Қоғамдық кеңесте шешімін тапты
Қоғамдық кеңесте шешімін тапты
310
оқылды
«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Білім беру және Денсаулық сақтау» мәселелері жөніндегі аймақтық Қоғамдық кеңесі өңірдегі көптеген өзекті мәселенің оң шешімін табуына септігін тигізіп жүр. Жыл басынан бері қоғамдық кеңес өткізген отырыстар мен медициналық нысандардағы және білім беру ұйымдарындағы көшпелі жиын және азаматтарды қабылдау барысында көтерілген мәселелердің барлығы да өзек­ті. Әсіресе, Шымкент қаласындағы медицина саласы бойынша қо­ғам­да үлкен пікір туғызған үш мәселе де осынау қоғамдық кеңестің араласуымен реттелді. Білім беру ұйымдарында бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту, медицина саласы қызметкерлері арасында дауға айналған міндетті әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесінің жұмысы және инклюзивті білім беру бойынша жұмыстар да қоғамдық кеңестің басты назарында тұр. Мәселен, жыл басында Қызылжар емханасының ұжымы келеңсіз әрекеттер үшін наразылыққа шыққан. Онда 2021 жылдың қыркүйегінде №9 емхананың мамандары Medical Center SHUBARSU ЖШС-нің Қызылжар емханасына ауыс­тырылған екен. Оларға былтыр қыркүйек айында ӘМСҚ (ФОМС) тарапынан ең­бек­ақы кешіктірілген. Ал үстемақы мүлдем төленбепті. Одан бөлек, учаске аралағаны үшін жол ақылары да төленбеген, сонымен қатар ұжымда дәрігерлер мен медбикелер жетіспегендіктен белгіленген уақыттан артық жұмыс істеу деректері де жиі кездеседі. Ашынған ұжым қызметкерлері жанайқайын бұқаралық ақпарат құрал өкілдері арқылы жеткізбек болады. Ал, партия филиалының «Білім беру және Денсаулық сақтау» мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесі мұны тез арада тікелей бақылауға алып, ұжымдағы жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы келісімшартты кәсіподақ арқылы қайта қарап, Қоғамдық кеңес­тің арқасында оң шешімін тапты. Сонымен қатар 60 мыңнан аса тұрғын есепте тұратын №2 қалалық емхананың кіреберіс қақпасы тарс жабылып, емханаға келген емделушілерді кіргізбей, қала тұрғындарын таңғы суықта әбігерге салған. Себебі ғимаратты жалға беруші заңды тұлға ғимаратты босату жөнінде талап қояды. Ал, емхана дәрігерлері басқа ғимаратқа көшуге үзілді-кесілді қарсылық танытады. Себебі, айналдырған 1-2 жылда бірнеше рет көшіп-қонған емхана қызметкерлері осында әбден орныққанын, науқастар үшін де бұл жер қолайлы екенін айтады. Түптеп келгенде, емхана көшетін орын да белгісіз. Ал ғимараттың иесі жалға алу құнын ұзақ мерзім төлемегеннен кейін емханамен келісімшартты үзбек болады. Ұжым осынау жанайқайын бірнеше мәрте жергілікті билікке хатпен шығып білдірсе де, тырп еткен пенде болмайды. №2 қалалық емханада болған жағдайды «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының «Білім беру және Денсаулық сақтау» мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңесі тікелей бақылауына алды. «Қоғамдық кеңестің жеке қабылдауы барысында 4 азаматтың мәселесі шешілді. Олардың басым бөлігі – науқастардың сыр­қаттары бойынша ауруханаға жата алмай, тиісті емін ала алмай жүргендер. Біз бас дәрігерлерге хабарласып, жедел түрде нау­қасқа портал дайындап, ауруханаға жатуына септігімізді тигіздік», – дейді «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Білім беру және Денсаулық сақтау» мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Есенбек Серкебаев. Жуырда Шымкент қаласы денсаулық сақтау, білім басқармасы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының Шымкенттегі басшыларының қатысуымен қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Онда білім саласындағы жол картасының орындалуы мен медициа мекемелерінің міндетті әлеуметтiк медициналык сақтандыру қорынан төленіп жатқан қаржысы төңірегінде тартысты жиын болды. Әлеуметтiк медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалы басшысының есебі кеңес мүшелері мен денсаулық сақтау ұйым­дарының бірінші басшыларының қызу талқысына түсіп, осы сала бойынша өзекті мәселелер көтерілді. Айта кетейік, таяуда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет Басшысы: «Міндетті әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады. Нақты нәтиже жоқ! Үкімет шұғыл шараларды қабылдап, медициналық сақтандыру жүйе­сін жетілдіру қажет», – деген болатын. Айтса, айтқандай, қоғамдық кеңес өткізген жиында сөз алған медициналық мекеме басшылары қордың қаржысы тиімді жұмсалмай жатқанын айтып, ренішін білдірді. Кеңес төрағасы Есенбек Салдарбекұлы бұл мәселелер Қоғамдық кеңестің жіті бақылауында болатынын, енді мұны Республика деңгейінде көтеретінін де атап өтті.