауар, біздің жағдайда дөңгелек әкеп береді. Ол да тез бүлініп, осылайша, проблема қайта басталады.
– Бұдан шығар жол қандай? Ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі маңызға ие мәселені шешудің мүмкіндігі бар ма?
– Шындығын айтқанда, бұл мәселенің барлығын Президентке осыған дейін жеткізген біз едік. Сол кезде де шешімін қоса ұсындық. Мемлекет басшысының тарапынан бұған назар аударылғанына біз қатты қуаныштымыз. Бұл жолы Президент «тұқым шаруашылығы қолдайық, Тұқым Доктринасын қабылдайық, соған бағдарлама жасаңдар» деп тапсырма берді. Расын айтқанда, бізде бұған дейін Тұқым саясаты жөнінде Доктрина болмаған еді. Тіпті, стратегия да жоқ болды. Тұқым шаруашылығын сонау тоқсаныншы жылдары мемлекет нарыққа, яки бәсекелес ортаға итере салды да, мұның салдары осындай болды. Ал басқа елдер бұған өте мұқият қарап отыр.
Ресейде өздерінің Доктринасы бар. 2030 жылға қарай 85 пайызға дейін тұқым өздерінен шығуы тиіс деген. Белоруссия да осындай құжатқа ие. Ал Өзбекстанда тұқым шаруашылығы орталығы бар. Ал бізде осының бірі де жоқ. Сондықтан да бізге стратегия құрып, Доктрина қабылдап, осы күрделі мәселемен шындап айналысу керек. Егер кешенді түрде бағдарлама қабылданса, онда мен айтып отырған ішкі проблемалар өзінен өзі-ақ шешімін табар еді. Оған әлі де кеш емес. Өйткені қазір геосаяси ахуал өте күрделі болып тұр. Бұрыннан қалыптасқан логистика бұзылып жатыр. Егер бұлай кете берсе, бір уақытта өзге елдермен қатынас үзіліп, тіпті шетелден әкелетін тұқымды да әкеле алмай қалуымыз мүмкін. Ал бұл дегеніміз – өнімсіз қалып, аштық туындау қаупі бар дегенді білдіреді.
– Қазір ғылым саласы өз алдына министрлік болып бөлініп шығып жатыр. Ендеше, ғылыми селекция жүйесін соларға берген дұрыс па?
– Бірден айтарым, біздің дәл қазіргідей Ауыл шаруашылығы министрлігінің қол астында қала бергеніміз дұрыс. Өйткені Ғылым және жоғары білім министрлігіне өткеннің теріс жағы көп. Мәселен, бірінші кезекте, қаржыландыру азайып кетуі мүмкін. Біздің дәл қазіргі жағдайда ауылшаруашылық техникаларымыз, ғимараттарымыз бен орынжайларымыз өте қатты тозған, зертханалық жабдықтарымыз ескірген. Сондықтан да бұл жоғары деңгейде мақсатты түрде қаржыландыруды талап етеді. Ал ҒЖБМ-ның қол астында оны орта мерзімді перспективада жүзеге асыру мүмкін емес. Оның үстіне, ғылыми бағыттағы әлеуетіміз өзгеріп кетуі ықтимал.
Агроөнеркәсіптік кешеннің барлық саласына мамандар даярлау және қайта даярлау ісі үзіліп қалып, салалық міндеттерден ажырап кетуіміз мүмкін. Аграрлық ғылымның бизнеспен арадағы байланысы бұдан да нашарлап кетуі ғажап емес. Өйткені кәсіпкерлердің отандық ғылым мен білімге деген сенімі тым төмен. Сондықтан да ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асырып, олардың нәтижесін шаруашылыққа енгізуге деген қызығушылығын мүлдем жоғалтады. Ал АШМ-ның бұл тұрғыда шаруалар мен қожалықтарға ықпалы бар. Сонымен қатар саладағы қауымдастықтармен, одақтармен және палаталармен өзара әріптестік әлсіреп кетуі мүмкін. Аймақтармен байланыс үзіліп қалатынын да жоққа шығаруға болмайды.
Енді Ауыл шаруашылығы министрлігінде қала бергеннің артықшылығына келсек, АӨК-ні дамытудың Мемлекеттік бағдарламасында 2030 жылға қарай қаржыландыруды ауыл шаруашылығы саласында өндірілетін жалпы өнімнің 1 пайызына дейін жеткізу қарастырылған. Бұл дегеніміз – аграрлық ғылымды қаржыландыру да артады деген сөз. Аймақтарға ғылыми нәтижелерді таратудың ұлттық жүйесін құру жоспарлануда. Биыл біздің орталық осы конкурсты жеңіп алды. ҒЗИ, АШТС және ТӨШ-ті қосу жолымен ірі аграрлық зерттеу университеттерін дамыту көзделуде. Шетелдік жетекші университеттермен серіктестік жасау арқылы халықаралық оқыту және практикалық бағдарламалар енгізілмек. Одан да басқа көптеген жоспарлар бар. Сондықтан да осы уақытқа дейін атқарылып келе жатқан кешенді шаралар тізбегін үзбеу керек. Шындығына келгенде, АҚШ, Түркия, Ресей және тағы да басқа елдердің барлығында агроғылым ауыл шаруашылығы ведомствосына қарайды.
– Тұқым шаруашылығын жекеменшікке беру керек деген де пікір бар. Оған не айтасыз?
– Бұл тұрғыда да бірден айтарым, агроғылымды жекеменшікке беруге болмайды. Ол мемлекеттің жауапкершілігінде қала беруі тиіс. Өйткені белгілі бір ғылыми нәтижеге жету үшін уақыт керек. Мәселен, бір тұқымды сұрыптап шыққанға 10 жыл жұмсайтын жағдайлар көп. Ал бизнестің тез табыс табуды көздейтіні анық. Сондықтан да олар мұнша уақыт шыдап отыра алмай, қолда бар тұқым қорын шикізат ретінде саудаға өткізіп жіберуі мүмкін.
Бір тұқым пробиркадан сұрыпталып шыққаннан кейін 8 жылға дейін пайдалануға жарамды болып тұрады. Одан соң сапасы әлсіреп жойылып кетеді. Онда да қалай сақталуына байланысты. Дұрыс сақталмаса, үш жылда жойылып кетуі мүмкін. Дегенмен бірнеше тонна тұқымыңыз болса, оны арзан алып қалған болсаңыз әрі дұрыс сақтасаңыз, жеті жыл қатарынан еге аласыз. Бірақ өкінішке қарай, бізде шаруалар тұқымды сақтай алмайды. Олар егер тұқымдыққа деп алып қалған бөлігі нашар болса, оны күзде сатып жіберіп, құтылуға тырысады. Өйткені нашар тұқым қыста шыдамайды.
Үсіп кетеді, не шіріп кетеді. Осыдан келіп күзде арзан болған, мәселен, картоп, көктемде он есе шарықтап шыға келеді. Оның үстіне, біздің фермерлер көбінесе сапасына емес, көлемімен алғысы келеді. Өйткені дәмді, құнарлы өнім сатқаннан гөрі, оларға нашар сортты, дәмсіз, құнарсыз болса да көп етіп өсіріп, сатып пайда тапқан тиімді.
– Ал жалпы елімізде қазір тұқым шаруашылығындағы ахуал қандай?
– Тұқымдарды сұрыптаудың мол өнім алуға қосатын үлесі 30-70 пайызға дейін жететіні – соңғы жарты ғасырда ғылыми тұрғыда сан мәрте дәлелденген жайт. Ал бүгінгі таңда климаттың өзгеріп бара жатқанын ескерсек, ғылыми селекцияның маңызы арта түскені анық. Тіпті, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мен ауыл шаруашылығын дамытудың белгілі бір елеулі деңгейде шешім табуы тұқым шаруашылығы мен селекцияға, технологиялар мен жер өңдеуге байланысты екені жасарын емес. Бүгінде Қазақстанда ауыл шаурашылығы өнімдерін егетін 23 миллион гектар егістік жер бар. Олардың былтыр 15,8 миллионына дәнді дақыл, 3 миллионына майлы дақылдар, 3,4 миллионына жемдік шөп, 125 мыңына қант қызылшасы, мақта сынды техникалық өнімдер, 164 мыңына ашық топыраққа егілетін көкөніс, 198 мыңына картоп және тағы да басқалар егілген.
Еліміздің селекция жүргізу ісіндегі жетістіктері туралы айтқанда, бұл тізілімде жалпы алғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің 2 728 сорты тіркелген. Олардың ішінде 839 сұрып отандық, 1 830 сұрып шетелдік және 59 сұрып шетелдіктермен бірлесе отырып шығарылған селекция. Біздің орталықтың еншілес ұйымдары осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 550-ден астам таза сорты мен будандарын жасап шығарды. Олардың ішінде 162 сұрып пен 155 гибридке елімізде және шетелдерде егін өндірісіне шығаруға рұқсат берілген.
– Әңгімеңізге рақмет!