Сезімтал жанның сыры
Сезімтал жанның сыры
732
оқылды
28 шілдеде Денис Теннің сценарийіне түсірілген «Соқыр махаббат» фильмі прокатқа шықты. Оқиға желісі Лос-Анджелесте өрбиді. Қос ғашықтың махаббат хикаясын, сезім үшін күресін баяндайтын фильм. Зағип жігіт пен есту қабілетінен айырылған бойжеткеннің желіде басталған таныстығының соңы ұлы сезімге ұласқанына сендіре алған туынды. Денистің өзі «Бұл – екі жастың қарапайым махаббаты туралы фильм. Бірі – зағип, бірі – есту қабілетінен айы­рыл­ған. Екеуі заманауи тех­нологияның көмегімен таны­сып-білісіп жүреді. Күн өте қарапайым таныстықтың се­зім­ге ұласып бара жатқанын бай­қаған екі жастың көңілі толқи бастайды. Өйткені бір-бірінен жасырған құпиясы бар. Бұл махаббаттың баянды болуына кедергі болар ма екен?» дейтіні бар. Кино әлеміне енді қадам басқан жас дебютант ол уа­қыт­та фильмнің бар құпиясын жайып салмайын десе керек, шынайы махаббаттың қалай­да баянды боларын, туынды тәтті сезіммен аяқталатынын «жасырып» қалған еді. Кейін білдік, махаббат – көруді, естуді талап етпейтін, тек сүюді, сезінуді сұрайтын сезім екен. Кино кейіпкерлерінің кемтарлығы олардың тәтті махаб­батына кедергі болған жоқ, тағдырдың өзі екі жасты та­быс­тырады. Сол есімді жігіт – музы­кант. Ол жертөледе ән айтады, одан босаған уақытында әуен жаза­ды, ақындығы да бар. Ал Луна есімді бойжеткен – суретші. Жұмыс бабымен кездесуге асы­ғып бара жатқан Луна метроны бетке алған жолда Солдың ән айтып отырғанын көреді. Біраз уақыт оған қарап тұрып, әлеу­меттік желідегі парақшасына «Мына әуенді естіп тұрған­даймын» деген сториз салады. Бұл кездейсоқ кездесу емес еді. Луна метроға жүгіремін деп телефонын түсіріп алуы, оны бейтаныс ағаның Солға табыстауы – тағдырдың екі жасты табыс­тыруға деген ұмтылысы еді. Сол Лунаның телефонын курь­ер арқылы үйіне жолдай­ды. Жеткізу қора­бының сыртында Сол­дың телефон номері жазыл­ғанын көріп, Луна алғысын білдіру үшін оған жазады. Таныстық осы­лай басталады. Екі жас сезім туралы түн ұзақ­қа сырласады. Бірде Лунаның «не істеп жатырсың?» деген сұрағына Сол: «Түннің дауы­сын тың­дап» деп жауап береді және ол қандай болатынын өлеңмен жазып жібереді. Луна өлеңді оқыған соң, оның өз қиялын­дағы интер­пре­тация­сын сурет қылып салады да, Солға жол­дай­ды. Ал Сол телефондағы Siri-дің көмегі­мен суретті тануға тырысады. Екеуінің қарапайым таныс­тығы сезімге ұласады. Луна бірінші болып ақ қағазға сезі­мін жазып, оны суретке түсі­ріп, «Қолмен жазылған хат сезімді жақсы сөйлететіндей» деп түсін­дірмесін қыстырып, Солға жолдайды. Siri робот болған соң, бұл хатты Солға оқып бере алмайды. Ол өз сезімін білдіру үшін Лунаға арнап, ән жазып, онысын видеоға түсіріп жібереді. Ал Луна тек алты ішегі дірілдеп тұрған гитара­ның бейнесін көреді, ал ән мен әуенді еститін мүмкін­дігі жоқ. Сол суретті көре ал­ма­ғанын, ал Луна сезім бал­ладасын тың­дай алмағанын бір-біріне айта алмайды. Екеуінде де бір сезім мен бір қорқыныш бар еді. Ол – кемтарлығын айтып, көңілін суытып алу. Осы сәтте тағдыр тағы бір тосынсый ұсынады. Сол Луна­ға арнаған әнін кон­цертте орындайтын болып, сол жерге сүйіктісін шақы­рады. Луна ол жерге барса, өзінің құпиясы ашылатынына уайымдап, ойланып көретінін айтады. Алайда көңілін ала­бұртқан сезім, Солды көруге де­ген ынтықтығы маза бер­мей, Луна концертке асығады. Жолда ойға батып, бағдар­шамның қызыл жарығын көрмей, жолақтан өте берген­де көлік қағып кетеді. Луна­ның телефонын тауып алған полицей Солға хабар береді. Хабарды ала сала Сол ауру­ханаға асығады. Луна жарақат алғаны болмаса, дін аман екен. Екеуі ауруханада кез­десіп, бір-біріне бар құпиясын һәм қорқыныштарын айтады. Фильм кейіпкерлердің тәтті сезімі­мен аяқталады. Сол сүйік­тісіне арнаған әнін ауру­хана­­ның палатасында орын­дап береді, ал Луна оның күре­тамырына нәзік саусақ­тарын тигізіп, әнін тыңдайды. Осы жолы «бұл – әннен биік туынды» деген баға береді. Денис 2018 жылы бұл сценарийді режиссер Тимур Бекмамбетовтың кино­ком­паниясы ұсынған Screenlife Contest конкурсына қаты­су үшін жазған. Ол ешкімге айтпай байқауға өтінім жібе­ріп, жеңімпаз атанған. «Дениске осы питчингке қатысу туралы ұсыныс айт­қанымда, ол ойланып көре­тінін айтты. Кейін ешкімге айтпай байқауға өтінім жібе­ріп, Мәскеуде өткен халық­аралық конкурста жеңімпаз болды. Ол байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 250 өтінім түскен. Денистің сценарийі үздік шыққанын білген соң, бірден Лос-Анджелеске барып, түсірілім бастауды жоспарлап жүрген едік. Бір айдан кейін қас-қағым сәтте Денис бақұл болды. Кейін Денистің анасымен ақыл­дасып, бұл сценарий бойынша фильм түсіруді қолға алдық, ештеңе өзгерткен жоқпыз», – дейді Денистің досы, ат­қару­шы продюсер Игорь Цай. Түсірілім 2019 жылы бас­талып, үш айға созылған. Фи­льмді корей режиссері, Венециан фестивалінің жеңімпазы Чак Че түсірді. Туындыда ірі план жоқ. Барлық кадрды телефонның алдыңғы камерасы арқылы бақылайсың, яғни теле­фон­ның ішінде отырғандай сезім қалдырады, әйтсе де жалық­тырмайды. Продюсерлері – Тимур Бекмамбетов пен Денистің анасы Оксана Тен. Пост-продакшн жұмысы Алматыда жүзеге асқан, оған SXSW фестивалінің «Үздік монтаж» премиясын жеңіп алған Роберт Кун жетекшілік етіп, отандық дизайнерлер мен аниматорлар жұмыл­дырыл­­ған. Фильмде Денистің өзі жазған әуендер орындалды. Фильм 28 шілдеден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қала­ларының Chaplin кино­театрларынан көрсетілуде. Күзде Оңтүстік Кореяда про­катқа шығады. Денис бозбала кезінде берген бір сұхбатында: «Олим­пиада чемпионы болу­ды армандаймын. Бұл мақса­тыма қол жеткізген соң Гол­ли­вудта танымал режиссер немесе актер болғым келеді» дейтіні бар. Фильм біткен бойда оның осы сөзі ойыма оралды. Көзі тірі болғанда, бұл белесті де сөзсіз бағын­дырар еді. Фильмнің трейлерін көргеннен-ақ, сондай нәзік сезімге куәлік ететініңді түсін­гендей боласың. Ал өзін көрген соң, махаббат хикая­сына жаңа бояу бере алған, ерекше жандардың жан тебіренісін сөйлете білген, екі бөлек адамға ортақ әлем сыйлаған сезімтал Денистің жүрек сырымен тілдескен­дейсің...

Айдана НҰРМҰХАН